Гүлісхан Нахбаева: «Жауапкершілік жетістікке жетелейді»

gulishan_nahbaeva1.jpg

Гүлісхан Нақбаева, шахматтан халықаралық дәрежедегі гроссмейстер

Оңтүстік өңірінің тумасы, гроссмейстер Гүлісхан Нақбаева - шахматтан үш дүркін Азия, төрт дүркін Қазақстан чемпионы. Биыл 2-12 қазан аралығында өткен Қазақстан кубогында шахматтан әйелдер арасында жеңімпаз атанса, 18-20 қазан күндері ұйымдастырылған  Қазақстан чемпионатында жалпыкомандалық есепте 3 орын алды. Бұдан басқа да көптеген биіктерді бағындырды. 

Гүлісхан осыған дейін бізге берген сұхбатында қыз баласы үшін ең бірінші кезекте отбасы тұратыны, дегенмен, тұрмысқа шыққан күнде де шахматты қатар алып жүруге тырысатыны туралы айтып еді. Жақында Гүлісхан бізбен өзінің балалық шағы, отбасылық өмірі, алдағы жоспарлары жайлы ой бөлісті. Әсіресе, анасы жайлы көп айтты. Осыдан-ақ оның анасын ерекше сыйлайтынын білдік.  

- Мен Шымкент қаласында дүниеге келдім. Анам Айдын жас кезінде шахмат десе ішкен асын жерге қойған екен. Дегенмен, ол қаладан алыс қоныстанғандықтан (Бәйдібек ауданы, Ұйымшыл ауылы), шахматпен кәсіби деңгейде айналыса алмаған. Сосын, ол өз балаларын шахматқа баулып өсіргісі келді. Бірақ, шахматқа бауырларымның арасынан тек мен ғана шындап қызығыппын. Сонда да өте кеш. 14 жасымда. Оған дейін шахматқа жүрдім-бардым қарап, аулада өз қатарларыммен томпиып ойнап жүре беріппін. Мүшел жастан асқанымда мен шахматтан ересектер арасында Қазақстан чемпионатында 2 орын алдым. Шыны керек, мұндай нәтижеге жетем деп мүлдем ойламадым. Осы жеңіс мені жігерлендірді. Егер осы бабымнан айнымасам, мен шахматтан Қазақстан ұлттық құрамасына мүше бола аламын, сол арқылы ел намысын әлем чемпионаттарында, Олимпиада секілді дүбірлі додаларда қорғай аламын деп ойладым. Ойлап қана қоймай, осыны алдыма мақсат етіп қойдым.  

Менің ең алғашқы жанкүйерлерім – ата-анам болды. Олар мені әрқашан қолдап-қорғаштап, жарыстарға менімен бірге барушы еді. Әрине, спортта тек жеңіске жете бермейсің. Жеңілетін кездерің де болады. Мен мұны өте ауыр қабылдайтын едім. Сонда анам мені құшақтап, «алар асуларың әлі алда» деп жұбататын. Бір байқағаным, мен ірі жеңістерге көбіне жанымда анам болғанда ғана жетемін. Қасымда анам барда, мен өзімді еркін сезінемін. Анам менің орта жолда қалып қойғанымды қаламады. Ол мен үшін, спорттық мансабым үшін бәріне дайын еді. Анам зор үміт күткендіктен бе, мен өз ісіме жауапкершілікпен қарадым. Егер бойыңда жауапкершілік болмаса, ешқашан жетістікке жете алмайсың. Сонымен қатар, бапкерім Мұртас Қажығалиевке зор алғыс білдіргім келеді. Ол менің гроссмейстер болуыма көп еңбек сіңірді.   

Қазір мен тұрмыстағы келіншекпін. Өткен жылы мамыр айында күйеуге шықтым. Есімі – Асқар. Біздің 9 айлық қызымыз бар. Бір қуанарлығы, күйеуім мені әрқашан қолдайды. «Тұрмысқа шықтың, болды, үйде отыр» деп мені қысып тастаған емес. Керісінше, менің тоқырап қалғанымды қаламайды. Күйеуім де, ата-енем де шахмат мәселесінде әрқашан қол ұшын созуға дайын. Олар менің әрбір жеткен жетістігіме қуанады. Әрине, отбасылы болғасын, бас алмай тек шахмат ойнай берген де жөн емес. Әйел адам бәріне үлгеруі керек. Ең бірінші, ол жарының жағдайын жасап, ата-енесінің көңілін тапқаны жөн. Мен қазір кез-келген тамақты дайындаймын деп айта аламын. 

Мен жан-жақтылықты қалаймын. Өткен жылы қыркүйек айында облыс орталығынан өзімнің шахмат мектебімді аштым. Шәкірттерім бар. Бұнымен тоқтап қалғым келмейді. Алдағы уақытта мектепті кеңейтіп, үлкен шахмат орталығына айналдыруды ойлап жүрмін. Себебі, бізде талантты балалар өте көп. Дегенмен, олар өз-өздерін шыңдайтын жер таппай, таланттары солғын тартып жатады. Мен оларға жағдай жасауды азаматтық парызым деп білемін. Себебі, өспей, «іштей өлген» адамды көрген өте ауыр ғой. Әзірге бұл менің жоспарым. Болашақта іске асады деп сенемін. Дұрыс жоспарлай білсең, бұзылмайтын орда, алынбайтын қамал жоқ.      

Шахмат ойнаған адам жаман болады деп айта алмаймын. Мысалы, бір ғана шахмат партиясы – кішігірім өмір. Мұнда қарсыластар бір-бірімен арпалысып, соңына дейін күреседі. Әр қадамын алдын-ала ойластырып, түрлі стратегиялар құрады. Жеңіске жеткен адам ерекше бақытқа бөленеді. Қысқасы, шахмат - менің өмірім. Шахматсыз бір күн де өмір сүре алмаймын. 

Дайындаған: Абылай Есімбай, 

«Рейтинг» газеті №47, 8 желтоқсан

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Головкин Деревянченкомен жекпе-жегі алдындағы жаттығуынан бейнероликпен бөлісті
  • Атақты ережесіз жекпе-жек шебері төбелестен көз жұмды
  • Данияр Елеусінов жеңілмеген американдықпен шайқас алдында мәлімдеме жасады
  • Емельяненко: «Нурмаганбетовке соққы техникасы жетіспейді»
  • Винокуров Францияда өткен веложарыста алтын медальді иеленді
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика