Отгонцецэг Моңғолияға өкпелі ме?

Screenshot_5.jpg

    Өткен аптада Рио олимпиадасының қола жүлдегері, дзюдошы Отгонцэцег Галбадрах білікті басшы Оңалбай Аяшев басқаратын Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық институтында қонақта болды. «Қола қыз» көп сөйлемейді екен. Қазақта «Арық сөйлеп, семіз шығады» деген сөз бар ғой. Моңғол қызы осы сөзді ұстанатын секілді. Ол қысқа әрі нұсқа сөйлеп, алдын-ала толағай уәделер бермеді. Студенттер тарапынан қойылған кей сұрақтарға шешіле жауап берді. 

    - Жалпы, Отгонцецэг Қазақстанға не үшін келді? Оның халықаралық жарыстарға, олимпиадаға өз елінің атынан қатысуына не кедергі болды? 

    Бір студент осылай сұрақ қойды. Бұл сұраққа дзюдошының бас бапкері Энхбатар Дашжамц былай деп жауап берді: 

    - Отгонцецэг 1992 жылы Моңғолияда дүниеге келді. Ол жастайынан спортқа құштар болып өсті. Дегенмен, спортқа құштар, еңбекқор болу жеткіліксіз екен. Менің дзюдошы қызым бірінші орыннан еш көріне алмай-ақ қойды. Оның жолын отандасы Мунхбатын Уранцецэг деген қыз кесе берді. Ал, жеңіс тұғырында маңдайы жарқырап көрінбеген спортшы ешқандай халықаралық жарысқа бармайды. Осы жағы Отгонцецэгты қатты алаңдатты. Тіпті, осылай жалғаса берсе, Рио олимпиадасына бара алмайтынын білді. Бұл оған ауыр соққы болып тиді. Сосын ойлана келе Қазақстан елінің атынан қатысуға бел будық. 2015 жылы Спорт министрлігіне өтініш жібердік. Көп ұзамай өтінішімізді қабыл алды. Міне, содан бері Отгонцецэг Қазақстанда бойындағы бар мүмкіндікті ашып, қарсыластарын жер иіскетті. Әлгі Уранцецэгты халықаралық жарыстарда 3 рет жеңді. Осыдан-ақ бәрін білуге болады. 

    - Сіз Рио олимпиадасында қола жүлде алдыңыз. Сол кезде Рио төрінде Қазақстан елінің көк туы желбіреді. Осы кезде сіз қысылған жоқсыз ба? Қанша дегенмен де, Моңғолия елінің суын ішіп, нанын жеп өстіңіз ғой?

    Бұл сұраққа әлгінде ғана жымиып отырған Отгонцецэг ұзақ бөгелді. Залды ауыр тыныштық басты. Көңіл-күйі күрт бұзылған дзюдошы қыз:

    - Мен Риоға Қазақстан елінің атынан қатыстым. Сонда менде бір ғана мақсат болды. Ол – жеңіске жету. Үшінші орын алып, көк туды желбіреткенімде мүлдем қысылған жоқпын. Себебі, мен Қазақстан елінің спортшысымын, Моңғолияның емес. Мен қай жерде жүрмін, соның намысын қорғауым керек, - деп шапшаң жауап берді. Бұл батыл жауап болды. Көрермендер екіұдай сезімде отырып қалды. Шамасы, Отгонцецэг өзінің кіндік қаны тамған туған жері - Моңғолияға өкпелі секілді. Мүмкін, туған жері, еліне емес, сондағы кей шенеуіктерге ме? Олар дзюдошының жолын кескісі келіп, «спорттық қастандық» жасапты. Егер ол дер кезінде Қазақстанға кетіп қалмағанда спорттық мансабына нүкте қойылар ма еді? Кім білсін?!.   

    Әйтсе де, жүрек қанша дегенмен өз елін, өз жерін аңсап тұрады ғой. Ұлтжанды адам ешқашан су ішкен құдығына түкірмесе керек. 

    - Сіз неге Оңтүстік Қазақстанды қаладыңыз? – деген сұраққа спортшы қыз: 

    - Оңтүстік Қазақстан облысы жаныма жақын. Бұл облыс Моңғолияға ұқсас. Мұнда мен өзімді еркін сезінемін, - деп қысқа ғана жауап қайырды. Осы кезде көрермендер арасынан: 

   - Ал, қазақ жігіті күйеуге шығуа ұсыныс жасаса ше? – деген көңілді сұрақ қойылды. Отгонцецэг қанша жерден мықты спортшы болғанымен, жүрегі жұмсақ қыз емес пе, қызарақтап: 

Ойланып көремін, - деді. Қыздар ешқашан «Иә» немесе «жоқ» демейді ғой. Осы жауабынан-ақ оның бойында қызға тән нәзіктік, жұмбақтық барын байқадық.   

    Бір өкініштісі, Отгонцецэг орысша сөйлеп, орысша ойланды. Бұл жерде спортшының еш кінәсі жоқ. Дана қазақ «Көппен бірге адас» дейді ғой. Көпшілік қай тілде сөйлеп, қай тілде жұмыс істейді, сол тілді меңгереді. Осылайша, Отгонцецэг орысша тіл сындырған. Сонда сырттан келгендер Қазақстанда орыс тілінсіз жүре алмайтын болғаны ғой?! Себебі, олар қай тілге мұқтаждықты сезінеді, сол тілді меңгеруге тырысады. Мысалы, сіз Ұлыбританиға барып, француз тілін үйренбейсіз ғой. Ал, Қазақстанда... Біз дзюдошы қызға қарап, осыны сезгендей болдық. Ия, өкінішті жайт.  

Мұрағаттан, 2016 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Головкин Деревянченкомен жекпе-жегі алдындағы жаттығуынан бейнероликпен бөлісті
  • Атақты ережесіз жекпе-жек шебері төбелестен көз жұмды
  • Данияр Елеусінов жеңілмеген американдықпен шайқас алдында мәлімдеме жасады
  • Емельяненко: «Нурмаганбетовке соққы техникасы жетіспейді»
  • Винокуров Францияда өткен веложарыста алтын медальді иеленді
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика