Олимпиада жолдамасы үшін бақ сынайды

Oinet.kz 24-01-2024 202

Биыл өтетін Париж Олимпиадасының іріктеу додаларына Түркістан облысынан 11 спортшы үміткерлер қатарына еніп отыр. Паралимпиада ойындарына 5 спортшы қатысады деп күтілуде. 

Screenshot_11.jpg

Облыста 77 спорт мекемесі спорттың 62 түрі бойынша шәкірттер дайындауда. Әлем чемпионаттары мен кубоктарында өңір спортшылары 74 алтын, 36 күміс және 20 қола медальға қол жеткізді. Азия чемпионаттары мен кубоктарында 111 алтын, 69 күміс және 36 қола медальға ие болды. Ал ел чемпионаттарында 420 алтын, 299 күміс, 308 қола медальді еншіледі. Облыста 16 халықаралық дәрежедегі спорт шебері дайындалса, 38 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері атанды. Былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында еліміздің құрамасы сапында түркістандық 27 сайыпқыран спорттың 13 түрінен жарыс жолына шықты. Нәтижесінде, спортшылар 2 күміс, 2 қола медальға қол жеткізді. Атап айтсақ, байдарка мен каноэда есуден Ольга Шмелева мен Ульяна Кисилева күміс медальді иеленсе, боксшы Сағындық Тоғамбай мен каратэші Әсел Қанай қола медальді облыс қоржынына салды. Ал Ханчжоуда өткен Пара Азия ойындарында спорттың 3 түрінен 5 спортшы ел намысын қорғады. Түркістандық спортшылар еншісінде 3 күміс және 1 қола медаль бар. Параканоэші Бибарыс Спатай мен Жалғас Тайкенов күміс медаль иегерлері атанса, Жаңыл Балтабаева қола жүлдені місе тұтты. Бибарыс Спатай қос күміске қол жеткізіп, Паралимпиада ойындарына лицензия жеңіп алды. Астана қаласында Ұлттық спорт түрлерінен VI фестивалінде облыс спортшылары жалпыкомандалық есепте І орынды иеленді. 

Ал Шымкент қаласының спортшылары Париж олимпиадасына 10-нан аса жолдама алуды жоспарлап отыр. Жуырда Индонезияның Джакарта қаласында өткен нысана көздеуден лицензиялық Азия чемпионатында шымкенттік спортшы Никита Чирюкин жылдам атылатын тапаншамен 25 метрден нысана көздеуде ешкімге дес бермей құрлық жеңімпазы атанды. Никита іріктеуде 584 ұпаймен 1-орын алып, Париж олимпиадасының лицензиясына қол жеткізді. Бұл – Шымкент қаласы спортшыларының Париж олимпиадасына алғашқы жолдамасы. 

Айта кетелік, Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтетін лицензиялық турнирде ел құрамасы сапында Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралба (80 келі) мен Айбек Оралбай (92 келі) бақ сынайды. Лицензиялық турнир 4-11 наурыз аралығында өтеді. Онда тек жартылай финалға шыққан боксшылар 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдамаға ие болады. Қазақстандық боксшылар қазірге дейін Жазғы Олимпиадада барлығы 22 медаль алды. Оның ішінде 7 алтын, 7 күміс, 8 қола бар.

Қазақ боксының ақыл-ойы
Білектің күші
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу