Дос КӨШІМ, саясаткер: Парламентті Құрылтай деп өзгертуге қарсымын

Oinet.kz 31-01-2026 68

11111111.jpg

 Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Давоста АҚШ президенті Трамптың бастамасымен құрылған «Бейбітшілік кеңесі» ұйымының Жарғысына қол қойды. Яғни, Қазақстан осы ұйымға мүше болды деген сөз. Кейбір сарапшылар бұл кеңесті БҰҰ-ға балама болатын, тіпті БҰҰ-ның беделіне нұқсан келтіретін ұйым деп отыр. Осындай ұйым Қазақстанға не береді?

 Меніңше, бұл қазіргі қалыптасқан саяси жағдайға байланысты жасалған қадам. БҰҰ өкінішке қарай, өзінің негізгі міндетін атқара алмайтын құрылымға айналды. Оны осыдан үш жыл бұрын Зелинский жеріне жеткізіп айтты. Әрине, әлі де сол ұйымның ұстанымын бұлжытпай орындап отыруға болады, бірақ Трамптың келуіне байланысты, әлемдік саяси құрылыс келелі өзгеріске түсті. Біз қуатты елдердің әлімжеттік жасау заманына келдік. Біреудің етегінен ұстауымыз керек. Тоқаев АҚШ-ты таңдады... Өз басым, Трамптың бүгінгі бағыты – көпке созылмайтын, уақытша нәтиже беретін және халықаралық бірлесе жұмыс істеуді жоққа шығаратын жол деп білемін. Сөз жоқ, БҰҰ  да өзгеріп, әлемдік деңгейде кез келген саяси дағдарысты тоқтата алатын құрылым болуы қажет. Ресей-Украина соғысында БҰҰ ешқандай саяси шешім таба алмағаны, агрессияны тоқтата алмағаны анық. Бұл агессияның ертең Қазақ еліне де жасалуы ғажап емес. Сондықтан АҚШ-қа жақындау, олардың қасынан табылу – бүгінгі біздің биліктің шешімі деп білемін.

 Жақында Жарылқап Қалыбайдың сізге қатысты айтқан пікірлерін әлеуметтік желіден оқып қалдық. Расында да 2019 жылы Әміржан Қосановты Сіз жетекшілік ететін «Ұлт тағдыры» ұйымы Президент сайлауына ұсынды. Додада 16 пайыз дауыс алды. Сайлау біткен соң оның Тоқаевты жеңісімен құттықтауы көпшіліктің сенімін су сепкендей басты. Сіз қалай ойлайсыз, Қосанов расында да сол жолы сайлаушыларының сеніміне сатқындық жасады ма?

 Жарылғаптың айтқандарын жаңа ғана, сіздерден алдым, таныстым. (Өз басым, әлеуметтік желіге көп қарай бермейтін жанмын). Сондықтан оның айтқан пікірлеріне бірнеше түсініктеме бере кетейін. Иә, мен 1999 жылы АҚШ-тың Ұлттық Демокртиялық институтын шақырып, солардың көмегімен Тәуелсіз бақылаушылар жүйесін құрып, бес жыл бойы бақылаушылар дайындаумен және сол уақыттағы сайлауларды бақылаумен айналыстым. Әр сайлауға берілген баға тарихта қалды. (Барлық сайлаулар әділетсіз және көптеген адам құқығын бұзушылықпен өтті деген баға алды). Билік маған көмектескен америкалық ҰДИ-ді Қазақстаннан қуып шығып, біздің жұмысымызды тоқтатты. Меніңше, Жәкең біздің ұйымның биліктен «қыруар қаржы» алғанын дәлелдеп беру керек сияқты. Жала – ең үлкен күнәлардың бірі. Екіншіден, Әміржан Қосанавты Дос Көшім емес, «Ұлт тағдыры» қозғалысы сайлауға қосты. Мен – Назарбаев, ал «Ұлт тағыры» - «Нұр отан» емес. Шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады. (Айтпақшы, сол дауыс беру кезінде мен «Ұлт тағдыры» осы сайлауға араласады ма деген сұрақта мен ғана қалыс қалдым). Үшіншіден, мен ешқашан «оппозиционермін» деп айтқан адам емеспін. Керісінше, Назарбаевпен табақтас болған адамдар құрған оппозицияға сыни пікір айтып жүрген жанмын. Бір де бір оппозициялық партияда болған емеспін. Сондықтан «оппозиционер ролін сомдайтын» немесе «оппозиционер ролін ойнайтын» деген сөздердің маған қатысы жоқ. Ұлтшыл-демократ болған шығармын, бірақ ешқашан оппозиционер болған емеспін. 

Енді Қосановқа қатысты сұрақтарға жауап бере кетейін. Көпшіліктің айтуы бойынша, ол 50-60 пайыз дауыс алды. Алайда, сайлау жүйесі толықтай биліктің қолында, оған 16,2 дауыс берілді. Өз басым, оның Тоқаевты құттықтағанында тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Оның алдында ғана Хиллари Клинтон (Трамптың бетін тырнап алғысы келіп тұрса да) өзінің жеңілгенін мойындап, Трапты құттықтады, ал Порошенко атарға оғы жоқ болса да, Зелинскийді құттықтады. Бұл – қарапайым саяси реверанс. Ал оның алғашқы нәтиже шақпай жатып, экзит-полдан кейін жеңілгенін мойындауы – үлкен саяси қателік. Оны өзіне бірінші болып мен  айттым. Меніңше, ол – екі оттың ортасында қалды; «сайлау әділетсіз өтті, мен – президент болуым керек, ал көшеге шығамыз» десе – қаңтар қырғынынан да үлкен трагедия болады, ал өзінің әділетсіз сайлауда жеңілгенін мойындаса көпшілік қабылдамайды. Ол екінші жолды таңдады. Бұл оның таңдауы. Біздің ұйымның не менің бұл таңдауға ешқандай қатысымыз жоқ.  Мен Жарылғап Қалыбаймен осы мәселе жөнінде ашық пікірлесуге әрқашан дайынмын.  

 Парламентті Құрылтай деп атауға қатысты түрлі пікірлер бар. Ата заңның 84 пайыз өзгергелі жатыр. Біреулер осы арқылы тарихта Ұлы реформатор болып қалғысы келетін сияқты. Мұнымен келісесіз бе?            

Парламентті Құрылтай деп атауға мен де қарсымын. Сөз – белгілі бір ұғымға берілген атау. Парламент ұғымы Құрылтай ұғымына сай келмейді. Құрылтай – ұлттың ең бір келелі мәселесін шешетін, халық өкілдерінің жалпы жиналысы болса, Парламент – ай сайын жалақыларын алып, күн сайын жұмысқа келіп заң шығаратын орган. Меніңше, біз осы арқылы Құрылтай деген тамаша ұғымды, қазақтың ата дәстүрін құртып, жоғалтып жіберетін сияқтымыз.  Қысқасы, енді қазақ халқы ел басына күн туған жағдайда, ұлттық Құрылтай шақыра алмай, әділетсіз сайлаудан өткен депутаттарға жалтақтайтын болармыз. Биліктің көздегені де осы болар...

Біздің бейшара Констиуциямыз құрақ көрпе сияқты, әр бабы бірнеше рет «жаңарды». Сондықтан жаңа Констиуция қабылдау керек деп ойлаймын. Мүмкін, біреулер «ұлы реформатор» болып қалғысы келетін болар. (онда тұрған ештеңе жоқ, бұл – пендешілік қана). Одан да қауіптісі – Тоқаевтың осы жүйені сол күйінше сақтап қалуы дер едім. Президент осы әкімшілік-әміршілік жүйені өзгерткісі келмейді. Қазіргі «реформа» - соның көрінісі.

 Соңғы жылдары аудан әкімдері сайлана бастады. Уақтысында осыған қатысты заң жобасын бірауыздан қолдаған Мәжілістегі бір-екі депутат жуырда әкім сайлауын тоқтатуды сұранды. Президент оны қолдады. Кеше әкім сайлауы туралы бастама көтердік, бүгін оны тоқтаттық. Жалпы әкімдерді сайлау керек пе?

 Жоқ. Әкімдерді сайлау мәселесін 2001-2002 жылдары оппозиция көтерді. Мен сол уақытта да қарсы болдым. Бізге Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі керек. Әкімдерді сайлау бұл жүйені өзгетіп, халыққа билік бере алмайды. Иә, 1995 жылғы Конституцияда (89-бап)  Жергілікті өзін өзі басқару бар болатын. Алайда бұл бағыттағы заң жобасы 1997 жылдан бастап, бес рет күн тәртібіне қойылды, заң жобалары жасалды, бірақ қабылданбады. Ал 2007 жылы 89-бап өзгертілді. (Меніңше, оны ешкім де байқамады...). Қысқасы, тағы да қайталаймын, бізге Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі керек. Әкімдерді сайлау ешқандай халық билігін алып келмейді.

 Парламент толығымен партиялық тізіммен жасақталмақ. Алайда кейбір партиялардың алған мандаттарын қалай бөлісетіні жұмбақ. Депутаттық орынды сатып жатыр ма әлде төрағалар өзінің сөзін сөйлейтіндерге үлестіріп жатыр ма, белгісіз. Осы жағын кім бақылайды?

 Билікке парламенттің толықтай партиялық тізіммен жасақталғаны дұрыс. Партиялардың барлығы – билікті қолдайтын «саяси күш». Олардың іштей қалай жасақталатыны, орынды кімдерге беретіні мені қызықтырмайды.

 Ұлттық Құрылтайда Президент Қызылорданың әкімін мақтады. Мұның алдын Астананың, Алматының әкімін мақтаған. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамына осы үш әкім ғана енді (Нәлібаев, Қасымбек, Сатыбалды). Осы үш әкімнің вице-президент, Құрылтай төрағасы болу мүмкіндігі қандай деп ойлайсыз?

 Саяси болжам жасауды көріпкелдерге берейік.

 Қазақстанда «міне мыналар оппозиция» деп кімдерді айта аласыз?

 Біздің оппозиция, өкінішке қарай, қоғамдағы билік жүйесін ауыстырудан, Ұлттық мәселені шешуден көрі Назарбаев пен оның қыздары, күйеубаласымен күрескен сияқты. Біз осылай, жиырма жылымызды жоғалтып алдық. Қазір сол «оппозициялық саяси күш» қайда? Иә, ЖСДП – парламентте отыр. Не істеп отырғанын білмеймін. Басқалары... білмеймін. «Кімдерді атай аласыз» деген сұрақ та жауапсыз қалатын сияқты. Қызық. Назарбаев кетті. Сонымен бірге Оппозиция да жоғалды. Бірақ әкімшілік-әміршілдік жүйе сол қалпы қалды.          

Әңгімеңізге рақмет! Сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен: Аида ӨТЕП

Ләззат АХАТОВА: Популистердің дәурені жүріп тұр
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу