Пана

Oinet.kz 11-11-2019 1029

қымбатты.jpg

Сенбі, 15 қаңтар 1944 жыл.

Қымбатты менің Киттиім!

Біздің ұрыс пен тайталастың бәрін саған егжей-тегжейлі қайталай берудің мәні жоқ. Ортақ азық-түліктің кейбірін жеке-жеке бөліп тастадық, мысалы ет пен майды, әркім өзіне ғана картоп қуырып жеп жүр. Ас мәзіріне ақырындап бір тілім қара нан қостық. Себебі, сағат төрт болса бітті, қарнымыз ашып, ішегіміз шұрылдап кетеді. Басқа қылар дәрмен жоқ.

Анамның туған күні сәт сайын жақындап келеді. Кюглер оған қосымша қант берді. Мұнысын Ван Даандар қатты қызғанып қалды. Себебі, мефрау Ван Даанның туған күнінде мұндай сый болмаған. Бірақ мұндағы қызғаныш, реніш, көз жастың, жанға батар сөздің бәрін тізбелеп, сенің миыңды ашытпайын. Бар айтарым, олар біздің жынымызға тиіп болды.

Шешем туған күніне екі апта менеер Ван Даанның түрін көрмесем екен деген тілек айтты. Әзірше мұнысы мүмкін емес боп тұр. Бірге тұрған адамдардың барлығы ақыр аяғында осылай ұрсысып тына ма екен, қызық? Әлде біздің жолымыз болмай қалды ма? Дюссел дастархан басында отырып жарты кесе тұздықтан төртінші қасығын өзіне құйып алып, өзгемізді мүлде тұздықсыз қалдырған кезде менің асқа тәбетім шаппай қалады. Орнымнан атып тұрып, оны желкелеп есіктен шығарып жібергім келеді. Адамның бәрі шынымен осындай ма? Ол барып тұрған дым көрмеген сараң! Мұнда жүріп адам болмысын біршама танып қалғаным жаман болмады, дегенмен маған осы да жеткілікті сияқты. Петер де солай айтады.

Бірақ соғыс біздің ұрыс-керісімізге қарар емес. Сол секілді махаббат, таза ауа, еркіндігімізге де түкіргені бар. Сондықтан мұндағы өмірімізді жақсартуға ниет қылғаннан басқа қолдан келер шара жоқ.

Әрине, уағыз айту оңай, бірақ мен бұл жерде ұзаққа қалсам, кепкен қурайдай боп қалатын секілдімін. Ал мен есі дұрыс жасөспірім болғым келеді.

Анна Франк (үзінді)

Аударған Шынар Әбілдә

Әйелдің екі түрлі қуаты
Аль Пачино: «Өмірден түңілген кезде оқы»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу