Ерлі-зайыптылардың ұзақ жыл тату-тәтті ғұмыр кешулерінің құпиясы

Oinet.kz 06-09-2020 804

Сүйіктісімен 30 жыл отасқан ерлі - зайыптыларға бір жас жігіт келеді.

- Аға, сіздердің отбасы құрғандарыңызға көп жыл болған. Тату - тәтті ғұмыр кешіп жатсыздар. Ұрсыспайсыздар. Құпиясы неде? Менің үйленгеніме 3 жылдан енді асты, әйеліммен ит пен мысықтай аразбыз, - деп мұңаяды жігіт.

135470.jpg

Ер адам сәл ойланып отырады да, келіншегін дауыстап шақырады.

- Ғалия, бізге тез - тез бауырсақ пісіріп жіберші,- дейді.

- Қазір,- дейді әйелі.

Санаулы уақыттан соң ер адам әйелін тағы шақырады.

- Бауырсақ емес, ет қосып бәліш дайындай салшы,- дейді.

- А - а, жақсы,- деп әйелі ас үйге жүгіріп кетеді.

Әйелінің нан ашытып, етті ет тарттқыштан өткізіп жатқанын ер адам мен жас жігіт көріп отырады. Қамырға енді ет сала бергенде, ер адам әйелін тағы шақырады.

- Ғалия.

- Иә? Тыңдап тұрмын.

- Бәлішке бақшадан топырақ әкеп қосшы,- дейді.

- Жарайды,- деп әйелі сыртқа жүгіріп шығып кетеді.

Жігіт аң - таң. "Топырағы несі?" Бәлішке сырттан топырақ әкеп қосып жатқанын көзімен көріп отыр. Бірдеме дейін десе ыңғайсыз. Ішінен "Енді не болар екен?" деп отыр.

Санаулы уақытта бәліш те піседі. Ғалия апай пештен алып, бәлішті тәрелкеге салады да, дастарxанға қояды. Сонда үй иесі:

- Ғалия, мұны жеуге болмайтынын жақсы білесің. Сондықтан итке бер,- дейді.

- Жарайды,- деп әйелі бәлішті алып, тысқа шығып кетеді.

- Сен шырағым, үйіңе барған соң менің істегенімді қайтала. Сосын қайта кел,- деп ер адам жас жігітті шығарып салады.

***

- Гүлжанар! Маған тез - тез бауырсақ пісіріп берші!

- Мен не, ерігіп жүрмін бе? Бар да сатып ал! Бауырсақ деп қояды ғой!

- Пісір деген соң пісір тез! Бір бауырсақ пісіре алмасаң несіне қатын боп жүрсің? Сатып алып жесем, атаңның басына үйлендім бе саған? Жалқаусың сен!

- Болды, болды! Бір бастаса қатын сияқты кетеді екен тоқтамай! Пісірем болды, ежірейме маған!

- Гүлжанар! Бауырсақ емес, ет қосып бәліш пісірш!

- Сен неменеге ерігіп отырсың бүгін? Біресе бауырсақ, біресе бәліш деп! Тағы етпен керек екен бұған! Толтырып ет әкеп жатқандай. Мүмкін қара икра қосармын? Анада "Ет аз қалды! Экономда! Туысыңа пісіріп беретін әдетің бар еді ғой! Менің туысым келгенге қойып қой!" деп зарлап жатыр едің ғой? Бүгін не боп қалды?

- Сен неге бір сөзді көп сөзге айналдырасың? Пісір деген соң пісір дедім ғой. Тез! Жаныңды шығарам әйтпесе!

Әйелі ала көзбен бір қарап асүйге кетіп барады. Әлі сөйлеп бара жатыр.

- Гүлжанар!

- Не тағы?

- Даладан топырақ әкел де бәлішке қос.

- Кетшей бар! Бәлішіңмен қосып құры бар! Мені мазақ қылайын дедің бе?- деп келіншегі ыдыс - аяқтың бәрін төңкеріп, бөлмесіне кетіп қалады...

***

- Сіздің жұбайыңыз айтқаныңызды екі етпей орындады. Ал менің келіншегім "Бауырсақ пісір" дегеннен - ақ ұрыс шығарып, айтпасты айтты...

- Себебі неде деп ойлайсың?

- Себебі менің әйелім - бетпақ, мінезі жаман. Сіздікі мейірімді, жуас.

- Жоқ, олай емес. Сен кінәні өзіңнен емес, әйеліңнен іздейсің. Біржақты ойлайсың. Ол - мыстан, сен - періште сияқты... "Не ексең, соны орасың" қарағым, сен оның "Айнасысың" есіңде болсын, сенің оған деген қарым - қатынасың қандай, ол да сағае солай жауап береді. Ең бірінші әйеліңді сыйлап үйрен. Сыйластық болмаған жерде береке де болмайды, береке жоқ жерде маxаббат та өшеді. Сондықтан әйеліңнен бұрын өзіңді түзет,- деп шығарып салады ер адам.

Жігіт шыққан соң көп ойланады. Расында, әйелін сыйламайды екен - ау бұл, бірдеңе сұраса дөрекі жауап береді, ол да солай жауап қайырса, ауыр сөз айтады. Ұрыстан қашып үйіне кеш оралады, ерте кетіп қалады... Соңғы рет қашан еркелетіп еді? Сыйлықты тек үйленбей тұрып берді емес пе? Гүл ше? Гүлді тойдан кейін ұстап көрмеді ғой ол...

Жігіт ұйқыдан оянғандай сол бойда гүл сататын дүкеннен әппақ раушан гүлін алып, ұлын құшақтап ұйықтап жатқан әйелінің қасына қойып, маңдайынан сүйеді.

Ал таңертең ерте тұрса, әйелі керемет таңғы ас дайындап күтіп отыр екен. Бұл соңғы екі жылда жұмысқа бара жатып алғаш рет таңғы ас ішті...

****

Арада көп жыл өтті. Бірде бұл отбасының да есігін бір жігіт қағады.

- Аға, әйеліңізбен тату - тәтті өмір сүруіңіздің құпиясы неде? Маған ақыл қоса аласыз ба?- дейді келген жігіт... Сонда отағасы: күлді.

Қара қазанның киесі ұрған кісінің тағдыры
Киім – кешекке қатысты ырым - тыйымдар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу