Қостанай облысында анасын құтқармақ болған жасөспірім өгей әкесінің қолынан қаза тапты
Жітіқара қаласында отбасындағы жанжал қайғылы оқиғаға ұласып, 15 жастағы жасөспірім көз жұмды. Ол анасын өгей әкесінен қорғауға тырысқан сәтте пышақ жарақатын алып, оқиға орнында қайтыс болған, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Оқиға 25 сәуір күні Жітіқарада болған. Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ерлі-зайыптылар арасында туған кикілжің барысында 37 жастағы әйел пышақтан жарақат алған. Осы сәтте әйелдің бұрынғы некеден туған 15 жастағы ұлы анасына араша түсіп, ауыр жарақат алып, сол жерде көз жұмған.
Ведомство дерегіне сай, «адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ретінде әйелдің жұбайы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


