Мұғалімдер аттестациядан өту үшін жаңа форматта тест тапсырады

Oinet.kz 21-10-2019 1988

Картинки по запросу мұғалім аттестация

Қазақстандық мұғалімдерге санатын жоғарылату жөніндегі өтінішін тікелей тестілеу орталығына беретіндей жағдай жасалады. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мұғалімдердің аттестациясын өзгерту шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik.kz сайтына сілтеме жасаған OINET.KZ.

"Қазіргі жүйе бойынша мұғалімдер өздерінің санатын жоғарылату үшін аудандық, одан кейін облыстық білім басқармаларына өтініш беруі керек. Ендігі мақсатымыз – мұғалімге өз өтінішін тікелей тестілеу орталығына беретіндей жағдай жасау. Біз осы мәселені қарастырып жатырмыз.  Әрине, алдымен тиісті ережеге өзгеріс енгізу керек. Жуырда оны да жасаймыз", - деді Шолпан Каринова.  

Айтуынша, тағы бір өзгеріс аттестация кезіндегі тест тапсырудың форматына қатысты болмақ. Бүгінде мұғалімдер қағазға басылған тест тапсырып жүр. Алдағы уақытта оны электронды үлгіге ауыстыру жоспарланып отыр. Осылайша, мәліметтердің құпиясын сақтау қарастырылған. 

"Мысалы, осы уақытқа дейін 123 мың мұғалім аттестациядан өтсе, олардың барлығы қағазбасты жұмыспен жүгірді. Ондайда "утечка" болуы мүмкін. Сондықтан біз ақпараттың құпиясын қамтамасыз ету үшін компьютерлік тестілеуді енгізген дұрыс деп отырмыз. Ол ұлттық бірыңғай тестілеу сияқты болады. 100 тапсырма, тестің мазмұны өзгермейді, тек оны өткізу формасы басқаша, яғни компьютерлік форматта болады", - деп атап көрсетті Каринова.

Бұдан бөлек, аппеляциялық шағымды да онлайн форматта тапсыруға мүмкіндік беріледі. Бүгінде мұғалімдер тестің нәтижесі шыққаннан кейін ғана қарсылық білдіре алады. Ал компьютерлік тестілеу кезінде ондай шағымды бірден жолдау тетігі енгізіледі.

Қазіргі таңда аттестацияның нәтижесіне қарай жалақыны 30-50 процентке артық алуға болады. Мәселен, астанадағы мектепте жұмыс істейтін педагог-сарапшының жалақысы 116 000 теңгеге дейін өсті. Педагог-зерттеуші 175 000 теңге алады.

Вице-министр Каринованың айтуынша, осы уақытқа дейін аттестациядан 123 мың мұғалім өтсе, қараша айында өтетін аттестация кезінде тағы 69 мың ұстаз өз біліктілігін көтеруге ниет білдіріп отыр.

"Негізі, мұғалім өзінің санатын бес жылда міндетті түрде көтеріп отыруы тиіс, я болмаса, қазіргі санатын растап отыруы шарт. Аттестацияға күштеп жіберу немесе қудалау деген әңгіме жоқ. Мұғалім, біріншіден, өз дәрежесін анықтай алады. Екіншіден, тест кезінде мұғалімнің нақты өз пәні бойынша білімі мен педагогикалық құзіреттілігі анықталады. Ал портфолиода оның жұмысы көрініп тұрады. Аттестацияны өз уақытында немесе мерзімінен бұрын да тапсыруға болады", - дейді Каринова.


Халықаралық рейтингте Қазақстан білім көрсеткішімен нешінші орында тұрғаны белгілі болды
Адвокат: «Талғат Ермегияв өзі істемеген қылмысы үшін сотталды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу