Қыздарға арналған мешіттер көбейсе...

Oinet.kz 27-09-2019 1422

 ne-musulmanin-v-mecheti2.jpg                                

Бүгінде мешітке ағылып жатқан жастарды көрсем өз басым қуанып қаламын. Бес уақыт намазын оқып, Алла үйіне бас сұғып тұрған жастардан ертеңгі күні жарқын болашақты күтуге болады. Қазіргі таңда Алла жолына бет бұрған мұсылман қыз-келіншектерді де мешіттен жиі көреміз. Қадір түнін де киелі орында қарсы алатындары бар. Өзім жұма күндері мешітке барып, дұға жасап, басымды сәждеге тигізіп тұрамын. Намаз оқуды енді ғана үйреніп жүрміз. Мешітке барған кезде әйелдерге мешітке баруға болмайды деген пікірді жиі естіп қаламын. Негізінен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде «Әйелдер намазды үйде оқығандары абзал» деп айтқан. Алайда ол әйелдердің мешітке баруына тыйым салмаған. 

Көшеде сан түрлі қыздарды кездестіруге болады. Бірі әурет жерлерін жауып, оранып жүрсе, енді бірі ашық киініп жүреді. Әрине, кім не кисе де өз еркі. Айтайын дегенім, егер жас қыздарды, келіншектерді мешіттерге тартсақ, келіп дұға тілеп тұруларына жол ашсақ қыздарымыздың жүрегіне иман көбірек орнар ма еді. Нәзік жандылардың санасында «қыздарға мешітке кіруге болмайды» деген жаңсақ ой қалыптасып қалған. Содан болар арулар мешітке кіргенде қандай әдеп сақтауды, дұға жасаудың жолдарын білмейді. Ал намазға енді ғана жығылып жүрген қыздар көбінесе жат діннің жетегіне кетіп қалуда. Олар намаз оқудың жолдарын кімнен сұрап, ислам, иман төңірегінде ақыл сұрайтын жан болмағандықтан түрлі секталардың өкілдеріне алданып қалуда. Егер, мәселен, мешіттерде  бір күнді қыз-келіншектер үшін арнайы ашық есік күні деп жариялап, сол күні имамдар қыздарға дәріс оқып, мешітке келіп тұруларына үгіттесе теріс жолды таңдағандар азаяр еді. Әйелдер арасында құран жарысы секілді байқаулар ұйымдастырса да артық етпейді. Елімізде тек қыздарға арналған мешіттердің барын естімеппін. Әр өңірден осындай бір-бір мешіттен ашылса ол жерде нәзік жандылар діни сауаттарын артырар еді.   Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тағы бір хадисінде: «Әйелдердің ең ізгілері – мешіті үйінің ішінде болғаны»- деген. Рас, үйін мешітке айналдырған әйел бақытты. Дегенмен бес уақыт намазын толықтай үйреніп, ислам, имандылық жайында білімін толықтырып, оң-солын танығанша қыздарға мешітке баруға кеңес беремін.     

Таңшолпан Имашева, 

Жамбыл облысы 

Лесбек Аманов. Ән ғұмыр
Ұжыммен сыйыспай жүрсіз бе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу