Болатбек Бөкенов: Шымкенттегі опера театрына Құрманбек Жандарбековтің есімі берілсе...

Oinet.kz 17-12-2014 900

Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы академиялық опера және балет театрының тенор дауысты әншісі, жерлесіміз Болатбек Бөкенов   тамаша әншілік мектебін қалыптастырған, еңбекқорлығы мен ізденгіштігінің арқасында көрерменнің ықыласына бөленген азамат. Әншінің концерттік репертуары бай да байсалды. Б.Бөкенов егемен еліміздің бетке ұстар беделді өнер ұжымдары-Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі, “Отырар сазы” оркестрі, “Сазген сазы” ансамблі, Мемлекеттік симфониялық оркестрі, Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрімен тығыз шығармашылық байланыста жұмыс істеп, қазақтың дәстүрлі әндерін әлемге танытып жүр. 

image.png

Болатбек Бөкенов

Қазақ әншілік өнерінде өзіндік қолтаңбасы, өзіне тән табиғи даусы бар Б.Бөкенов ердің жасы елуге толып отыр. Осыған байланысты ол 30 сәуірде Шымкенттегі опера театрында «Елге сәлем» атты шығармашылық концертін бермек. Біз   К.Байсейітова атындағы Республикалық конкурстың лауреаты, Ашхабад қаласында өткен Н.Халмамедов атындағы аймақтық әншілер конкурсының дипломанты Болатбек Бөкеновпен осы іс-шараның қарсаңында  жолығып, сұхбатасқан едік. 

--Халық әндері жалпы әншілік өнердің биік шыңы. Бұл халықты, әсіресе, жастарды сұлулыққа, зиялылыққа тәрбиелеу үшін қажет. «Елге сәлем» деп аталатын шығармашылық кешімде жерлестеріме осыны сезіндірсем деген мақсат қойып отырмын,--дейді Болатбек Салтайұлы. —Шығармашылық кешім үш бөлімнен тұрады. Кешті қазақтың дәстүрлі әндерін орындаушылардың көшін бастап жүрген, танымал әнші Рамазан Стамғазиев ашады. «Қыз жібек» операсынан үзінділер қоймақпыз. Менің әріптестерім, әлем сахналарында өнер көрсетіп жүрген Талғат Күзембаев, Дәлел Уәшов сияқты әншілер де осы іс-шараға қатысады. 

--Өзіңіз де әлем сахналарында өнер көрсеттіңіз. Жалпы, ауыл сахнасынан басталған шығармашылық жолыңыз қалай өрілді? 

--Төле би ауданының Қаратөбе ауылында дүниеге келдім.  Бесінші сыныптан бастап ән айттым. Сапар Сартаев, Бауыржан Тұрсынбаев сияқты алғашқы ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Шымкенттегі музыка училищесін, бұдан кейін  консерваторияны Ермек Серкебаевтың класында бітірдім. Содан бері Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы опера және балет театрында істеймін. «Сазген сазы» фольклорлық ансамблінің құрамында жүріп, әлемнің көптеген елдерінде болдым. 

--Қазақтың дәстүрлі әндерін шетелдіктер қалай қабылдайды, қандай баға береді? 

--Қазақтың дәстүрлі  әндерінің диапазоны бөлек. Басқаны былай қойғанда қазақ әндері операның отаны саналатын Италияның өзінде жоғары бағаланған. Олар қазақ әндері мен итальян әндерінің бір сарындас, дауыс диапазоны бір дейді. Әсіресе, Абай әндері. Сол итальяның сасхнасында өнер көрсеткенімізде олар ризашылығын білдіріп, мені «Пикколо Паваротти» (мұнысы «кішкентай Паваротти» дегені) деп те атап кетті.  

Жалпы, опера қазақтың табиғатына жақын. Бізден қаншама опера әншілері шықты. Олардың арасында Бельгияның королдік опера театрында, Ресейдің ең беделді деген театрларында жұмыс істеп жүргендері де бар. Классикалық әндерді орындау, оған мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қолдауға келгенде көңіл толатын жұмыстар да көп. Жақында Елордада «Астана-опера» театрында Астананың туған күніне арнап Біржан-Сара операсы қойылмақ. Соған Алматыдан бір топ әнші арнайы бармақпыз. 

--Опера театрының Шымкентте ашылғанына біраз жылдың жүзі болды. Бірқатар дүниелерін жұртшылыққа ұсынып та жатыр. Бірақ «бізде опера театрын игеріп кететін маман жоқ қой, осының қажеті бар ма еді?» деген пікірлерді де естиміз. Мұны қарапайым адамдар емес, театр саласында жүрген мүйізі қарағайдай азаматтардың өздері айтады. Сіздің пікіріңіз?

--Шымкентте опера театры қайта кештеу ашылды. Бұған дейін опера театрлары Астана, Алматыда болды. Қарағандыда  музыкалық комедиялық театр жұмыс істегенімен ол орыс тілді. Сондықтан Шымкентте опера театрының ашылғанына Алматыдағы мамандар қатты қуанды. Театрдың құрамындағы бірнеше  қызметкер кезінде бізде, яғни Алматыда жұмыс  істеген. Әрине, жаңадан отау көтерген театрды қалыптастыру, шығармашылық ұжымды құруда қиындықтар кездеседі. Мықты маман тауып, Шымкентке шақырған соң, оның әлеуметтік мәселесін шешіп беру керек. Жоғары жалақы, тұратын пәтері дегендей. Дегенмен опера театрын ашу туралы бастама көтеріп, оны жүзеге асырғандарға өз басым ризашылығымды білдіремін. Мұндай жағдай Оңтүстіктен өзге қай облыста болып жатыр?!

Оңтүстік топырағынан керемет дауысты әншілер көп шыққан. Оңтүстік-- қазақ операсының негізін қалаған Құрманбек Жандарбековты дүниеге келген өңір. Әлем білетін Нұржамал Үсенбаева, Абай атындағы опера жән балет театрының әншілері Гүлзат Дәуірбаева, қазір Санкт-Петербургтегі опера театрында істейтін Ахмет Агадиді де ерекше айтуға болады. Шымкенттегі опера театрына Құрманбек Жандарбековтың есімі берілсе деген ұсынысымды да осы жерде айта кетсем деймін. Театрдың ұжымына  сәттілік тілеймін! 

--Оңтүстікте опера театрына деген халықтың ықыласы, сұранысы қаншалықты деңгейде деп ойлайсыз? 

--Қазір жұртшылықтың классикадан гөрі  жеңіл әуендерге ден қойып бара жатқаны байқалады. Эстарада әншілерінің де той бизнесіне қарап бүйрегі бұрып тұрады. Бірақ мен сын айтудан аулақпын. «Талғамға талас жоқ» дейді. «Сен неге «Қызылөрікті» немесе «Ақмаржанды» тыңдайсың» деу орынсыз. Дегенмен халықты «Абай», «Қыз Жібек» операсы, классикалық дүниелер арқылы тәрбиелеуге тиіспіз. Классикалық әндер біздің қайнар бұлағымыз. «Опера--өнердің шыңы» деген сөз бар. Талғам-таразысы жоғары азаматтар бұл сөздің шындық екенін біледі деп ойлаймын. 

--Сұхбатыңызға рахмет! «Рейтинг» газетінің оқырмандары атынан мерейтойыңызбен тағы да құттықтай отырып, Сізге шығармашылық табыс тілейміз! 

Мұрағаттан: 25.04.2013

Асанбай Асқаров жайлы не білеміз?
Хемингуэйдің өмірін тозаққа айналдырған кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу