Солтүстік Кореяда Оңтүстік Корея контентін көргені үшін өлім жазасы көбейген

Oinet.kz 28-04-2026

COVID-19 пандемиясы кезінде шекаралар жабылғаннан кейін Солтүстік Кореяда түрлі қылмыстар, соның ішінде Оңтүстік Кореяның мәдени контентін көргені үшін орындалған өлім жазалары күрт артқан. Бұл туралы сейсенбі күні жарияланған есепте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі. 

image.png

Сеулде орналасқан «Өтпелі кезең әділдігі жөніндегі жұмыс тобы» (TJWG) үкіметтік емес ұйымы жариялаған баяндамада Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын билікке келген 2011 жылдан 2024 жылға дейінгі 13 жыл ішіндегі өлім жазалары мен үкімдері талданған.

Осы кезеңде расталған 144 өлім жазасының 65-і Солтүстік Корея COVID-19 пандемиясының басында шекарасын жапқаннан кейін тағайындалған.

Зерттеу 265 солтүстіккореялық босқынның куәлігіне және ел ішіндегі дереккөздер арқылы ақпарат тарататын бес БАҚ-тың материалдарына негізделген.

Есепке сәйкес, 2015–2019 жылдары БҰҰ комиссиясының Солтүстік Кореядағы адам құқықтарының бұзылуын тергеуінен кейін халықаралық қауымдастықтың назары күшейіп, өлім жазаларының саны азайған.

Алайда 2020 жылы пандемияға байланысты шекара жабылған соң бұл көрсеткіш қайтадан күрт өскен. Кейінгі бес жылда өлім жазалары мен өлім үкімдерінің саны 116,7 пайызға, ал зардап шеккендер саны 247,7 пайызға артқан.

Әсіресе корей дорамалары, фильмдер, K-pop және діни рәсімдерге қатысты істер бойынша жазалар айтарлықтай көбейген. Есепте Оңтүстік Кореяның мәдени контентіне байланысты өлім жазалары шекара жабылғаннан кейін 250 пайызға өскені көрсетілген.

Баяндамада Пхеньян 2020 және 2023 жылдары тиісті заңдарды қабылдау арқылы мұндай репрессияларға құқықтық негіз қалыптастырғаны атап өтілген.

Сондай-ақ 46 өлім жазасын орындау орны анықталған. Оның бесеуі билеуші Корея Еңбек партиясының штаб-пәтерінен 10 шақырым радиуста орналасқан. Сол жерде Ким Чен Ынның кеңсесі бар деп есептеледі.

– Билік төртінші мұрагерлік билік ауысуына ұмтылып отырғандықтан, мәдени және идеологиялық бақылауды күшейту, саяси үстемдікті сақтау үшін өлім жазаларының саны артуы мүмкін, – делінген баяндамада.

Сөз мәдениеті – жауапкершілік
Шымкентте Экономикалық тергеу департаментінің қызметкері сотталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу