Астанаға Сильвестр Сталлоне мен Джеки Чан келеді

Oinet.kz 10-06-2010 879

ceb7fc6e078c33a27583c16ce94e41a5_11809843_564614763690893_1596722962_n1.jpg

Елордада 28 маусым --1 шілде аралығында «Astana» экшн фильмдердің І Халықаралық фестивалі өтеді. Тұңғыш рет тұсауы кесілгелі отырған киногерлердің фестивалін ұйымдастырушылар Тимур Бекмамбетовтің Bazelevs продюсерлік компаниясы және америкалық продюссер Майкл Симпсон. Бұл жобаны қала әкімі Иманғали Тасмағанбетов мырза да қолдап отыр. Фестиваль негізінен Астана күні мерекесіне арналмақ. Ашылу және жабылу салтанаты «Қазақстан» орталық киноконцерт залында өтеді. Шараның басты жаңалығы мен ерекшелігі--жиынға әлемнің атақты киножұлдыздары Сильвестр Сталлоне мен Джеки Чан қатыспақ. Одан бөлек қонақтардың қатарынан Голливудтың алыптары Майк Тайсонды ( алдын ала белгілі болған мәліметтерге қарағанда, фестивальде Майк Тайсон өзінің өмірі туралы түсірілген «Тайсон» деп аталатын фильмді таныстырмақ) Арнольд Шварцнеггер мен Джет Лиді де көріп қалуымыз мүмкін. Аталған сыйлы қонақтар міндетті түрде келуі тиіс. Себебі оларды шақырып отырған анау-мынау адам емес, кассалық фильм түсірудің кәнігі шебері, Голивудтты мойындатқан жерлесіміз Тимур Бекмамбетовтың өзі емес пе?

Десек те жарнамасы жер жаратын шара бізге не береді?

--Әлемде бір ғана кино жанрына арналған фестивалдар көп. Мәселен, детективтік, авторлық дегендей. Ал, экшн (атыс-шабысқа құрылған фильм)  сияқты танымал жанрға арналған кинофестивал бұрынғы кеңес елдерінің ешқайсысында жоқ. Сондықтан да біз осы шараны Қазақстанда қолға алып отырмыз. Фестивалдің биылғы бағдарламасында  ешқандай байқау, жюри, жүлделер болмайды. Біз көрермендердің көңіл-күйін көтеретін, нағыз рухани ләззат сыйлайтындай фильмдерді көрсететін боламыз,--дейді фестивльді ұйымдастырушылар.

Фестивальде бас-аяғы экшн-жанрында түсірілген 20 фильм көрсетіледі. Оның ішінде Голивудтта, Еуропада түсірілген, сондай-ақ, қысқаметражды, азиаттық фильмдер де бар. Атап айтқанда Сильвестра Сталлоне ойнайтын «Неудержимые»,  басты рөлді Анжелина Джоли сомдайтын «Солт» және  «Монстры» (Ұлыбритания), «Цуг Цванг» (Қазақстан) картиналары көрерменге ұсынылады. Экшн жанрындағы 2010 жылдың ең үздік деген боевиктерін көрермендер бес күн бойы тамашалай алады. Ал, фестивальдің танымал  қонақтары да құр алақан емес. Олар түскен кинокартиналар да қазақстандықтарға ұсынылады. Мысалы, Джеки Чан ойнайтын «Каратэ-Кид»,  Николас Кэйдж және Моника Белуччидің «Чародейдің шәкірті», Брюс Уиллистың «Полицейдегі екеу» және тағы басқа фильмдер бар.

Айтқандай, шара барысында  Голивудттың жұлдыздары, продюсерлері, режиссерлері, халықаралық журналистер қазақтың мәдениеті мен әдет-ғұрпымен таныспақ екен. Кино өнеріне қатысты «дөңглек үстел», басқосулар да ұйымдастырылмақ. Осындай басқосулардың соңы шығармашылық байланыстырды тереңдетіп, әріптестікті нығайтып жатса, нұр үстіне нұр.   

Бір айта кетері, Қазақстанда алғашқы халықаралық фестиваль 1998 жылы ашылған болатын. «Евразия» деген атау алған шараның тұсаукесері дүркіреп тұрып өткені есімізде. Фестивалдің лентасын киномен құрдас 103 жастағы алматылық қарияның кесуі шараның ғұмыры ұзақ болсын деген ниеттен туындаса керек. «Қазақфильмнің» жанынан қазақ киносының атасы Шәкен Аймановқа ескерткіш қойылды. Кино үйінің қасынан Жұлдыздар аллеясы ашылды. Ал, «Евразияның» келген қонақтардың арасында  кімдер болмады дейсіз. Пьер Ришар, Жерар Де Пардье, Тимур Бекмамбетов, Орнелла Мути, Софи Марсо, Барбара Брыльска, Жан-Клод Ван Дамм... әйтеуір атағынан ат үркетін өңшең өнер майталмандары.  Жұлдыздардың Қазақстанға жауып жатқаны талай адамның аузынан су ағызғанымен, бәрі бос рәсуа, пайдасыз мал шашпақ екен. Ақпарат және мәдениет министрлігінің кейіннен анықтағанындай, шетелден келген танымал  актерлерге 87,1 миллион теңге көлемінде гонарар төленген екен. Жұлдыздарға шашатын қаржы болмағандықтан «Евразия» тұрақты түрде емес, әр жылдары өтіп тұрды. Кезінде «Өнер жұлдыздары Қазақстанға, «Евразия» фестиваліне не үшін келе жатыр, ол бізге не береді, қыруар қаржы қайда кетіп жатыр?» деген сауалға бас ауыртпағандар ақыры «Осы бізге «Евразия» керек пе, жоқ па?» деген сауалды төтесінен қойған тәрізді. Жоқ, керек емес екен. Қазір белгілі болғандай, фестиваль біржолата тоқтату туралы шешім қабылданға ұқсайды.

«Астана» кинофестивалі де осының кебін киіп қалмасын, онсыз да кейінгі жылдары күйі кете бастаған қазақ киносына бір серпін беретін, режисерлер мен актерлерге тәжірибе жинақтайтын шара болсын  дейік.

 Ұйымдастырушылар аталған шараны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұруды ұйғарып отыр. 

Screenshot_19.jpg

Гиннестің рекордтар кітабына енген қазақстандықтар кімдер?
Бекболат Тілеуханға айып тағылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу