Үздіктердің мерейі үстем болды

Oinet.kz 29-04-2026

Screenshot_5.jpg

Өткен аптада Шымкентте медицина саласының нағыз майталмандары анықталды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен орта буын медицина қызметкерлері арасында өткен «Мамандық бойынша үздік» байқауы кәсіби шеберлік пен жауапкершіліктің жарқын көрінісіне айналды. Бұл – тек сайыс емес, күнделікті адам өмірі үшін күресіп жүрген жандардың еңбегін бағалайтын, тәжірибе мен біліктілікті шыңдайтын маңызды алаң. 

Байқауға шаһардағы 25 медициналық ұйымнан 35 үміткер қатысып, алғашқы кезеңде теориялық білімдерін сынақтан өткізді. Тестілеу нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген 16 маман келесі кезеңге өтіп, үздіктер арасындағы тартыс одан әрі қыза түсті.

Сайыстың әр кезеңі қатысушылардың жан-жақты дайындығын талап етті. Екінші кезеңде «Мамандығым – мақтанышым» тақырыбында өзін-өзі таныстырған мамандар өз кәсібіне деген адалдығын, еңбек жолындағы жетістіктері мен жинақтаған тәжірибесін әсерлі түрде жеткізді. Бұл бөлімде әр қатысушының мамандыққа деген құрметі мен жауапкершілігі айқын көрінді.

Ал үшінші кезеңде үміткерлер жағдаяттық тапсырмалар арқылы өздерінің кәсіби біліктілігін іс жүзінде дәлелдеді. Олар шұғыл жағдайларда дұрыс шешім қабылдау, науқаспен тиімді қарым-қатынас орнату, медициналық көмекті сапалы көрсету сынды маңызды дағдыларын көрсетті. Бұл кезең байқаудың ең тартысты әрі шешуші сәттерінің бірі болды.

Дәстүрлі түрде байқау төрт номинация бойынша өтті: үздік фельдшер, үздік акушер, стационардың үздік мейіргері және алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін үздік патронаж мейіргері. Қазылар алқасы әр қатысушының кәсіби шеберлігіне, теориялық білімі мен тәжірибелік дағдыларына жан-жақты баға берді.

Қорытындысында өз ісінің үздіктері анықталды. «Үздік фельдшер» номинациясы жедел медициналық жәрдем станциясының №1 бекетінің фельдшері Ольга Токумбаеваға бұйырса, «Үздік стационар мейіргері» аталымында №1 қалалық клиникалық аурухананың мейіргері Зарина Ешенкуловаға топ жарды. Ал «Үздік акушер» атағы қалалық перинаталдық орталықтың маманы Қарлығаш  Әбдірамановаға берілсе, «Үздік патронаж мейіргері» номинациясында №2 қалалық аурухананың емханасының аймақтық мейіргері Назира Анварова жеңімпаз атанды.

Жеңімпаздар мен барлық қатысушылар Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының дипломдарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Бұл – олардың күнделікті еңбегіне берілген лайықты баға.

Айта кетейік, қалалық кезеңде үздік деп танылған мамандар алдағы уақытта республикалық «Өз кәсібінің үздігі» байқауында өңір намысын қорғайтын болады. Демек, бұл жеңіс – үлкен дода алдындағы маңызды белес.

МӘМС төлемеген адам медициналық көмексіз қала ма?
Қытайға барушылардың саны күрт артты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу