Сүйеніш Құдыбаев: «Жапонша есімім - қатты дауыл, алып тау!»

Oinet.kz 22-04-2019 1660

Screenshot_24.jpg

Еліміздегі  Жапония елшілігі Астананың «Хан шатыр» ойын- сауық орталығында сумо  көрсетілімін қойды. Оған Сүйеніш Казафузан есімді жерлесіміз қатысты. Есімін сырттай естіп жүрген палуаннан орайы кеп тұрған сәтте аз-кем әңгімеге тарттық. 

–Сүйеніш, сумоға қайдан барып жүрсің?

- Өзім Маңғыстаудың тумасымын. 1984 жылы туылғам.  Ақтауда өскем. Кез келген қазақ баласы секілді күреске қызықтым. Тоғызыншы сыныпты бітіріп Алматыға жол тартым. ЦСКА спорт мектебіне түстім. Еркін күресте жаттықтым. Кейіннен қосымша әуесқой ретінде сумодан жарысқа  шығып жүрдім. Азия бойынша үшінші орын алған кездерім  болды. Содан жаттықтырушылар қызықтыра бастады. Солардың сөзі әсер етті ме, «шапанымды шешіп алмас» деп 2003 жылы Токиоға тікелей тарттым. Мені ұнатқан болу керек, әйтеуір алып қалды. 

- Басқа күрес түрімен салыстырғанда сумо қызық па? Жаттығулары ауыр ма? 

- Сумо Жапондардың ұлттық спорты. Сонау 642 жылдан басталған деп айтады. Күріш еккен дихандар  күн батарда дем алуы үшін осы күресті ойлап тауып, бір бірінің бәсін біліп, көпшіліктің көңілін аулаған екен. Содан бері сумоға құрмет күшті. Қазір сумо императорлық спорт! Жалпы, жапондар ұлттық дәстүр мен тарихына өте құрметпен қарайды. Сол себепті сумомен кәсіпқой айналысқың келсе, біраз шарттарға шыдауың керек. 

- Мәселен, қандай?

- Кәсіпқой сумошы болсаң, міндетті түрде шаш өсіруің керек. 

- Сен өсірдің бе?

- Әлбетте! Қыздардыкіндей ұзын шашым болды. 

- Бұдан басқа?

- Көшеге шықсаң, міндетті түрде якота яғни, кимоно киіп шығуың міндет. Көлік жүргізуге тиым салынған. Жаттығудың өз тәртібі бар. Таңертең тамақ ішпейсің. Таңғы 6.30-дан 11-ге дейін жаттығу. Түсте тамақтанған соң 1-2 сағат ұйықтауың керек. Кешке қарай қайтадан жаттығу. Кешкі 6-да тамақ. Тамақты ешкім жасап бермейді. Бәрін өзің жасайсың. Кешкі 9-да  міндетті түрде бөлмеде болуың керек. Түнгі 10-да жарықты өшіріп тастайды. 

- Ал, қыздармен қыдыру, үйлену деген ше?

- Кәсіпқой сумо жалпы 6 девизоннан, қазақша түсінікпен айтсақ, 6 сатыдан  тұрады. Теледидарда көрсетілетіні ең жоғарғы 1 мен 2-ші сатылары. Міне, сол дәрежеге жеткен палуандар жаттықтырушысы рұқсат берсе, әйел, бала-шағасын асырайтын жағдайы болса, үйленіп отбасын құра алады. Ал, төменгі сатыдағы палуандарға рұқсат жоқ. 

- Сен қаншасыншы девизонда болдың?

- Мен үшінші девизонға дейін жеттім. Одан ары шашты кесуге тура келді. Шашты бір кескенің кәсіпқой сумодан  біржола кеттім дегенің. 

- Ал, жоғары девизонға өтуге жағдай болмады ма?

- Әрине, ең басында сондай мақсатпен Жапонияға барғаным анық. Ешкім жеңілу үшін бозкілемге шықпайды ғой. Бірақ, сумоның жолы оңай емес. Өкінішім жоқ. Жер көрдім, ел таныдым, тіл үйреннім, дос таптым. 

- Жалпы, кез келген спорт түрінің өз жарақаты бар ғой, мысалы, еркін күресте құлақ мыжылып қалады. Сумоның жарақаты қандай?

- Тізе. Тізеге көп салмақ түседі. Өз салмағыңды, қарсыластың салмағын ұстау, шалт қимыл осының бәріне тізе жауапты. Сосын, мойын. Мен өзім бір мәрте мойнымды сындырып, жарты жыл күреске шыға алмай қалдым. Кәсіпқой сумода жарақат алып, жатып қалған ең жаман. Себебі, дәрежең төменгі сатыға бір-ақ түсіп кетеді. Төрт-бес жыл жинаған абырой, беделіңді бәрін қайтадан қорғап, жаңадан бастайсың.  

 Салмақ деп жатсың ғой, жалпы, сумоға шығу үшін салмақтың көптігі маңызды ма?

- Қазіргі кәсіпқой тәртіп бойынша, 70 келіден асқандар сумоға алынады. Ал, дохеге (кілемге) 200 келіден асатын палуандар да шығып жүр. Бірақ, оның бәрі жеңімпаз емес қой. Сумо қас-қағымдық күрес. Осы қас қағымдық сәтке қабағыңа қорқыныш, жанарыңа сес, ақылыңа айла, жүзіңе сұс, жүрекке айбат салып, дохеге шығасың. Ондай кезде кімнің салмағы үлкен деген сөз жоқ. - Ал сенің салмағың қанша?

- Жақында ғана таразға түскен кезімде 141 келі болғам. Бойым 183 см. 

- Осы сумоның басында палуандар аяқтарын көтеріп, отырып тұрып жатады ғой, сондай дене қыздыруын міндетті түрде кілем үстінде жасау шарт па?

- Мұны тек қана дене қыздыру әрекеті деп қарауға болмайды. Себебі, сумода ұлттық философия, таным-түсінік толып тұр.  Және оны құрметтеп, мойындау шарт. Жапон халқы бұл мәселеге аса кірпияз қарайды. Мысалы, дохеге (кілемге) тұз шашып шығады. Ол жолыңдағы жамандық кетсін деген наным. Тізеге қол тіреп, бір аяқты көтеру жын-шайтанды қуу деген сенім. Яғни, әр қимылдың өз нанымы бар. Және сол әрекеттер жасалған сәтте халық оны «көпшілікке ортақ» деп қабылдап, әр нанымның маңызы мен жорамалына сеніммен қарайды. Жеке палуанның жеке басына тіленген тілек деп бөлектенбейді.

Screenshot_25.jpg 

- Сүйеніш, сумо күресінде жапондардың басты қарсыласы моңғол палуандары дейді. Моңғолдар соншалықты мықты ма?

- Біріншіден, моңғолдардың өз сумосы бар. Екіншіден, олардың мықты екені де рас. Себебі, Жапониядағы сумо мектебіне балаларын беретін моңғол азаматтары көп. Менің ойымша, бұл күреске деген ұлт ішіндегі құрмет болса, екіншілден, табыс көзі. Себебі мықты сумошыларды Моңғолияда ұлттық батыр ретінде бағалайды. Дегенмен, жапондар да есе жіберетін ел емес. Бұрын бұл елдегі клубтарда 5-6 легионер болатын. Қазір оны шектеп, әр клубқа бір легионер алуға ғана рұқсат берді. Осының әсерінен өз іштерінде мықтыларды дайындау бұрынғыдан да жүйелі жүре бастады. 

- Шектеу салғандары қызық екен. Бірақ, кейінгі кездері олар керісінше әлем бойынша сумоны насихаттап жатыр емес пе?

- Иә, қазір Еуропа мен Ресейде сумо жақсы дамыған, арнайы орталықтар көп. Қазақстанда, Орталық Азияда ондай орындар жоқ. 2020 жылы Токиода Жазғы Олимпиада ойындары өтпек. Сол ойын қарсаңында, жапон халқы сумо күрестерін олимпиада ойындары қатарына қосуға барынша күш салып, насихат жүргізіп жатыр. 

- Түсінікті, осы сені Жапонияда Казафузан деп атапты, неге олай деген? Қазақстанға ұқсатып айтқан ба?

- Иә, есімімді Қазақстанға ұқсатып айтқаны рас. Бара салғанда жаттықтырушым қайдан келгенімді сұрады. Сосын көп ойланбай, осындай лақап ат берді. Лақап ат тез танылу үшін барлық палуанға  қойылады. Казафузан сөзінің мағыналық аудармасы «алып дауыл мен үлкен тау» дегенді білдіреді. Осылайша, Казафузан болып кеттім.

- Қазір не істеп жүрсің?

- Ақтауға өткен жылдың соңында келдім. Еркін күреске балаларды баулып жүрмін. 

- Сумоға ше?

- Егер қызығатындар болса, жоғарғы жақтан қолдау көрсек,ондай іске  мен дайынмын.  

Әңгімеңе рақмет!

 Жасұлан Серік. 

Мұрағаттан: 19.03.2015

Аманкелді Сейітхан, спорт комментаторы: Қазақ комментаторына қойылатын талапқа кісі баласы шыдай бер
Жақсылық Үшкемпіров: «Күрес намыстан туады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу