Мәди Қожаұлы Биғалиев. Жаңа формация адамы

Oinet.kz 16-05-2018 973

Адам мына құбылып тұрған дөңгелеген дүниеде кіммен жолғып, кіммен таныспайды? Әйтсе де барлық өзендердің үлкен мұхитқа құйылмайтыны сияқты, кездескен адамдарыңның барлығы әсте  есте қала бермейді. Кездескен кісінің адамгершілік қасиеті жоғары, парасатты, ой таза, көңілі алтын сандық болса солар ғана есте қалады. Олармен жолыққаның, пікір-ой бөліскеннің, дәмдес болғаның өзі сен үшін бір бақыт. Бiлiмдi, жан-жақты парасатты адаммен жолығып, сұхбаттассаң, пікірлессең өзіңді жақсы  сезінесің, тіпті, демалып қаласың. Адамға қойылатын басты талап – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені адам адамгершілігімен, әдептілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Мен білетін сондай жандардың бірі – Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының бас дәрігері, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мәди Қожаұлы Биғалиев.

5c5c112c8d4f4.jpg

Мәди Қожаұлы жаңалыққа жаны құмар іздемпаз хирург, ұжымды жақсы істерге жұмылдыра білетін тапқыр басшы. Ол әрдайым алға талпынумен жүреді. Оның ұсынысымен, облыс әкімдігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен еліміздің Оңтүстік аймағында бірінші болып ағзаларды алмастыру, яғни трансплантология  саласы батыл енгізілді. Негізгі бас дәрігердің жұмысының қауырттылығына қарамай қазір де оны ота бөлімінен жиі көруге болады. 

– Біздің ауруханада орташа есеппен тәулік сайын 40-тан астам әртүрлі ота жасалады. Хирургия, травматология, нейрохирургия, урология, гинекология және де басқа бөлімшелерінің дәрігерлері қажет кезде күні-түні ота жасауға дайын. Соңғы бес жылда ағза алмастыру оталарын батыл енгіздік. Елімізде бүйрек, бауыр алмастыру оталарын жүргізетін Астана, Алматыдан кейінгі қала – біздің Шымкент. Тіпті, мақтанғаным емес, көрші облыстардан науқастар келіп ота жасататындары бар. Трансплантациямен 2013  жылдан бастап айналысудамыз.  Осы жылдарда 100-ге жуық  бүйрек, 13 бауыр алмастыру оталарын іске асырдық. Өткен жылдың соңында ту сонау алыстағы Алманиядан арнайы келіп, бүйрек алмастыру отасын жасатып кеткен пациентіміз бар. Алдағы кезде уақыт талабына сай бұл бағытта әлі талай істер атқарсақ деген жоспарымыз бар, – деді сөз арасында бас дәрігер, профессор М.Қ.Биғалиев. – Әрине, түсінеміз, мұның барлығы жеңіл атқарылып жатқан жұмыс емес. Қаншама медициналық аппараттар, жабдықтар, құрал-саймандар, зертхана жабдықтары қажет екенін біреу білсе, біреу білмейді. Өңір басшысы мен денсаулық сақтау басқармасы түсіністікпен қарап, біздің әр ісімізді қолдап, қаржы мәселесін дер кезінде шешіп жатыр. Ондаған дәрігер-мамандарымыз шет елдердегі белгілі, айтулы клиникаларда тәжірибе алмасу курстарында болып, жаңа диагностикалық және емдік тәсілдерді үйреніп, барынша меңгеріп оралды. Көрген-білгендерін ауруханамыздағы клиникалық іске енгізіп, жетістік көкжиегін кеңейтуде.

Бұл емдеу орнынан  басқалар үйренер, алатын тәжірибе аз емес. М.Биғалиев аурухана материалдық-техникалық базасын барынша жетілдіріп, республикамыздағы  алдыңғы қатарлы клиникалардың біріне айналдыра білді. Сырқаттанған облыс тұрғындары ерте кездегідей Астана, Алматы, Ташкент және де басқа айтулы клиникаларға шапқыламай Мәди Қожаұлы басқарып отырған ауруханаға сеніммен келеді. 

Таяуда ғана іске қосылған, заман талабына сай құрал-жабдықтармен, медициналық аппараттармен жабдықталған аурухана ғимаратының  бірінші  қабатында соңғы  үлгімен  жабдықталған  қабылдау,  диагностикалық,    бөлімдер, екінші  қабатында  жансақтау  мен  гастроэнетерологиялық, лабораторлық бөлімдер, үшінші қабатта  гепатопакреатобилиарлық   және  ағза  трансплантациясы бөлімі  мен  7  ота  жасайтын  блок  орналасқан. Ол еліміздің орталық клиникаларынан еш кем түспейді, тіпті, диагностикалық және емдік мүмкіншіліктері  мол десек  болады.

– Жас дәрігерлердің басым көпшілігінің білімі талапқа сай, тек алғашқы кезде қамқорлық көрсетіп, талпынысын қолдап, демеп, сенімдерін арттыру керек. Біздің кезімізде компьютер, ғаламтор болмады, шет тілін терең білмедік. Ал, қазір ізденем, білімімді жетілдірем, мамандығымды терең меңгерем деген жасқа барлық мүмкіншілік бар. Қажет кезде ғаламторға еніп, іздегеніңді тап. Оқы, зейініңді сарала, ой-санаңды кеңейт. Білім іздеген, бойларында жалыны бар жастарға қызыға қараймын әрі әрдайым қолдаймын. Талантты жастар өсіп келеді, – дейді бас дәрігер.

Мәдидің жақсы адами қасиеттері мен дәрігерлік шеберлігі жайлы Ұлттық академияның академигі Намаз Ізімбергенов «О, Тәңірім, бұл мен ғой...» деген өмірбаяндық кітабында «Мәди Қожаұлы – ғалым, ұйымдастырушы басшы ретінде заманауи тәлім-тәрбие, талаптарға сай, ғылым мен техниканың жетістіктерінің басы-қасында жүрген жаңа формация адамы», деп ерекше атап, үлкен баға беріпті. Расында да ол жаңа формация адамы.

Сағындық ОРДАБЕКОВ, 

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор

Бір үйдің қызы деп қарауға болмайды
Бала тілі - бал. Балалардың қызықты сөздері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу