Көршіміз маскүнем болып көшеде жүр

Oinet.kz 11-12-2019 1708

Біздің Әбдірахман деген көршіміз бар болатын. Өте қарапайым, адал, еңбекқор. Құдай қосқан жары да сүйкімді, мейірімді еді. Екеуінің бір-біріне дауыс көтеріп, ұрыс-жанжал шығарғандарын ешқашан көрмегенбіз. Ата-анам оларды жиі шәйға шақырып, жас отбасы болғандықтан аздап азық-түлік беретін. Отбасы құрғандарына екі жылдың көлемі болған, бірақ бала-шағасы болмады. Неге екенін қайдам қарындасымды ертіп алып сол үйге баруға құмар едім. Әбдірахман аға бізбен балаша ойнап, бар тәттісін аузымызға салатын. Бір күні кешкісін көршіміз үйге сүйіншілеп, жүгіріп келді. «Рабиға апай, Перизаттың аяғы ауыр, енді біздің сәбиіміз болады» деп жадырап тұр. Үй ішімізбен қуандық. Әбдірахман аға перзентінің дүниеге келуін асыға күтіп, жарын алақанына салып жүрді. Бірақ біз оның бақытты болғанын көре алмадық. Себебі аяулы жары мен іштегі сәбиі жол апатынан қаза тапты. Көршімізге бұл қайғылы жағдай жанына қатты батты. 

Screenshot_9.jpg

Ешкімді керек етпей, өмірден біржолата түңілді. Әйелінің қырқы өте салып, біздің ауылдан көшіп кеткен болатын. Сол кеткеннен одан хабар болмады. Қайда, не істеп жүргенінен бәріміз бейхабар едік. Арада төрт  жыл өткен соң Қызылордаға жұмыстарыммен келгенмін. Көшенің қақ ортасында теңселіп отырған маскүнем көзіме оттай басылмасы бар ма? Бұрынғы жайдарлы жүзін қайғы-мұң басса да баяғы Әбдірахман ағаны бірден таныдым. Мұндай күйін көргенде бір жағынан жаным ашыса, бір жағынан ызаландым. Жанына барып, орыннан тұрғызуға тырысып едім, мені танымады.  Шайтан суға лықсиып тойып алыпты. Бір кездегі жанына түскен жарасын әлі күнге дейін ұмыта алмай, ішкілікке салынып кеткені көрініп тұр. Оны қаладан  анда-санда көріп тұрамын. Бәлкім күндердің-күнінде есін жиып, қалыпты өмірге қайта оралар. Өйткені ол да бақытты болуға лайықты жан.

Жансерік Тоқсанбаев, 

Қызылорда қаласының тұрғыны

Қызымды «бомж» құтқарып қалды
«Ақ маржан» – күріштің әнұраны емес
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу