Қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайдан кім ұтып, кім ұтылды?

Oinet.kz 29-11-2017 734

Соңғы уақытта қазақстандықтар «Атамбаев не айтты екен?» деп елеңдеп жүретін дәрежеге жетті. Қырғыздың президенті тақпен қош айтысар кезінде шатақ мінез шығарды. 27 қазанда президент 12 елдің елшісіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімінде Еуразиялық одақтан көңілі қалғанын, енді Қырғызстанға өз тауарын шығару үшін жаңа нарық қажет екендігін айтты. Атамбаев жаңа нарықтың Өзбекстан мен Қытай болатынын да жасырған жоқ. Осы жиында Атамбьаев қырғызстандықтарға деген өкпесінің қара қазандай екендігін де айтып салды.

Screenshot_8.jpg

-Өзін патриотпын деп есептемейтін қырғызстандықтар Қырғызстаннан кетсін,-деді. Алайда кімнің кететіні, кімнің қалатыны қазірдің өзінде белгілі. Атамбаевтың президенттік мерзімі желтоқсанда аяқталады. 

Қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай сайлаудан кейін де оңалған жоқ. Екі жақ бір-біріне кінә артудан аса алмай отыр. Айналып келгенде зардапты қарапайым саудагерлер тартуда.  

-Бұл біздің көзқарасымыз бойынша жәй ғана саяси проблема, - деп мәлімдеді Бішкекте өткен баспасөз мәслихатында Қырғызстанның базарлар қауымдастығының президенті, «Дордой» қауымдастығының вице-президенті Сергей Пономарев. Оның сөздерінше, «бұл контрабанда да емес, экономикалық мәселелер де емес, бұл - саясат».

-Қандай себеппен біздің сүт, ет, ауыл шаруашылығы және тоқыма өнімдерін контрабанда деп атайды? Мұның бәрі өзіміздің елде өндірілген, ЕАЭО форматына сәйкес келеді. Түркия, Иран және Қытайдан транзитпен Қазақстан арқылы келетін TIR көліктері қалайша Қырғызстанның бизнесі болып саналады? Қандай себептермен бұл көліктердегі жүктер ашылып, тексеріледі? Бұл халықаралық конвенцияны бұзу болып саналады, - деді Сергей Пономарев.

25 қазанда Ереванда өткен ЕАЭО үкімет басшыларының саммиті кезінде Қазақстанның премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қырғызстан мен Қытай арасындағы тауар алмасудың көлемінде айырмашылық өте үлкен екенін атап өтті. Қазақ премьерінің айтуынша, қырғыз жағы осы уақытқа дейін шекарада үшінші елдерден келетін тауарлардың ағымына бақылауды күшейтпеген.  Қырғызстан Одаққа мүшелікке өткелі Қытайдан келетін тауар көбейген. Қырғызстан мен Қытайдың берген мәліметтері бір-біріне сәйкес келмейді. Қытайдың берген мәліметі бойынша биылдың сегіз айында Қырғызстанға жасалған  экспорттың көлемі 5,6 млрд. долларды құраған. Ал Қырғызстанның есебі бойынша 1,5 млрд. Екіарадағы айырмашылық 4,1 млрд долларды құрайды. Яғни, қырғыз жағы жалған мәлімет береді. 

Алайда қырғыз жағы бұл айыптаумен келіспейді, олар енді халықаралық ұйымдар арқылы дабыл қағуға кірісті. Қырғызстанның экономика министрі Артем Новиковтың хабарлауынша, Қырғызстан 10 қарашада Дүниежүзілік сауда ұйымының сауда жөніндегі комитетінде арнайы баяндама жасайды. Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық комиссияға шағымы қаралатын күн әзірге белгісіз.

Новиковтың сөзіне қарағанда, Қазақстанмен шекарадағы мәселеге қатысты шешім экономикалық бірлестік аясында қабылданады. Екі тарап та ДСҰ-ға және ЕАЭО-ға кіреді.

18 қазанда Астанада Қазақстан мен Қырғызстан үкімет басшыларының кездесуінде жолаушы көліктері мен ауыр жүк көліктерінің жүрісін тежемеуге келіскен. Сол кездесуде шекара мәселесін шешу үшін жол картасын қабылдау келісілген.

25 қазанда қырғыз экономика министрі Артем Новиков, Ереванда Еуразиялық үкіметаралық кеңестен соң,"Қазақстан жол картасына қол қоюдан бас тартты" деп мәлімдеді.

«Қырғыз мемлекеті Бақытжан Сағынтаевтың сөздеріне байланысты арнайы мәлімдеме жасайды. Себебі біздің де айтарымыз бар», - деді Қырғызстанның премьер-министрі Сапар Исаков. 

"Менің тек бір ғана айтарым, шекарадағы ұзын-сонар кезек екі елдің азаматтарының да ашу-ызасын туғызып отыр. Шекарадан тек ғана қырғыз көліктері емес, қазақстандық, үшінші елдің де көліктері өтеді", - деді қырғыз премьері.

Бір қызығы, шекарадағы заңбзұшулықтар бұған дейін де болған. Қазақстанның бұл мәселені сайлау өткен қазан айында қолға алуының астарында не жатыр? Саясат па?

Ғ.Байтұқ: «Кешкі алтыдан кейін кеңседе ешкім қалмасын»
Әбдірахымов «семіз сөйлеп, арық шықты»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу