«Терезаның күлкісі» Мәжіліс депутатына неге ұнамады?

Oinet.kz 06-10-2019 1071

Терезаның күлкісі.jpg

Париждің Лувр мұражайында әйгілі суретші Леонардо да Винчидің «Мона Лизаның күлкісі» («Джоконданың күлкісі») деп аталатын атақты картинасы сақтаулы. Әлемдегі ең қымбат әрі танымал картинада флоренциялық саудагер Франческо дель Джокондоның жұбайы Лиза Герардини бейнеленген. Картина шамамен 1503-1505 жылдары салыныпты. 

Қанша ғасыр өтсе де, ғалымдар осы «Мона Лиза күлкісінің» құпиясын аша алмай әуре. 

Немістің Фрайбург университетінің ғалымдары жуырда мәлімдеме жасады. «Құпияның кілтін таптық» деп. Ғалымдардың айтуынша, уақыт өткен сайын Мона Лизаның күлкісі өзгеріп тұрады. «Бұдан екі ғасыр бұрын Лизаның күлкісі шат еді, қазіргісі күлкіден гөрі мысқылға көбірек ұқсайды» дейді олар. Заманына қарай – күлкісі. Ал енді француз зерттеушісі Паскаль Коттың сөзіне сенсек, Мона Лиза картинасы бояуының астында мүлдем басқа әйел бейнеленген. Ол кім болуы мүмкін?.. 

Бірнеше ғасырға шегініс жасап отырғанымыздың себебі бар. Біз Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй күлкісінің «құпиясын» тапсақ дейміз. 

Бірер күн бұрын Ұлыбритания палатасы қауымының отырысында Лейбористер партиясының жетекшісі Джереми Корбин премьер-министр Тереза Мэйді айыптап сөйледі. «Суррей графтығы билігіне бүйрегің бұрады, келісімді солардың ыңғайына қарай жасадың» деп шүйлікті. Оппозиция жетекшісі сөз етіп отырған Суррей – Оңтүстің Шығыс Азияның бір мемлекеті емес, ол – Англияның оңтүстік-шығысындағы графтық. Қазақстанның Нарынқол өңірі сияқты... 

Джереми Корбиннің айыптауын естіген Тереза Мэйдің күлкіден ішегі түйіліп қала жаздады. Күлгенде де риясыз күлген жоқ, ішіне жын кіріп кеткендей екі иығы селкілдеп, ызалана күлді. Терезаның мұнысын кейбір жұрт «сайтанның күлкісі», «ібілістің күлкісі», «тозақтан жеткен күлкі» деп сан-саққа жүгіртті. Әсіресе, орыс сайттары. 

Бірнеше күннен бері «Тереза күлкісінің» сырын іздеп бас қатырып жатқанымызда Мәжіліс депутаты Артур Платонов бұл күлкінің құпиясын айра-жайра етіп, оп-оңай ашып тастады. «КТК» арнасынан өткен жексенбіде көрсеткен «Портрет недели» бағдарламасын көрген де арманда, көрмеген де арманда. 

А.Платоновтың сөзіне сенсек, біздің елдегі Конституцияға өзгеріс енгізу мен билік тармақтарын бөлісу процесін әлемнің дамыған мемлекеттері кірпік қақпай қадағалапты; АҚШ, Батыс Еуропа елдері аузын ашып, көзін жұмып таңданыпты; өзгелердікіндей емес, парламентіміз ашық әрі мөп-мөлдір екен; басқа жолға бұрылмай-ақ, нағыз демократияның қандай екенін бәріне үйретіп, теңдессіз үлгі көрсетіппіз. Никита Хрущевтің баяғы «Мы вам покажем кузькину мать!» дегені сияқты... 

А.Платонов «теңдессіз жетістіктерімізді» тізбелей келе, Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэйдің «сайтан күлкісіне» айрықша тоқталды. 

«Британ Парламентіндегідей балама пікірге жеккөрушілікпен қарау біздің Парламентте ешқашан болған емес. Британ премьер-министрінің күлкісін кейбіреулер «сайтанның күлкісі» деп атады. Қалай ойлайсыз, құрметті көрермен, ұқсай ма?! Біз мұны талқылап жатпаймыз, біздің құзыретімізде емес. Британ премьері лейбористердің лидеріне күлу арқылы миллиондаған сайлаушыларды күлкіге айналдырды. Біздің көзқарасымыз бойынша, бұл – сүйкімсіздік. Олар өз елдерінде біріне-бірі күле берсін, масқаралай берсін, егер дәстүр сондай болса...». 

Платоновтың сын садағынан Британияның бұрынғы премьер-министрі Дэвид Кэмерон да аман қалған жоқ. Ол да әріптестерінің айтқанына қарсы шығады, «пенсияға кетем» деп мәлімдейді, қарсыластарын күлкіге айналдырады. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғысы да, қазіргісі де оңып тұрған жоқ. Саяси мәдениеттен жұрдай! Ал біздің премьер Британдық әріптестерімен салыстырғанда сайтан сияқты күлмейді, «пенсияға кетемін» деп ешкімді қорқытпайды, берген уәдесін орындайды. Қысқасы, саяси мәдениеттің не екенін британдықтар бізден үйренсін! 

«Платон менің досым, бірақ шындық бәрінен қымбат» деген қанатты сөз бар. Ал Платонов менің досым емес, сонда да құдайшылығын айтайық, Парламентте әлдебір заңды қызыл кеңірдек болып талқылау саяси мәдениетсіздік болып саналса, үкімет ұсынған кез келген заңды мақұлдай беруді мәдениетсіздіктің қай түріне жатқызамыз? Әлде мұның өз атауы бар ма? 

Платонов айтқан «саяси мәдениетсіздіктен» көптеп мысал келтіруге болады. Мәселен, Украина Радасында билікшіл депутаттар мен оппозицияшыл депутаттар жиі жаға жыртысады. Әлдебір заңды қорғап қалу үшін немесе өткізбеу үшін депутаттар бірінің-бірі тұмсығын бұзуға бар. Неге? Өйткені, нағыз қоғамдық бақылау соларда. Сайлаушының мүддесін қорғай алмадың екен, орныңды босат! Радада «мәдениетті депутатқа» орын жоқ. 

Оңтүстік Корея парламентінің мінбері де кейде бокс рингіне ұқсап кетеді. Себеп – сол баяғы мүдделер қақтығысы. 2009 жылы БАҚ туралы заң талқыланғанда жүзден астам депутаттың қабағы жарылып, мұрны қанаған. «Саяси мәдениеті тым төмен» кейбір депутаттар ауруханадан бір-ақ шықты. 

Жапондарды әдетте сабырлы халық деуші еді ғой, бірақ ұлттық мүддеге келгенде парламенттегі депутаттардың кез келгені самурайға айналып шыға келеді. Ал енді жапондарға қандай теңеу ойлап тапқан жөн? 

АҚШ, Аргентина, Италия, Чехия, Йордания, Индонезия, тағы басқа елдердің парламентіндегі жаға жыртыстарды айтпай-ақ қояйық, тіпті мына туысқан түріктер мен қырғыздар да парламентте тәп-тәуір төбелесе алады. Біздің депутаттың логикасына салсаңыз, парламентте төбелесу дегеніңіз – саяси мәдениетсіздіктің шегі! Тіпті одан да арысы болуы мүмкін. 

Төбелесе алатын, анығында, төбелескісі келген түр көрсететін депуттатар біздің Парламентте де бар. Бірақ жеме-жемде төбелеске олардың «саяси мәдениеті» жібермейді... 

Сөз басын Британ премьер-министрі Тереза Мэйдің «сайтан күлкісі» мен «саяси мәдениетсіздігінен» бастадық қой, сонымен аяқтайық. 

Тереза Мэй Қазақ Парламентінің депутаты Артур Платоновты сотқа бергені көз алдыңызға елестей ме? «Мені саяси мәдениетсіз деп атады, қызметтік беделіме нұқсан келтірді» деп. Елестете алмайсыз. Елестете алмайтын себебіңіз – Тереза Мэйдің Қазақстан Парламентінде және оның «мәдениетті депутаттарында» шаруасы жоқ. Оған өз лейбористері жетеді. 

Ал біздің «аса мәдениетті» депутат жер-көктен «саяси мәдениетсіздерді» іздеп тауып, оны бағдарламасы арқылы халыққа насихаттап әуре. Өйткені ол ешқашан төбелеспейді, қолы бос қой... 

Ерік Рахым, 2017 ж

Тіл мамандары жаңа әліпбидің болашағын талқылап жатыр
«Соловьевтің сандырағы» қымбат тұрады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу