Австралиялық келін: Ол жақта келін ана-енеге қызмет етуге міндетті емес

Oinet.kz 14-06-2020 6210

Австралия еліне ақ келін болған Сәуле ханымның қазіргі тұрмыстық өмірі барша халыққа қызық екені анық. Қазақстан мен Австралияның айырмашылығы, ене мен келін, әйел мен күйеуі қарым-қатынасы жайында сөз  қозғалды. 

әйел австралия

Келінге қалай қарайды? Біздегідей шай құю, орамал тағу жоқ шығар. Өздеріне тән басқа салты бар ма? 

–  Австралияда ешқандай салтты ұстанбайды. Әйел күйеуінің ата-анасына жағуға міндетті емес. Бұл жақта үлкен кісі немесе жас адам деп бөлмейді. Бес жасар баламен қалай сөйлессе, 65-тегі кісімен де солай сөйлеседі. Сол себептен де егер енесімен жақсы қарым-қатынаста болса, онда олар құрбы сияқты араласуы мүмкін. Бірақ біздегідей қызы мен анасы секілді қарым-қатынас құру деген нәрсе жоқ. Бұл жақта ата-ана жас жұбайлардың өміріне араласпайды. Ол мәдениетсіздік болып есептеледі. Маған ақыл беріп, ескерту жасамағаны үшін де енемді жақсы көремін. 

–  Ол жақта отбасында еркек пен әйелдің рөлі қандай? Бізде қазақтарда ер адамның сөзі заң деп есептеледі...

–  Әрине ерлі-зайыптылар бірге шешім қабылдауға тырысады. Бірақ көп жағдайда әйел адамның сөзі жүреді. Австралиялық әйелдер ешкімге бағынбайды және өз құқықтарын жақсы біледі. Ер адамдар да соған үйренген. Бірақ бала туғаннан кейін әйелдер бірден жұмысқа шығып кетеді деп айта алмаймын. Өйткені бұл жақта балабақша арзан тұрмайды және бала бағушы жалдау өте қымбат. Мысалы, үлкен қызым барып жүрген балабақшаның бір күні 110 австралиялық доллар (29 мың теңгедей - ред.) тұрады. Егер ерлі-зайыптылардың екеуі де жұмыс істесе немесе оқыса онда мемлекет 50 пайыз жеңілдік жасайды. Ал егер әйел үйде отырса, онда ешқандай жеңілдік бермейді. Осы себептен де көптеген әйелдер бала 4-5 жасқа толғанша жұмысқа шыға алмайды.

еркек және әйел

–  Австралиялықтар не жақсы көреді? Мысалы, қазақстандықтар мақтанғанды, той тойлағанды  жақсы көреді деп айтады ғой. Сол сияқты олардың өздеріне тән қандай мінездері бар?

–  Австралияда сөз бостандығы, өз ойын жеткізе білу, өз таңдауын жасау жақсы қалыптасқан. Олар - тәуелсіз. Австралиялықтар өздерін құрметтейтіні соншалық, басқа біреудің оның бостандығына қол сұғуына жол бермейді. Басқаларға да сондай көзқараспен қарайды. Олар -  патриот, оны тек сөзбен ғана емес, іспен дәлелдейді. Мысалы, дүкендерде Австралияның өзінен шыққан тауарларға сұраныс көп. Білім беру салаларында да солай. Түйіндемеде Гарвард немесе Оксфордта оқығаныңа қарамайды. Елдің қай университетін тәмамдадың, сол маңызды. Бізде қазақтар Дубай мен Түркияға демалуға барса, австралиялықтардың көбі дерлігі өз елдерінде демалғанды жөн санайды. Олар демалыс күндері отбасымен жиналады. Немесе достарымен бір жерде кездесіп, сыра ішіп әңгімелескенді ұнатады. Барлығына бір адамның тамақ жасап тұрғанын көрмейсің. Әркім өзіне шот төлейді. Керек затын өзі алады және тамақтанған соң артын жинап кетеді. Австралияда спорт жақсы дамыған. Сондықтан да олар спортты жақсы көреді. Қазақстанда білімге көп назар аударылса, бұл жақта екеуі қатар жүреді.

stan.kz

Мұхамеджан Тазабек: Бізді сәләф дейтіндер – отпен ойнап жүр!
Желіде әйелін ұрып-соққан ер адамның видеосы тарады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу