Ләззат АХАТОВА: Популистердің дәурені жүріп тұр

Oinet.kz 14-01-2026 44

 Тоқсаныншы жылдардың басында «Қыз сыны» байқауында топ жарып, елге ерте танылған Ләззат Кендебайқызы кейін өмірін мүлде басқа арнаға бұрды. Заң саласына келіп, экономикалық сотта судья болды. Ал, бүгінде Ақмола облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат ретінде күрделі істермен айналысып жүр. Көпшілікке сырттай белгілі осы жолдың артында қандай жауапкершілік, қандай сын жатқанын біреу білсе, біреу біле бермейді.

Screenshot_1.jpg

Осы сұхбатта біз Ләззат Ахатовамен оның жастайынан келген танымалдығы кейінгі қызметіне қалай әсер еткені, судьялық мансаптан не себепті өз еркімен кеткені, қырық жасқа келген тұста өмірінде болған күрделі өзгерістер туралы әңгімелестік. Әңгіме барысында ол денсаулыққа, психологиялық күйге байланысты қабылдаған ауыр шешімдерін, отбасындағы қиын кезеңді де жасырмай айтып берді.

Сондай-ақ қоғамда үлкен резонанс тудырған Әнару Құрманәлі ісіне қатысты өз ұстанымын, не себепті бұл істі алғанына өкінетінін, адвокат пен клиент арасындағы шекара қай жерде бұзылмауы керек екенін ашық жеткізді. Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде өзін заңгер ретінде таныстырып жүрген белсенділер, популизм және билік пен қоғам қарым-қатынасы жайлы да өз ойын айтты. Осылайша бұл сұхбат кәсіби жауапкершілік пен адамдық ұстаным, атақ пен тағдыр, үміт пен көңіл қалу қатар өрілген ашық әңгіме болды.

– Ләззат Кендебайқызы, сіз тоқсаныншы жылдардың басында «Қыз сыны» байқауынан бас жүлде алып, жастайыңыздан ел алдында танылып үлгердіңіз. Ерте келген осы танымалдық кейін мемлекеттік қызметте, судья болған кезеңде сізге қосымша жауапкершілік жүктеді ме, әлде шыңдады ма? Жалпы, сол жеңіс сізге не берді?

– Иә, сонау 1991 жылы республикалық «Қыз сыны» байқауында бас жүлде алғанымда небары 16 жаста едім. Ол жеңіс маған абырой, елдің қызы деген халықтың ықылас, махаббатын берді. Әлі күнге танып жатады, айтып жатады. Үлгі тұтып едік деп жатады. 

– Сіз бір кезеңде экономикалық соттың судьясы болдыңыз. Бұл судьялар арасындағы ең мәртебелі бағыттардың бірі саналатыны белгілі. Осындай қызметті не себепті тастап, басқа жолды таңдадыңыз?

– Қызметке ол титулдың, «Қыз сыны» байқауының ешқандай қатысы болған жоқ. Сот саласына мен 2006 жылы келдім. Байқау бір бөлек, судьялық лауазым әрине бір бөлек, екеуі екі бөлек нәрсе. Жауапкершілік баршаға бірдей болды.

Біріншіден, сол кезде денсаулық жағдайым және отбасылық проблемаларға байланысты қатты стрессте жүрдім. Денсаулығым да сыр берді. Қайта-қайта ауруханаға түстім. Істерімді әріптестерім бөліп алып, қарады. Содан кейін жауапкершілігі бар мамандық, олай жалғаса берсе, маған да ыңғайсыз болар еді. Менің оңалатын түрім болмады. Психологиялық тұрғыда да ауыр кезеңді бастан кешіп жатқан кезім еді. Сондықтан өз еркіммен (денсаулық жағдайыма байланысты), өз арызыммен сот саласынан кеттім. Ол өз шешімім болды. Бір жағы, өзімді де сынап көргім келген шығар. Сол ауыр сынақтарға қалай төтеп беріп, өзім аяққа тұра алам ба деп. Қырық жасымда өмірімде үлкен өзгеріс болды, өмірді таза парақтан қайта бастадым десем де болады. Шүкір, ол сынақтар да артта қалды деп ойлаймын. Мен қазір өзімді қайта таптым десем болады. Нақтырақ айтқанда, тұлғалық болмысымды қайта таптым.

– «Қиын кезеңде, стрессте болдым» деп қалдыңыз. Сол қиын кезеңнен мүдірмей өткеніңізге, сынаққа сынбағаныңызға әлбетте, қуаныштымыз. Алайда, құпия болмаса айтыңызшы, қырыққа таяғаныңызда өміріңізде қандай өзгеріс болды?

– Отбасым екіге айрылды. Жиырма үш жыл отасқан, төрт баламның әкесі екеуміз екі бөлек кеттік. Жеке өмірімді талқыға салған емеспін. Шет жағасын әлеуметтік желідегі парақшамда жазғанмын. Тағдыр ғой. Жазмыштан озмыш жоқ. Бақытты болсын. Балаларым бар, олар үшін ата-ананың екеуі де қымбат. Сондықтан олардың жүрегін ауыртқым келмейді. Әкелері туралы артық сөз айтпағаным дұрыс. Ешкімге оңай болған жоқ. Сондықтан жеке өмірге қатысты нәрсені айналып өткенді дұрыс көремін. Әр отбасының өз құпиясы болу керек. Ел алдында балаларымның атасын, әжесін, әкесін талқылап отырған да адамдық дей алмаймын. «Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деген ғой.

– Мейлі, жеке өміріңізге, отбасыңызға қатысты сұрамайын. Былтыр танымал композитордың қызы Әнару Құрманәлі белгілі боксшы Жанқош Тұраровтан зорлық-зомбылық көргенін айтып, сіз оның заңды қорғаушысы болдыңыз. Ол кезеңде араларыңыз өте жақын болғаны, тіпті, Әнарудың сіздің үйіңізде тұрғаны да айтылды. Кейін бұл қарым-қатынастың күрт өзгеріп, өзара түсініспеушілікке ұласқаны байқалды. Тіпті сіз әлеуметтік желіде арыз түсіретіндігіңіз туралы да жаздыңыз. Осы жағдайдың мән-жайын өз аузыңыздан тарқатып берсеңіз.

– Ол істі алғаныма әлі күнге өкінем. Қалай алғаным жайлы парақшамда жазғанмын. Бұл туралы бастапқыдан-ақ маған дұрыс ақпарат берілмеген

Отбасылы екенін біле тұра, қыз сүйіп қалған, үміттенген, алданып қалған. Жаның ашиды, әрине. Сонда да мен өз кәсіби міндетімді соңына дейін орындадым. Қысқарып кеткен жерінен істі қайта жаңғыртып, бүкіл сараптамасын жасатып, «танымаймын» деп тұрған Жанқош Тұраровтың Әнарумен жыныстық қатынаста сол күні болғанын анықтадық. Бірақ қыз зорландым дей тұра, дер кезінде полицияға шағым жазбаған. Сол сараптама негізінде сотқа дейін өздері апара алар еді. Қыздың өзі сауатты болса. 90% жұмысты атқардым, іс бойынша. Соңында әкесі қызының «концерттерінен» шаршап, «істі тоқтатам. Елге әбден қарабет боп біттім. Мына қыз мені жерге қаратты. Бұл әбден бұзылып тыныпты» деп, ашуланып, келісімді бұзатынын айтты. «Сендерге (адвокаттарға) ризамын, саған әсіресе. Қызымның төгілген абыройын ел алдында қорғадың, ақ қып шығардың. Періште жасадың, қызымнан. Ары қарай мен ауру боп, тынам, бұлай жалғаса берсе. Зорланса, баяғыдан маған айтар еді, бір шикілік барын сеземін. Осымен тоқтайық, сендерге рахмет. Істі ары қарай жүргізудің қажеті жоқ. Маған күні-түні тыныштық бермейді ана қыз. Міндет қылып, аузына келгенді айтады. Соның кесірінен жүрегіме бірнеше рет ота жасаттым» деді. Басында іске шақырған, яғни клиент – әкесі. Клиент істен бас тартса, біз ары қарай істі жүргізбейміз. Әнаруда шынында психикалық ауытқу бар ма, әлде әбден жеңіл өмірге үйреніп, бар жауапкершілікті біреудің мойнына артып, өз қателігін мойындамай үйренген қыз ба, әлде бар арманы хайп жасап болса да, танымал болу ма, мінез-құлқын еш түсіне алмадым. Әкесіне істеген әрекеттерді бізге де істеді. Түн ортасында ішіп алып па, шегіп алып па, телефон соға салады. Аузына келгенді айтып отырады. Не айтып, не қойғанын білмей. Басында күйіктен шығар, байғұс қыз деп, қатты жаным ашитын. Таңға дейін психологы сияқты жұбатып, мұңын тыңдап, қосыла жылап отыратынмын. Бара-бара қазақша айтқанда басыма шығып кетті

Іс бойынша бүкіл жайтты айта алмаймын, кәсіби құпиялық деген бар. Шет жағасы осы. Шынымен зорланса, сараптама дайын, бәрін жасап бердім. Сотқа дейін апарсын, өзі, істі. Оған анау айтқан сауаттың да қажеті жоқ. Бірақ мен «нянька» емеспін ғой, адвокатпын. Жыл он екі ай біреудің капризын, қитұрқы әрекеттерін, көрнеу жала жапқанын көтере беруге міндетті емеспін.

– Жасыратыны жоқ, қазір әлеуметтік желіде өзін заңгермін деп таныстыратын белсенділер көбейді. Кейбірі, тіпті, Ұлттық құрылтайға да мүше болды. Алайда олардың құқықтық сауаттылығы жиі сынға ұшырап жатады. Билік мұндай тұлғаларды неге қолдайды деп ойлайсыз?

– Ол жағын білмедім енді. Популистердің дәурені жүріп тұр ғой, әйтеуір. Ондайларды биліктің не үшін қолдайтынына, не үшін көтеретініне бас қатырып көрмеппін. Бас қатырғанда, біз не істей аламыз? Айтсаң, көре алмағандай боласың.

Әңгімелескен Аида ӨТЕП,

"Рейтинг" газеті

Ерік РАХЫМ: «Жас Алаш» енді ешкімнің қолжаулығы болмайды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу