Гүлісхан Нахбаева: Әлем чемпионы атанғым келеді

Oinet.kz 15-04-2019 1425

Screenshot_17.jpg

Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Норвегияда аяқталған олимпиадада үлкен сенсация жасады. Гүлісхан Нақбаева, Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Гүлмира Дәулетова, Гүлнар Дәулетбаев сынды арулардан жасақталған командамыз 17 ұпай жинап, үздік 6 команданың қатарына енді. Бұл олимпиадаға 136 команда қатысқанын ескерсек, біздің құраманың табысы соншалықты салмақты екенін түйсіне түсеміз. 

– Біз бұл нәтижеге бірте-бірте жүріп жеттік, – дейді гроссмейстер Гүлісхан Нақбаева. – Олимпиадаға аттанғанда, «алғашқы ондыққа кірсек» деген ойымыз болды. 2012 жылғы Ыстамбұл олимпиадасында біз 12-орын алдық және бұл нәтиже сол кезде сенсация деп бағаланды. Қытай құрамасымен тең ойнағанымыз, көптеген тәжірибелі командаларды жеңуіміз үлкен әңгімеге айналған-ды. Биылғы Тромсө олимпиадасында біз 6-орын алдық. Біздің командалық рухымыз, бірлігіміз өте күшті болды. Бір-бірімізді қатты қолдап отырдық, командалық атмосфера өте жоғары деңгейде болды. Келесі жылы Қытайда наурыз айында өтетін командалық әлем чемпионатына жолдама алып отырмыз. Былтыр Астанада өткен командалық әлем чемпионатына біз ұйымдастырушы елдің командасы ретінде қатыссақ, енді олимпиаданың қорытындысы бойынша өз еңбегімізбен жолдама жеңіп алдық. Командалық әлем чемпионатына 10 таңдаулы команда қатысады. Біз оған дәл осы олимпиададағы құраммен барамыз деп үміттенемін. 

Рейтинг: Құрама сапындағы ең тәжірибелі шахматшының бірі ретіндебірінші тақтада ойын бастау қиын болған жоқ па?

Гүлісхан Нақбаева: Иә, мен бірінші тақтада отырдым. Бұл тақта көшбасшыларға тиесілі. Қарсыластарымның бәрі халықаралық дәрежедегі ерлер гроссмейстері болды. Әлемде ерлер арасындағы гроссмейстер атағына қол жеткізген 10-ға жуық қана әйел шахматшы бар. Олар әйел шахматшылар арасындағы элита болып саналады, шахматты ерлермен тең дәрежеде ойнай алады деп есептеледі. Рейтингтері 2500-ден кем болмайды. Мен олармен тең ойнадым, жеңілген жоқпын. Тіпті франциялық қарсыласым, ерлер гроссмейстері Мари Себакты жеңіп кеттім. Қарсыласымның бәрімен ойнау оңай болған жоқ. Моңғолиялық, польшалық қарсыластарыммен тең ойнадым. Поляк қызы Моника Сочко – ерлер арасындағы гроссмейстерлікке жеткен шебер қыз. Сочкомен кездесу барысында мен ұтыс позициясында тұрдым, бірақ тең түстім. Польша құрамасынан біз 1:3 есебімен ұтылдық, Динара екеуміз тең нәтижеге қол жеткізгенмен, 3 және 4 тақтада командаластарымыз ұтылды. Тағы бір тізе бүккен қарсыласымыз Украина құрамасы болды. Бұл – өте тәжірибелі команда. Шахмат олимпиадасында жеңіске де жеткен. Соған қарамастан, біз барымызды салдық. Олар бізді техникалық жағынан ұтып кетті. Бұл олимпиадада біз бірінші рет Швецияны жеңдік және Үндістанмен тең ойнадық (2:2). Бұрын Үндістан құрамасынан үнемі ұтылып жүретінбіз. 

Рейтинг: Енді осы биікті қаншалықты ұстап тұра аласыздар?

Гүлісхан Нақбаева: Біздің командалық әлеуетіміз өте зор. Әлі де өсіп, тәжірибені арттыра аламыз. Өзіме қатысты айтсам, жақын арада шахматты тастап кету ойымда жоқ. Өйткені қазір шахмат элитасымен кездесіп жүрмін, нәтижелерім де жаман емес. Қазақстандағы әйелдер шахматының деңгейін қазіргіден де биікке көтергім келеді. Біз қазірдің өзінде спорт тарихына еніп қойдық, өйткені Қазақстан бұған дейін ешқашан 6-орынға көтерілген емес. Тіпті алғашқы ондыққа да кіріп көрген жоқ. Бірақ бұл табысқа тоқмейілсуге болмайды. 

Рейтинг: Болашақта сіздерді қандай ірі жарыстар күтіп тұр?

Гүлісхан Нақбаева: Мен әйелдер арасындағы әлем чемпионатына жолдама алдым. Бұл сынға әлемнің үздік 64 шахматшысы қатысады. Әлем чемпионаты қазан айында өтеді. Жұмыс графигім өте тығыз. Әр күнім, әр сағатым жоспарлаулы. 

Рейтинг: Осы олимпиадада жадыңа тұтқан ерекше тәсіл, жаңалық болды ма?

Гүлісхан Нақбаева: Менің байқағаным, ойын барысында ешқашан босаңсуға болмайды. Қаншама рет жақсы позицяда тұрғаныма қарамастан, сәл босаңсудың кесірінен тең нәтижені қанағат тұтып қалған кездерім болды. Сосын қарсыластарымды зерттей бастадым. Олар әрбір ұпайға тістей қатып жармасады, қорғаныстары өте мығым. Тіпті позициялары аса сәтсіз болса да, олар қатты уайымдамайды, еркін ойнайды. Түптің түбінде жақсы жол табылатынына, жеңіп шығатынына сеніп отырады. Деңгейі төмен ойыншылар көп жағдай ұтылатын жағдайға тіреліп қалса, іштерін алдырып алады, уайымдап отырғандарын білдіріп қояды, еңселері түсіп кетеді. Осыдан кейін олар бұрынғысынан да әлсіз жүріс жасайды. Ал мықты ойыншылар сәтсіздікке тап болған сайын күшейіп отырады екен. Тістеніп алып, одан сайын ширыға түседі. Партия қанша сағатқа созылса да, олар түп-түзу, тіп-тік отырады. Олардың көздеріне қарап-ақ ығып, қорқақтап қалуың мүмкін. Мен олардан үлгі алып өсіп келе жатырмын деп ойлаймын. 

Рейтинг: Әйелдер арасындағы әлем чемпионатына қатыспақсың. Қайсысы мәртебелірек: олимпиада ма, әлем чемпионаты ма?

Гүлісхан Нақбаева: Менің ойымша, әлем чемпионатының мәртебесі жоғары. Өйткені мұнда чемпион атағын бір ғана адам алады. Әлем чемпионаты олимпиялық жүйемен өтеді, яғни жеңілдің бе, дереу жарыстан шығып қаласың. Қазір әйелдер арасында әлем чемпионы – 20 жастағы қытай қызы Хоу Ифань. Әлем біріншілігіне өте жақсы дайындалу керек. Нағыз бабыңда болмасаң, онда ештеңе бітіре алмайсың. Ең бірінші матчта жеңіске жетсең, ары қарай психологиялық тұрғыдан да жеңілдеп қаласың. Міне, осы жолдарды артта қалдыруға мүмкіндігім жететініне сенемін. Әлем чемпионаты – өте ауыр турнир. Бұл уақытқа дейін Қазақстаннан әйелдер арасындағы әлемдік додаға ешкім қатысқан жоқ. Дегенмен соңғы жылдардағы қазақ шахматының табысы бізді осы күндерге жеткізді. 2012 жылы – мен, 2013 жылы Динара Сәдуақасова гроссмейстер атандық. Биыл бұл атаққа Жансая Әбдімәлік қол жеткізді. Иә, бұрын Қазақстан құрамасында халықаралық шеберлер болды. Бірақ олар ары қарай спорттық ғұмырларын ұзартқан жоқ. Тұрмысқа шықты, тіршілікке араласып кете барды. Мүмкін жеткілікті қолдау болмаған шығар, мүмкін өздері ұмтылатын биік болмаған шығар. 

Рейтинг: Ал өзіңде қандай мақсат бар?

Гүлісхан Нақбаева: Әлем чемпионы атанғым келеді.Әрине, отбасы бақытын да сезінсем деймін. Қазір жасым 23-те, бәріне үлгеретініме сенемін. Қазір қолымнан келгеннің бәрін істеп, мүмкіндігім жеткенше шахмат биігіне қол артып көргім келеді. Тұрмысқа шықсам да, шахматтан қол үзбеймін. 

Рейтинг: Шахматтағы жолың қалай басталды? Осы жолды таңдауыңа кім көбірек әсер етті?

Гүлісхан Нақбаева: Мен анама қарыздармын. Анам Айдын жас кезінде шахматқа қатты қызыққан екен. Өзінің қолы жетпеген табыстарға біздің талпынғанымызды қалады. 6 жасымнан бастап тақтаға отырғызды. Шахмат клубына апарды. Басында онша қызыға қоймадым. Бірте-бірте бұл ойын мені тұңғиығына тарта берді. 14 жасымда өз жас дәрежем бойынша

Қазақстан чемпионы атандым. Бапкерім Григорий Ким «16 жасқа дейін Азия чемпионы атануың керек» деп нақты мақсат қойды. Осы мақсатқа жету үшін жан аямай жаттыға бастадық. Біз сол межеге қол жеткіздік. Табыстар келе бастаған соң, өзім де қызыға бердім. Жеңістің рухын сезіну, талпыну адамға ерекше ләззат сыйлайды екен. 16 жасқа дейінгі қыздар арасындағы әлем чемпионатында 5 орын алуым да жігерімді жани түсті. 2008 жылы Германияның Дрезден қаласында шахмат олимпиадасына бардық. Қазақстан құрамасы 49-орын алды. Шахмат әлеміндегі мықтыларды көріп, қатты толқыдым, оларға қарсылас атанғанымды көңіліме қатты медеу тұттым. 2008-2011 жылдар аралығында әйелдер арасында Қазақстан чемпионы атандым. 4 жыл қатарынан бірінші тақтада ойнап келемін. 

Рейтинг: Қандай табысыңды ерекше бағалайсың?

Гүлісхан Нақбаева: Жеткен жетістігімнің бәрі мен үшін қымбат. Дегенмен 2012 жылғы шахмат олимпиадасында Қытай құрамасымен тең түскеніміз айтулы оқиға болды. Мен әлем чемпионы Хоу Ифаньмен ойнадым. Бірінші тақта болғандықтан, бүкіл әлем біздің ойынға көз тікті десем, қателеспеспін. Ифань – өте зерек қыз. Шахматта жетпеген табысы жоқ. Ол өте жақсы позицияда тұрғанына қарамастан, мен тең ойнауға мүмкіндік беретін жалғыз жүрісті таба алдым. Матч тең аяқталғанда, қарап тұрған адамдардың бәрі ырза болып, қол соқты. Танитындары да, танымайтындары да қолымды қсып құттықтап жатты. Бапкеріміз Мұртас Қажығалиевтің матч алдында қатты ширықтырғаны дұрыс болыпты. «Ол да сен сияқты ет пен сүйектен жаралған қыз. Ол да жеңіледі, оның да осал тұсы бар. Саспа, жеңе алатыныңа алдымен өзің сен» деп қайрады келіп. Шынында да, кез келген қарсыласқа осылай дайындалып шығу қажет екен. Қытай құрамасы бізбен тең ойнағаннан кейін чемпион бола алмай қалды. 

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

Мұрағаттан: 28.08.2014


Әуеде үзілген ғұмырлар
Мақсат Аязбаев, велошабандоз: «АСТАНА» БІЗГЕ ҮЛКЕН МҮМКІНДІК БЕРІП ОТЫР
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу