«Ақ маржан» – күріштің әнұраны емес

Oinet.kz 22-05-2014 1205

Біз қоғамдық өмірдің қай саласында болсын, өзіміздегі барды бағалауға келгенде кежегеміздің кері тартып тұратыны бар. Бұл әдетіміз мәдениет мәселесіне келгенде, тіпті үдей түсетіндей. 

Screenshot_24.jpg

Байқағаным: заманауи ән өнеріндег барынша қазақы бағытта еңбек етіп жүрген Заттыбек Көпбосынұлы, Қайрат Нұртас, Еркін Нұржанов және тағы басқа әншілер туралы әңгіме бола қалғанда, біздің «Жадаукөктен» гөрі «Жамайканы» биік қойғыш білгірлеріміз, өздерін әлем музыкасының төбесінен қарап төрелік айта алар ақылман санайтын сарапшыларымыз миығынан күле бастайды. «Тым қазақбай» («қазақы», «ұлттық» демейді, менменси, кекете «қазақбай» дейді), «онша «стильный» емес», «аса бір алып бара жатқан «шик» жоқ» дей ме, әйтеуір төменсітіп бағады. Олар үшін «стиль», «шик» дегендер – Батыс қалай айтса, солай шырқау болса керек. Басқаша айтқандарды, сөзі ғана емес, даусы да, орындау мәнері де нағыз қазақша болып тұрғандарды үнемі әйтеуір тұқыртып отыруға тырысады.

Жақында әлеуметтік желі қолданушыларының арасында осы тақырыпқа байланысты аз-кем дау туындап қалды. Кейбірі «Заттыбек тойдың ғана әншісі ғой, оның әндері тек сондай көңілді, қуанышты, шаттықты ғана арқау етеді» деп әжептәуір әбіржіді. Расымен-ақ солай ма? Шын мәнінде, егер аталған әнші-композитордың шығармашылығымен жете таныс адам болсаңыз, Заттыбек әндерінің бәрінің тойға ғана арналмағанын, оның репертуарында ойлы һәм мұңды шығармалардың да жеткілікті екенін аңғарған болар едіңіз. Домбырамен орындайтын термелері де аз емес. Тіпті әу баста ол Оңтүстікте термеші ретінде танылған. Бірақ, байқасаңыз, көпшілік бәрібір оның ырғақты әндерін жақсы көреді. Сондықтан да, елдің бәрі оны тойға шақырғыш. Ал тойда қайсыңыз терме немесе баяу ән тыңдап отырғыңыз келеді? Керісінше, селкілдеп билеуге дайын тұрмайсыз ба? Ал сол талабымызды орындап, соның үдесінен шығып жатқаны үшін Заттыбекті «тым тойшыл», «барлық әні тойға арналған», «аса байыпты композитор дей алмаймын» және т.б. деп сөз қылу орынды ма? Әрі-беріден соң тойда қазақты қазақ әнімен билетіп жатқандар – осы Заттыбек, Еркін, Қайраттар. Олар болмаса, кім біледі, әлі күнге Таркан мен Шахзодаға билеп жүрер ме едік... 

Рас, Заттыбектің кей әндерінің өңдеуінде де, өн бойында да шығыстық нақыш кездеседі. Бұл түсінікті де. Өзі Оңтүстіктен шыққан өнерпаз, шығыс сазының азды-көпті әсері болуы да мүмкін. Бірақ бұл соншалық үлкен кемшілік пе? Қазақ – Шығыс әлемінен (араб, парсы, түркі) мүлде алыс, тіптен бөтен жұрт па? Діндес, ділдес бұл жұрттармен мәдени-рухани байланыстардың тарихы тым тереңде жатқанын бәріміз де білеміз ғой. Бұл соның әсері шығар? Әуен-сазы батыстық сарындардан аумайтын, сөзінің қазақша екеніне қарап қана «қазақ әні-мыс» болып жүрген қазіргі талай әнсымақтардың жанында шығыс стилі деген бізге анағұрлым жақын емес пе? Осы орыстың, Еуропаның бағытында ән шығарып-ақ атақты болып жүрген Бейбіт Оралұлы, Ринат Гайсин, Сейфуллин Жолбарыс, тағы басқаларға неге «тым батысшыл болып кеттіңдер?» деп өкпелемейміз? Неге Заттыбектің бағытындағы аз-кем шығыс стилін көре қаламыз? Шынына келгенде Заттыбекте ондай әндер аса көп те емес қой!

Осыдан бірнеше ай бұрын «31-арнада» көрсетілген «Айтылмаған әңгіме» хабарында «МузАрт» ансамблі Мақпал Жүнісоваға арнап «Әдемі» деген ән орындады. Сөзі – қазақша, бірақ әуені – өзбек пе, тәжік пе, иран ба, араб па, бірдеме. Әйтеуір қазақы емес! Бұл туралы неге айтпаймыз? Ол аз болса, Арман Дүйсенов, Марат Омаров, Нұрлан Еспанов, т.б. композиторлардың біраз әндерінен де шығыстық стиль ұрып тұрады. Неге соларды байқамаймыз, сөз етпейміз? Қызық...

Бастысы – Заттыбекте де, жоғарыда аталған Еркін Нұржанов, Қайрат Нұртас, бұлардан бөлек Қарақат Әбілдина, Жанболат пен Жазира, «Жігіттер», «МузАрт», Ғани Мәтебаев және тағы басқа орындаушыларда да қазақы сарындағы әндер басым. Оларды көпшіліктің жақсы көріп тыңдауы да осыған байланысты болса керек. Орысша шырқайтындар, сөзі қазақша болғанымен, әуені батыстық бақырауық әншілер – ауқымы онсыз да бірте-бірте тарылып бара жатқан сол орыстілді ортаның өзінде ғана қалып барады. Қазақ әндерін қалайтын ортаның үлес салмағы арта түсті. Жаңағы жас таланттарды қоғамымыздағы сол қажеттілік тудырып отыр.

Бір өкініштісі, жеңіл мәтінге әуес талғамсыз әншілер жас тыңдарманның талғамын бұзып бітетін болды. Тіпті әлгі Заттыбектің танымал «Ақ маржан» әнінің мазмұнын түсінбейтіндер шықты. Өткенде фейсбук лентасында бұл кәдімгідей әңгіме болды. Біреу «Маржан атты қызға арналған ән екен» деп соқты. «Қызылордалық «Ақмаржан» күрішінің гимні шығар?» деп біреудің табан астынан тапқырлығы ұстай қалды. «Тойға арналған ән ғой, билеп жүріп сөзіне мән бермеппін...» деп туындының мазмұнына бойлауға қолы тимейтіндер де кездесті. 

Амалсыздан, жас балаша әліппе үйреткендей, ежіктеп түсіндіруге тура келді. «Сенің сырлы сәтіңді аңсадым ғой, Тағынғанда ақмаржан дала шығын...» деп келетін (авторы – ақын Баян Бекетова) қазақша қайырманы да ұқпайтын ұл-қыздардың шығып жатқаны қандай өкінішті. Өлең жолдарын қарапайым қара сөзге, хабарлы сөйлемге айналдырып, «Дала аппақ маржандай шықты (таңғы, мөлдір) тағынғанда, сенің де сондай сырлы қалпыңды аңсадым» деп тұрған жоқ па ақын? Бұған тойдың, қыздың, күріштің, т.б. қандай қатысы бар? Өздерінің миларын той мен күріш жеп қойған шығар әбден, оған ән де, авторлар да айыпты емес! 

Қазіргі жас тыңдармандардың осындай поэтикалық мәтінді тұтасымен қабылдай алмайтын деңгейге жеткенінен шығар, әйтеуір жиі қайталанып, жатталып қалған бірер сөзге жабысып қалатын болып жүр. Қайтсін, «асықпын», «ғашықпын», «мен барсам, сен жоқсың» деген оңай мәтіндерге үйреніп алған ғой. Өкінішке қарай, радиостансалар мен телеарналардан әлгіндей ұйпа-тұйпа ұйқасы бар мәнсіз мәтінді әндер әлі де беріліп жатады. Әндері әп-әдемі болғанымен, сөздері тым қарабайыр туындыларды орындау әсіресе шамасына қарамай шайыр болғысы келетіндерге, өлеңнің парқын біле бермейтін талғамсыздау жастарға тән...

Демек, біз қазақ әнінің, қазақы әннің қадірін арттырумен қатар, сол әнге жазылар өлеңнің сапасын қадағалауды да ұмытпауымыз керек.

Сәкен СЫБАНБАЙ

Көршіміз маскүнем болып көшеде жүр
Индира Расылхан мен Ерлан Орынбасаров «тест тапсырды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу