Tashenev University: инновация мен технология тоғысқан орталық

Oinet.kz 29-04-2026

Өткен аптада Ж.А.Тәшенев атындағы университет қабырғасында еліміздің цифрлық білім беру кеңістігі үшін маңызды оқиға болды. Университеттің басқарма төрағасы, ҚР ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы Оңалбай Аяшев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір аясында Tomorrow School жасанды интеллект мектептері желісінің ресми іске қосылуын тамашалады. Аталған шараға Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов те қатысып, өңірлік цифрландыру үдерістерінің өзекті мәселелері талқыланды.

Screenshot_2.jpg

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылы Astana Hub базасында негізі қаланған бұл жоба бүгінде республика бойынша кең ауқымда дамып келеді. Қазіргі таңда Tomorrow School желісі Қазақстанның 14 өңірін қамтып, соның ішінде оңтүстік аймақтағы тірек алаң ретінде дәл осы Tashenev University таңдалып отыр. Бұл – оқу орнының аймақтық деңгейдегі технологиялық көшбасшылық әлеуетін айқындайтын маңызды қадам.

Университет базасында Tomorrow School мектебінің ашылуы – жай ғана жаңа білім беру орталығының іске қосылуы емес, жоғары оқу орнының ірі өңірлік IT-хабқа айналу үдерісінің нақты көрінісі. Жобаны жүзеге асыру барысында университет тарапынан 300 миллион теңгеден астам қаржы толықтай өз қаражаты есебінен инвестицияланды. Оның ішінде 150 миллион теңгеден астамы Tomorrow School қызметін жолға қоюға, ал 100 миллион теңгеден астамы заманауи жасанды интеллект зертханасын құруға бағытталды. Нәтижесінде жалпы аумағы 300 шаршы метрден асатын, халықаралық талаптарға сай келетін цифрлық инфрақұрылым қалыптасты.

Tomorrow School жобасының басты ерекшелігі – оның қолжетімділігі мен тәжірибеге негізделген мазмұны. Мұнда оқу үдерісі тегін жүргізіліп, 18 жастан асқан барлық азаматтарға мүмкіндік қарастырылған. Әсіресе IT саласына енді қадам басқан жастар үшін бұл жоба үлкен мүмкіндік береді. Оқу барысында тыңдаушылар нақты нарық талаптарына негізделген кейстермен жұмыс істеп, нәтижесінде халықаралық деңгейдегі сертификаттарға ие болады. Жобаға деген қызығушылықтың жоғары екені де байқалады: соңғы бір апта ішінде ғана университет студенттері мен оңтүстік өңірдегі жоғары оқу орындарының білім алушыларынан 150-ден астам өтінім түскен.

Университетте құрылған жасанды интеллект зертханасы да ерекше назар аудартады. Мұнда робот-гуманоидтар, дрон-футбол және дрон-логистика жүйелері, дрон симуляторлары, Big Data мен VR-химия бағыттары бойынша кешенді технологиялық орта қалыптастырылған. Бұл инфрақұрылым студенттерге Python, ROS, C++, Machine Learning, Computer Vision, Big Data, робототехника және деректерге негізделген басқару бағыттары бойынша нақты практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.

Жалпы, Tashenev University цифрландыру мен жасанды интеллект бағыттарын стратегиялық басымдық ретінде айқындап отыр. Осыған сәйкес оқу үдерісі, басқару жүйесі және студенттерге ұсынылатын қызметтер кезең-кезеңімен толық цифрлық трансформациядан өтуде. Сонымен қатар білім беру, талдау және әкімшілік үдерістерге жасанды интеллект агенттерін енгізу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Алдағы уақытта университет бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі кеңейтуді көздейді. Атап айтқанда, 2026–2027 оқу жылынан бастап еңбек нарығының сұранысына сай Artificial Intelligence and Data Science, Computer Science, Software Engineering, Artificial Intelligence in Business, Platform Engineering and DevOps, Artificial Intelligence and IT Product Management секілді жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосу жоспарланған. Бұл бағдарламалар жобалық оқытуға, индустриялық серіктестікке, ағылшын тіліндегі модульдерге және заманауи бұлттық инфрақұрылымға негізделеді.

Бұл бастама жаңа буын IT-мамандарын даярлауға жол ашып қана қоймай, елдің технологиялық дамуына тың серпін беретін маңызды қадам екені сөзсіз.

"Рейтинг" газеті

Жаңа технология тұтынушы сенімін нығайта түсті
Соғыс біреуге пайда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу