Жаңа технология тұтынушы сенімін нығайта түсті
Жақында «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС басшысы Анарбек Орман 2025 жылы атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында ол мекеменің жеткен жетістіктеріне кеңінен тоқталып, жіберген кемшіліктерді де жасырмады.

Анарбек Орманның айтуынша, ең басты жетістіктің бірі – шетелден әкелінген жаңа технологияның пайдаланыла бастауы. Яғни ағын суларды тазалау, қосымша тазарту және залалсыздандыру саласында заманауи шешімдердің бірі ретінде Ydro Process технологиясы жоғары тиімділігін көрсетіп отыр. Аталған технологияны қолдану нәтижесінде ауыр және органикалық заттардың ыдырауы қамтамасыз етіліп, су сапасы едәуір жақсарады. Белсенді лайдың артық мөлшері жойылып, тазарту процесінің жалпы тиімділігі артады.
– Технологияның маңызды артықшылықтарының бірі – энергия тұтынуды айтарлықтай төмендетуі. Тұнбаны тасымалдау және кәдеге жарату шығындары қысқарып, кей жағдайларда 100 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, тазартылған судың сапасы артады. Ydro Process жағымсыз иістерді жоюға ықпал етіп қана қоймай, тазарту құрылыстарынан шығатын судың негізгі көрсеткіштерін жақсартады. Энергия тұтынудың азаюымен қатар, химиялық реагенттерді қолдану көлемі де біртіндеп қысқарады. Нәтижесінде атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының мөлшері қазіргі деңгеймен салыстырғанда 50 пайызға дейін төмендеді. Технология майлар мен майлы заттарды тиімді түрде жоюға мүмкіндік береді, сондай-ақ тұнба көлемін азайта отырып, биогаз өндіру процесін сақтап қалады. Бұл микроорганизмдер санын 98 пайызға дейін қысқартуға жағдай жасайды, – дейді Анарбек Орман.
Қазіргі таңда Ydro Process технологиясы әлемнің 28-ден астам елінде кеңінен қолданылып келеді. Оның тағы бір маңызды ерекшелігі – құрғатылған тұнбаларды көму үшін ірі аумақты полигондардың қажеттілігін жоюы. Нәтижесінде тұнба көлемі жылына 100 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін қысқарады. Ағын суларды тазалау, қосымша тазарту және залалсыздандыру бағытында экологиялық тиімді әрі инновациялық тәсілдердің бірі ретінде микробалдырларды пайдалану тәжірибесі кеңінен қолданылуда. Бөржар жинақтағышында хлорелла суспензиясын қолдану арқылы ағын суларды тазарту процесі жүзеге асырылуда. Арнайы орналастырылған хлорелла штаммы (7380 литр) өзінің биологиялық белсенділігі нәтижесінде тазартылған суды оттегімен қанықтырып, ондағы қалған органикалық заттарды тотықтыру арқылы қосымша тазартуды қамтамасыз етеді. Бұл әдіс ағын суларды тиімді залалсыздандыруға мүмкіндік береді. Аталған технологияны енгізу нәтижесінде Бөржар жинақтағышындағы су сапасы айтарлықтай жақсарған. Су айдынына 100 мыңнан астам балық жіберіліп, табиғи экожүйе қалыптаса бастаған. Нәтижесінде, жинақтағыш біртіндеп табиғи су қоймасына айналып отыр.
Үнемдеу тұрғыдан алғанда да бұл әдіс тиімділігімен ерекшеленеді. Дәстүрлі ультракүлгін сәулелендіру және кері осмос технологияларын қолдану жылына 929,7 млн теңге талап етсе, хлорелла өнімін пайдалануға кететін шығын бар болғаны 15,4 млн теңгені құрайды. Осылайша, жыл сайынғы үнем көлемі 914,3 млн теңгеге дейін жетеді.
Өңірде экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында «жасыл белдеу» қалыптастыру жұмыстары да қарқын алуда. Биыл тазарту құрылыстары аумағында және оған іргелес жерлерде 20 мың түп жасыл желек отырғызылды. Соңғы үш жыл ішінде егілген көшеттер саны 50 мыңнан асты.
– Өткен жылы мекеменің кірістер бойынша жоспары 17 768,2 млн теңге деңгейінде бекітіліп, нақты орындалуы 18 117,3 млн теңгені құрады. Бұл жоспардың 101,9 пайызға орындалғанын көрсетеді. Көрсеткіштің артуы кәсіпорынның қаржылық түсімдерінің тұрақты қалыптасқанын білдіреді. Шығыстарға келсек, жоспарланған 12 630 млн теңгенің орнына нақты 12 723,4 мың теңге жұмсалып, бұл 100,7 пайызды құрады. Есепті кезең қорытындысы бойынша кәсіпорынның таза пайдасы 5 394,2 млн теңгеге жетті. Аталған қаржы қаражаты толықтай қарыз міндеттемелерін өтеуге және жеке кәсіпкерлік субъектілері алдындағы берешектерді жабуға бағытталған, – деген Анарбек Орман шығындардың нақты қайжа жұмсалғанын түсіндіріп өтті. Атап айтсақ, негізгі қорларды қалпына келтіру, сыйақылар бойынша шығындар және негізгі борышты қайтару, салықтар, ағымдағы пайдалану (эксплуатация), суды тасымалдау/ағынды суларды бұру қызметтері, бақылаушылардың жалақысы, күрделі жөндеу, автокөлік және арнайы техника шығындары, сатып алынатын энергия, басқа да өндірістік шығындар. Яғни мекеме қазір көл-көсір пайда тауып жатқан жоқ. Табыстың едәуір бөлігі мекемені дамытуға жұмсалып жатыр.
Қазіргі уақытта мекеме қызмет көрсету процестерін цифрландыру және тұтынушылармен тиімді кері байланыс орнату бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде. Инновациялық шешімдерді енгізу мекеме жұмысының ашықтығын арттырып, халыққа қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтерді. Мекеме 275 270 жеке тұлғамен және 9615 заңды тұлғамен SMS, WhatsApp және электрондық пошта арқылы тұрақты байланыс орнатқан. Цифрлық трансформацияның маңызды құралына айналған Telegram чат-боты бүгінде 223,5 мың абонентке қызмет көрсетеді. Бұл жүйе келесі функцияларды автоматты түрде орындауға мүмкіндік береді: Су есептегіш құралдарының көрсеткіштерін қабылдау; Төлем құжаттарын электронды форматта ұсыну; Қызметтер үшін онлайн-төлемдерді жүзеге асыру.
Цифрландыру шараларының нәтижесінде «Су ресурстары-Маркетинг» мекемесінің кеңсесіне келетін тұтынушылар саны 70 пайызға азайды. Бұл қызметкерлердің жұмыс жүктемесін оңтайландырып, тұтынушылардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік берді. Бүгінде сумен жабдықтау және су бұру қызметтері үшін жасалатын төлемдердің 95 пайызы отандық банк қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Заманауи технологияларды енгізу коммуналдық саланың дамуына серпін беріп, тұтынушылар мен қызмет көрсетуші арасындағы сенімді нығайта түседі.
"Рейтинг" газеті


