Махаббат еркіндіктен тұрады

Oinet.kz 12-11-2019 1275

еркін махаббат.jpg

Менің түсінігімде екі адам арасында махаббат олардың әрқайсысы рухани жетіліп, жеке тұлға болып қалыптасқан сәтте ғана барып туындауы мүмкін. Сол кезде ғана махаббат терең, сұлу болмақ. Сонда ғана олардың қарым-қатынасы еркін кеңістікте қалыптасады. Сезім бар жерде кез келген қысым қарсылық туғызады.

Махаббат – еркіндік, бірақ ол ешбір міндетті мойындамайтын еркіндік емес. Махаббат – бұл міндет, өз қалауыңмен орындайтын және сүйіктіңнің таңдау еркіндігіне қол сұқпайтын. Әр адам өз сезімінің ет жақынына қылбұрау болғанын қаламайды деп ойлаймын. Сүйіктіңнің алдындағы міндетіңді орындап, бірақ оған еркін тыныстауға мүмкіндік қалдыру керек.

Сүю дегеніміз керек кезде үнемі қасынан табылу, екі адамға бір кеңістік тар бола бастаған сәтте аз-кем артқа шегіну. Бірде данагөй қариямен әңгімелесіп қалдық. Сол кісінің айтқаны көңілден шықты. «Егер әйелім шаршадым, саяжайда жалғыз қалғым келеді десе, мен керекті азық-түлігін табалдырыққа қойып, оны жайына қалдырамын» деп еді.

Махаббат деген жауапкершілік. Оны әр адам өз еркімен мойнына жүктейді. Сүю деген қарыз болу деген сөз. «Мен ешкімге ештеңе берешек емеспін деу» махаббатқа тән емес. Ол саған ештеңе берешек емес. Мүлде ештеңе. Ал, сен сүйсең – қарызсың. Қамқор болуға, адал болуға, сүйгеніңе қызмет етуге міндеттісің. Бұл еркіндіктен тұратын махаббат хақында айтылатын сөз.

Махаббат деген қауіпсіздік. Сүю деген жаныңдағы адам өте шынайы дегенді білдіреді. Ол әлсіз болуға, күмәндануға, сұлу болмауға, арасында сырқаттануға, қателік жасауға қақылы. Ұрыс, керіс, дауласу, кері тарту, жігерсіздік, шешім қабылдай алмау – қасыңдағы адамға деген сезімді өшіруге себеп бола алмайды. Егер жүректегі сезім Алланың сыйы болса, ол адамды жан жүрегіңмен, ештеңе талап етпестен сүйген болсаң, қалайша одан бас тартпақсың? Ол жасаған әрекеттерді емес, сол адамның өзін дұрыс бағалаңыз. Жақсы көріңіз. Қуанышта да, қайғыда да, кез келген сәтте ашық әңгімеге дайын болу керек, әрдайым байланыс аясында болуға тырысыңыз. Ешқашан сатып кетпейтініңізге ол сенімді болсын.

Балалар үшін отбасы ең қауіпсіз жер екенін білу - өте маңызды. Қарт ата-анаға балаларының жақсы көргені - маңызды. Ақырғы сәтке дейін оның көңілін аулайтын баласы барын сезу - бақыт сыйлайды. Жұмыстағы жетістіктеріне қарамастан әйелі өзін сүйетінін білу - азаматқа өте маңызды. Он жылдан кейін де, жиырма жылдан кейін де қалай өзгеретініне қарамастан күйеуі тек оны сүйіп өтетінін білу - әйел үшін аса маңызды. Мұның барлығы жәй сөз беру, ант-су ішу емес. Сөзбен айтып жеткізуге келмейтін тереңдік, шынайылық. Ол туралы көп сөйлеп керек емес. Тек өмірді жаныңдағы сүйіктің өзін қауіпсіз сезінетіндей ете білу маңызды. Шынайы махаббат деп сол сезімді айтады.

Махаббат деген жетілу, есею. Сүю дегеніміз қарым-қатынастың ұрыссыз болмайтынын түсіну, сезім пісіп-жетілгенше уақыт керектігін ұғыну. Махаббат деген үздіксіз мереке ғана емес. Махаббат деген өзіңнің меніңді жетілдіру, рухани өсу, өзіңді тәрбиелей білу. Махаббат деген өлім мен өмір күресі, жақындарыңнан айырылу, жаңа нәрестемен қатар толтыру. Махаббат деген ең осал тұстарыңды жайып салу. Махаббат деген шынайы болудан қорықпау. Махаббат деген беймәлім қашықтыққа шыға білу батылдығы.

Сүю, сүймеу – әр адамның жеке таңдауы. Оны өзгеге зорлықпен мәжбүрлеуге болмайды. Сезімнің сұлулығы өзгеге жүрегіңді ұсынып, ол үшін қарымта сұрамауға саяды. Сенің сезіміңді қабылдаған адамға барынша риясыз алғыс айта білу. Шын сүйе білген адам бақытты болуға мәжбүр болмақ. Өмірде бір рет болса да шын сүюді бастан кешу маңызды емес. Ең бастысы сол сезім дір еткізіп оятқан жүрегіңдегі тазалықты сақтап қала алдың ба? Сол сезімнің тереңдігіне бойлай алатындай есейдің бе?

Махаббат деген жарық күн. Махаббат деген жүректің ағаруы. Махаббат деген сіз әлемге сыйлай алатын жалғыз байлық. Сүйе біліңіз...

Ирина Фомина

Аударған Шынар Әбілдә

Махаббатты талап етпейді
Реніш деген не?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу