Лесбек Аманов. Ән ғұмыр

Oinet.kz 27-08-2019 2838

f796a9ccf3cd47a7702f30da02163467-700x395.jpg

Дүние-қарап тұрсам, шолақ екен,

Адамдар бір-біріне қонақ екен.

Қамшының сабындай-ақ, қайран өмір,

Қар жаумай, қазан ұрмай солады екен...

Қазақтың қара өлеңі. Түйсігі бар талай азаматқа рухани азық болып келе жатқан- халықтың қара өлеңіне әуен шығарып, насихаттаушылар да баршылық. Алайда қара өлеңнен термелеп, "Барында оралыңның- ойна да күл" атты әннің әуені елдің көңілінен шығып, бүкіл Қазақстанға тарады. Әннің авторы-Лесбек Аманов болатын. Кеше ғана жылы жымиып, арасында өзіне жараса әзілін айтып, жаныңды шуаққа бөлейтін жанның арамыздан мезгілсіз кеткені жүректі сыздатты. Арманы көп болатын. Соның бірі- шығармашылық кешімді өткізіп, халқыма есеп берсем дейтін. Жете алмады... "Күрмеуге келмес қысқа жіп", демеуші болмаққа ниет білдірген азаматтардың арқаны кеңге салып жүріп алуын күте алмаған ғұмыр өлшемі, тағдырдың жазуы солай болды...

Қазақтың қара өлеңіне жазылған Лесбектің осы бір әні- шын мәнінде халықтық болып кетті. Оған дәлел, қазақ радиосынан берілген қайсы бір концерттік бағдарламада - осы әнді халық әні деп жариялағанын өз құлағыммен естідім. Бұл дегеніңіз- автор үшін үлкен жетістік. Оның өнерінің жалпыға ортақ өнер туындысына айнала білгендігінің дәлелі.

Шығармашылық дарын- адам баласына туа біткен қасиет, Алла тағаладан берілетін сый болса керек. Оны әрі қарай дамыту- шығармашылық иесінің тынымсыз еңбегі мен өнерге деген жауапкершілігі дер едім. Лесбек те сондай айтулы азаматтың бірі болатын. Кеңестік саясаттың сірескен тоңын ыдырата бастаған алғашқы саяси жылымықтың лебі есе бастаған шақта, коммунистік жүйенің- елімізді ұзақ жылдар басқарған Д. Қонаевтың орнына республикаға белгісіз қайдағы бір Колбин деген азаматты тағайындауы, бойында намысы бар азаматтарды дүр сілкіндірді. Оның нәтижесі бәрімізге белгілі. Көтеріліс әскер күшімен басылып, жаншылды. Қаншама жастың тағдыры тәлкекке түсіп, болашағына балта шабылды. Сол шақта дүниеге көптеген талантты ақындардың жанайқайы өлеңмен өріліп, үн қатып жатты. Бірақ біз оларды арада ондаған жылдар өткен соң ғана есітіп, біле бастадық. Оқиға арасын суытпай, сол шақта дүниеге келген- жас ақын Есенғали Раушановтың " қара бауыр қасқалдақ" өлеңі 1987 жылы- ақ халық арасына кең таралып кетті. Оның себебі- өлеңді дер кезінде көре білген, шалғайдағы Шардарада өмір сүріп жатқан ізденімпаз, жас сазгер- Лесбек Амановтың осы туындыға ән жазуы болатын. Бұл ән барша қазақтың ішкі ойын астарлап жеткізген, намысын оятып, тәуелсіздікке деген құштарлығының алғашқы қарлығашы еді. Барлық шығармаларының алғашқы орындаушысы да өзі болды. Шабыттанған шақтарда- жоғары ноталарды да қиналмай ала беретін.

Менің Лесбекпен алғашқы танысуым- 2002 жылы облыстық өлкетану мұражайында өткізілген шығармашылық кешімнен кейін, араға бір ай салып, мені іздеп келуі болды. Қасында сазгер Сейікерім Нұранов бар. Мен сәулеттік туындыларымның көрмесін өткізгенмін. Соған қосымша- өлеңдерімнің жинағы топтасқан пышақтың қырындай ғана кітапшам болатын. Соның ішіндегі " Мұз сүңгі"- атты өлеңіме ән жазыпты. Ән маған бірден ұнады. Сөзіне әунеі қабысқан , әдемі дүние шыққан. Қазір бұл әнді облыстық филармонияның талантты әншісі- Роза Мұса қарындасымыз орындап жүр. Бұл оқиға екеуміздің рухани, шығармашылық байланысымыздың алғашқы баспалдағы болды. Шығармашылық одағымыздан бұл әннен басқа -" Қызғалдақ ғұмыр", " Қайран уақыт", "Қиялдағы ару", "Той әні", "Туған жер" атты әндер дүниеге келді. Жалпы-Лесбек жүзден аса ән жазған дарынды сазгер болатын. Елдің арасында кеңінен танымал- "Ақторғыным", "Шолпанға", "Біздер де ғашық болғанбыз", "Ақ тілек", тағы да басқа көптегенәндері қазақ радиосының алтын қорына енген. Шымкент қаласындағы Шәмші Қалдаяқов гүлзарындағы " жұлдыздар аллеясында" Лесбектің де жұлдызы жарқырайды. Халқына бергеннен берері көп азамат туралы " болатын"- деп өткен шақпен айтудың өзі мен үшін өте ауыр. Дүние- кетіп барад шыр айналып, Өтерін бұл жалғанның жүр ойланып.

Барында оралыңның ойна да күл,  Келгенше кім бар, кім жоқ жыл айналып... Өнерліні-өлген соң іздейтін қазақпыз ғой. Көзі тірісінде бағалай алмадық. "Иттің итақайы" алып жатқан төсбелгі- 60 жылдығында да бұйырмады. Адамды көзі тірісінде бағалай білгенге не жетсін!  Тағдырдың жазуына не шара?! Алла алдынан жарылқағай!

Артында қалдырған өшпес әндері арқылы Лесбек Амановтың ән ғұмыры басталды. Лайым мәңгілік болсын деп тілейік!

Асқар Мамырбаев, сәулетші

2017 ж

Әкесінің күнәсінен өлген жігіт туралы әңгіме
Қыздарға арналған мешіттер көбейсе...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу