Болгариядағы бүлікті шешкен қазақ

Oinet.kz 04-11-2023 2267

1968 жылы Болгарияның астанасы Софияда  жастар мен студенттердің дүниежүзілік  lX фестивалі  басталды. Бұл фестивальге  СССР  де қатысатын болды. Мәскеудегі арнайы комиссия  15 республикадан  ең талантты  өнерпаздарды  конкурстан сұрыптап алу керек.

406510280_1548552535978172_5025002573216923844_n.jpg

Өкінішке орай, Қазақ ССР- нен ешкімді ұсынбапты. Не бір ансамбль,  не жеке орындаушы  комиссияның көзіне түспеген. Өзбекәлі бұл кезде іссапармен  Цейлонда жүрген. Алматыға келген бойда жайсыз жаңалықты естіп, тағы да қаны басына шапты. Дереу Мәскеуге  телефон соғып, мәселені қайта көтерді. Мәскеудегі жауапты маман: "Өзің біреуді ұсын! Мен қосымша  енгіземін",- деп уәде  берді.

Қызық енді басталды. Ұйымдастыру комитетінен біреу Өзбекәліге телефон соғып:

- Сонымен кімді ұсынатын болдыңыз? – деді.

- Әлі бекіткем жоқ. Қас талантты іздеуім керек, - деді Өзбекәлі. Осы кезде старший

браттың шовинистік мінезі қалқып бетіне шықты. Ол ұялмай-қызармай:

- Сізде бір таяққа екі ішекті тағып қойып тартатын аспап бар еді ғой. Міне сол күшті

болар еді. Европа үшін ол аспап – экзотика. Соны ойнайтын біреуді ұсынсаңыз қатып кетер еді, – деп қойып қалады.

Кеудесін кісіге бастырмайтын Өзбекәлі:

- Кімді ұсынатынымда сенің жұмысың болмасын. Қажет деп тапсам биші жіберемін, -

деді де трубканы тастай салды. Сөйтті де биші іздеді.

Қазақстанда виртуоз домбырашылар толып жатса да, Өзбекәлі не үшін бишіні таңдады? Себебі ол кезде ұлттық бидің жоқтығы қазақтарды кемсітуге таптырмас сылтау болатын. «Қазақтар өркениет көрмеген. Мәдениеттен жұрдай. Өнер дегенді ұқпайды. Ұшы-қиыры жоқ далада жөн-жосықсыз көшіп жүре берген. Бұларды адам қылған - орыс» деген сарындағы мәдениетсіз әңгімені көрінген жерде айта беретін.

Осы бір жабайы мінездің шовинистерге сіңісті болғаны сонша, 1970-80 жылдары Алматының өзінде қоғамдық көлікте өзара қазақша сөйлессең: «Эй, колбит, нормально разговаривай на человеческом языке», - деп тыйып тастайтын болған.

Ең қызығы, осындай жабайы мінезге не мемлекет тарапынан, не зиялылар атынан ескерту, түзеу, жазалау сияқты шаралар қолданбаған. Өкіметке шағым айтса, «ұлтараздық туғызбаңдар» деп өздеріне тап беретін. Тіпті Мәскеу мен Ленинградта отырған орыстың зиялы қауымы да осы бір жабайылықпен күресуге ықыласты болмаған. Яғни өзге ұлтты кемсітуді қалыпты табиғи процесс деп қабылдаған...

Бұдан соң Өзбекәлі беделін салып бишілерді іріктейтін комиссияны Алматыға алдырды.

Сыннан өткен биші келесі емтиханды Мәскеуде тапсыруы керек. Мәскеудегі сынаққа бұған дейін халықаралық жарысқа қатысып көрмеген 20 жасар атыраулық биші Гулжан Талпақова аттанды.

Іріктеу жарысы оңай емес. Шығыс биін көрсетуге өзбек, қырғыз, түркімен, тәжік, әзірбайжан елінің өнерпаздары да баратын. Тәңір берген талантыңа сенбесең, тамыр мен таныстың, телефонның ықпалы жүрмейді. Комиссия құрамында Мәскеу мен Ленинградтағы опера мен балет театрының тарландары отырды. Олардың көсемі – «Большой театрдың» жетекшісі, атақты биші Иосиф Михайлович Туманов.

Соншама дүлдүл арасынан олардың көзі Гүлжан Талпақоваға түседі. Гүлжан жұмыс бабымен Қостанай облысына гастрольге аттанады. Алыс бір ауданның шағын сахнасында билеп жүрген кезінде Қостанайдың жергілікті әкімі келіп: «Сені Алматыға басшылар шақырып жатыр. Ертең сені Өзбекәлі Жәнібек қабылдайды», – дейді.

Бізбен сұхбаттас болған Гүлжан Талпақованың өзі бұл оқиғаны бүй деп баяндады:

«Мені «Волгаға» отырғызып, шапшаң Қостанайға жеткізді. Әуежайда тікұшақ күтіп тұр екен. Тікұшақ сол күні кешке мені Алматыға әкелді. Ертесіне буынып-түйініп Комсомолдың ғимаратына келдім. Күтіп алушылар жаны қалмай жүгіріп жүр.

-    Қазір Өзбекәлі Жәнібек сізді көруге келеді. Сахналық киіміңізді киіп келіңіз, –  деді олар.

Ол кезде танымал болмасаң арнайы костюм тікпейтін. Қазақконцерттің жалпыға ортақ бір костюмін үстіме іліп алдым. Оның өзі құранды болатын. Көйлегі Жамал апанікі болса, нымшасы Шара апанікі болуы кәдік. Көбіне өлшемі сай келмей, үстіңде олпы-солпы тұратын. Оның өзін икемдеп, ішінен бүріп, қысқартып аламыз. Мен киім ауыстырып болғанша Өзбекәлі аға да келіп жетіпті. Бір қарағаннан түрі сұсты көрінді. Маған қарап:

- Қазақша қандай биің бар? Сахнаға шық та, көрсет өнеріңді, - деді.

Өзіммен бірге арқалап жүретін ауыр магнитофоным бар еді. Соны қостым да қазақша екі-үш би билеп бердім. Өзбекәлі үнсіз тамашалады. Би біткен соң талқылау залына жиналдық. Ол маған қарап:

- Бар киімің осы ма? – деп сұрады.

- Иә, осымен билеймін,- дедім. Ол жанындағы Мәдениет министрлігінің өкіліне қарап:

- Көрдіңдер ме, қазақ мәдениетінің сиқын? Шетелге шығып, қазақ биін таныстыратын бишіміздің киімінің түріне қара! Не масқара мынау? – деді.

Мен «түрім ұнамай қалды ма» деп шошып кеттім. Әлгі шенеунік басы салбырап, үндемей құтылды. Өзбекәлі маған қарап:

- Күнделікті киетін киім-кешегің қалай? – деді. Мен сұрақты онша түсінбедім.

- Жақсы. Жасыл көйлегім бар. Бәрі жаңа, - деп жауап бердім.

- Жолға ұстайтын сөмкең бар ма? – деп сұрады.

- Иә, - дедім.

- Әкел, көрсет! – деді ол.

Атыраудан Алматыға оқуға аттанарда әке-шешем сатып әперген советтік қара чемоданды қасыма әкеп қойдым. Оның чемоданға да көңілі толмады.

- Үш күн уақыт беремін. Үш күн ішінде үш биге арнап бөлек-бөлек ұлттық киім тіктіресің. Одан бөлек, төрт маусымда киетін киім-кешегін жаңалайсың. Косметикасын түгел ауыстыр. Боянатын опа-далабы мен әтіріне дейін импортный болсын. Қонақ үйде киетін халаты мен тәпішкесіне дейін жайнап тұрсын. Анау ескі чемоданды көрмейтін болайын. Ақшаны өзім табамын. Үш күннен кейін кездесеміз – деді де шығып кетті.

Жанна деген жауапты қыз менің қолымнан жетелеген күйі дедектетіп әкеліп Волгаға отырғызды. Қаланың шетіндегі 70-разъезд деген жерге жылдам жеттік. Ол жерде өкіметтің қоймасы бар екен. Қоймаға кіргенде аузым ашылып, жағып түсіп қала жаздады. Әртістер түсінде ғана көретін тоқсан тоғыз түрлі мата мен бағалы аңның жылтыраған терісі үйіліп жатыр. Базарда жүргендей қойманың ішін армансыз аралап, қымбат мата мен жүн-терінің неше түрін арқалап алдық та, театрдың астындағы арнайы киім тігетін цехқа келдік.

Тапсырманың қатты болғаны сонша, бүкіл дизайнер мен тігінші маған жабылды. Үш күн бойы киім өлшеп, пішумен болды. Өз көзіме өзім сенер емеспін. Құдды бір түс көргендей болдым. Жарқыраған мата мен жылтыраған теріден бір өзіме арнап қазақша киім тікті. Сахналық костюмім дайын болған соң, сыртқы киім-кешек пен косметиканы жаңалады. Соңғы үлгідегі ең сапалы әрі әдемі киімдер мен опа- далапты алдыма тосты. Ескі чемоданымды лақтырды да, Чехословакияда жасалған «папа, мама и я» деп аталатын матрешка сияқты үш қабатты чемодан берді. Бұл заттардың сапасының мықтылығы сондай, он жыл ұстап тоздыра алмадым.

Үш күннен соң мені ханның қызындай жайнатып, Өзбекәлінің алдына апарды. Киімді жайма сияқты жайып қойды. Өзағам бәрінің материалын қолымен ұстап, сапасын жеке-жеке тексеріп алды. Маған қарап:

- Қалай Гүлжан?! Жаңа киімдерің ұнады ма? – деді.

- Иә, аға! Бәрі ұнады, - дедім дірілдеп.

Ол кезде мұндай нығметті көрмеген таза совет адамы едік. Сондағы бар уайымым: «Конкурстан соң киім-кешекті қайтарып ала ма, жоқ па?».  Кенет шыдай алмай:

- Аға, конкурс біткесін бұларды қайтарып ала ма? Қазақ концертке тапсыруым керек пе? – деппін.

- Жоқ, - деді.

- Бұларға мен бір тиын төлеген жоқпын. Қымбат заттар. Мен оларды қалай аламын? – дедім. Ол күліп:

- Қыздар өзі түсіндіреді, - деп қысқа қайырды.

Бұдан соң фестивальге дайындалу үшін Мәскеуге аттандым. Мұнда Совет Одағының жас таланттары жиналыпты. Ол кезде ешбірінің атағы жоқ. Олар он жылдан соң ғана Халық әртісі атанып, Совет Одағының даңқты өнер жұлдызына айналды.

Біз бір команда болып күндіз-түні бірге дайындалдық. Олардан есімде қалғаны Сабира Атаева деген түркімен қыз, қырғыздан Болат Мыңжылқиев, әзірбайжаннан Тамара Синявская, молдовадан София Ротару болды. Қатысушыға екі костюмнен тіктірді. Сосын пойызға отырып, Польшаны басып өтіп, Болгарияға жеттік. Көп ұзамай фестиваль басталды. Атақты штангист Леонид Жаботинский СССР-дің туын ұстап шерудің алдында жүрді.

Әуелгі жоспар бойынша мен оркестрдің сүйемелдеуімен билеуім керек еді. Бірақ Софияға барғасын, не болғанын білмеймін, оркестр қатыспайтын болды. Оның орнына маған «өзбектің дойра деген аспабына билейсің» деді. Ал мен Юрий Силантьевтің симфониялық оркестрімен репетиция жасағам.

Амал жоқ, дойрамен репетиция жасауға көндім: Еrep дойраға билей алмасам, орныма өзбек кызы билейді екен. Ол қосымша құрамда болған. Яғни маған бірдеңе бола қалса немесе жарысқа он минут кешіксем, мені алмастыру үшін арнайы еріп келген  еді.

Конкурсқа  бір  күн қалғанда аздап қобалжып, ертерек ұйықтауға ыңғайланып отырғам. Кенет түнгі сағат он екіде біреу есік қақты. Ашсам, бейтаныс кісі.

- Сен бе Талпақова?-деп сұрады.

- Иә, мен, - дедім.

- Сен болсаң, жаңа ғана хабар келді. Ертең сен жарысқа шықпайтын болдың, -деп дүңк еткізді.

- Неге? – дедім шошып кетіп.

- Өзің білесің, мұнда оркестр жоқ. Ал дойра – өзбектің ұлттық аспабы. Сондықтан сенің орныңа Өзбекстанның бишісі билейді, -деді. Біреу үстімнен бір шелек мұздай су құйып жібергендей болды. Басым айналып, жүрегім дүрсілдеп кетті.

- Сонда қалай? Мен екі ай дайындалдым ғой. Дойраға да билей аламын,- деп жылап жібердім.

- Білмеймін. Өзбекстаннан келген өкіл солай деді. Ертең келіп әуре болмай-ақ қой, - деп қысқа қайырды да, кетіп қалды.

Не істерімді білмей, шарасыз кейіпте көзімнің жасын көл қылып, отырдым да қалдым. Менімен бөлмеде қатар жатқан құрбым маған қарағанда батыл еді. Ол мән-жайды бірден ұқты. Әй-шәйға қарамай, білегімнен ұстады да:

- Тез қимылдау керек, әйтпесе кеш болады, - деді. Сағаттың тілі түнгі он екі жарымды көрсетіп тұрған.

- Жылдам киін! – деп асықтырды әлгі қыз. Асып-сасқаным сонша, сахнаға киетін қазақша етікті киіп алдым. Үстімде халат. Құрбым болса:

- Кім еді сенің жолбасшың? Әлгі Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы қайда? -деп сұрады.

- Өзбекәлі Жәнібеков, -дедім мен еңіреген қалпы.

- Ол бұл жайдан бейхабар болуы мүмкін. Тезірек соны табу керек, -деді де мені жұлқып далаға алып шықты.

Бізге қарама-қарсы ғимаратта СССР-ді бастап келген комсомол көсемдері жайғасқан. Құрбым мені жетелеген қалпы сол ғимараттың ішінен бір-ақ шықты. Күзетшілер тосқауыл болып:

- Түнгі сағат бірде неғып жүрсіңдер? -деп сұрады.

- Бізге Қазақстанның комсомол хатшысы керек, - деді құрбым.

- Не істейсіңдер оны?

- Түсініксіз жағдай туып тұр. Таңертең конкурс. Мәселені қазір шешпесек ушығады, - деді құрбым.

Күзетшілер біздің мойынға асып алған «СССР» деген бейджикке қарады да, Өзбекәлі жатқан бөлменің нөмірін айтып ішке кіргізді. Өзағаңның бөлмесін тез таптық. Есік қақтық. Ол кісі жатып қалған екен. Мені көріп шошып кетті.

- Әй, Гүлжан мұнда не істепе жүрсің? Тыныштық па?- деп сұрады.

- Аға, мені Өзбекстанның басшылары алып тастапты, - деп жылап жібердім. Көз жасым көл болды.

Өзаға түк түсінбей:

- Кім? Қайда? Қашан? Не үшін алып тастаған? -деген сұрақпен төпелей жөнелді. Мен болған оқиғаны түгел баяндадым. Ол желдің қайдан соққанын бірден түсінді. Тістеніп тұрып біреуді жақсылап сыбады да, СССР Комсомолының бірінші хатшысы Евгений Тяжельниковке телефон толғады.

-  Евгений сен ояусың ба? Мен қазір барамын. Аналар тағы да бірдеңені былықтырып жатыр, -деді.

Сөйтті де, бас хатшының бөлмесіне бардық. Тяжельников екеуі арғы бөлмеге кіріп, есікті жауып алды. Он бес минуттай телефонмен сөйлесті. Сосын шықты да:

- Гүлжан еш алаң болма! Ертең билейсің. Бар да демал! Азанда сағат сегізде көлік жіберемін. Сақадай сай тұр! -деді.

Бөлмеден шықсақ, құрбым дәлізде үрпиіп тұр екен. Өзаға оған қарап:

- Уайымдама, құрбың ертең жарысқа қатысады. Бәрі оңынан шешілді, - деді де, екеумізді шығарып салды.

Бөлмеге келіп ұйықтататын дәрі іштім. Бірақ әсер етпеді. Алған стресстің күштілігі сонша, таң атқанша көз ілмедім. Азанда тұрып жуынып-киініп, сақадай сай тұрдым.

Сағат 8.00-де қап-қара шетелдік машина қонақүйдің алдына келіп тоқтады. Ол заманда СССР-де шетелдік көлік тұрмақ, «Жигули» көрмейміз. 1960-70 жылдары «Москвичі» бар адам патшаның баласындай көрінетін. Қонақүйден шыққан жұрт әлгі көлікке тамсана қарап, сыртын сипалап көріп жатты. Біреулері терезесінен сығалап жүр. Осы сәт-те қонақүйден мен шықтым. Шопыр көліктің артқы есігін ашып, мені ішке отырғызды. Жұрт қызығып қарап тұрды. Көңілім көтеріліп, бір марқайып қалдым.

Меніңше, сол заманның ең супер автомобилін Өзбекәлі ағам мені «Жігерленіп сілкінсін! Қуаттанып қуансын!» деп әдейі жіберген сияқты. Әйтпесе ондай көлікке Брежневтің қызы да отырмаған шығар. Түндегі күйреген көңіл күйім таңғажайып көлікке отырған соң, лезде қалпына келді. Концерт өтетін ғимраттың алдына келіп тоқтағанда патшаның қызындай болып салтанатпен түстім.

Сахнаның артында ұлттық костюмді киіп, кезегімді күтіп тұрмын. Оркестр сол күйі құрыды. Амал жоқ, дойраға биледім. Бағыма орай Алматыда оқыған кезде биден беретін ұстазым Тәшкеннің қазағы еді. Ол маған өзбек биінен сабақ беріп, дойраның ритмін үйреткен.

Таныс аспап болған соң, сасқаным жоқ. Ә, дегеннен дойраның ритмін іліп алдым да, мың бұралып сала бердім. Обалы не керек, бидің түбін түсірдім. Бірақ ұйқының аты ұйқы. Қанбаған ұйқы жүзімдегі эмоцияны солдырып жібер- ді. Жүзімнен шаттықтың шуағы төгіліп тұрмады. Мұны қазылар да байқап қойды. Кім білсін, егер сол жолы эмоциям мықты болғанда, бәлкім, бірінші орын алар ма едім...

Есесіне үш күн бойы Алматыда тіктірген ұлттық костюмім үлкен рөл ойнап кетті. Қос етек көйлегім де, велюр нымшам да, құндыз бөркім де, бөркімнің үлбіреген үкісі де сахнаны жандырып жіберді. Осылайша бірінші турдан өттім. Одан кейінгілері оңай болды.

...Соңғы шешуші кезеңде ерекше шабыттандым. Себебі залдың атмосферасы жігер сыйлады. Сахнаға шыққанда зал қиқулап, айғайлап, ысқырып, қол соғып шулап кетті. Артынша тебіреніп жылағаным есімде. Кейін байқасам, мен шыққанда делебесі қозып қиқулап отырған қазақтар екен. Өзағам фестивальға делегация болып барған барлық саланың маманын залға жинапты. Тіпті қырғыз делегациясын әкеліп отырғызып қойыпты.

Жарыс біткен соң, жеңімпаздарды анықтап, марапаттау үшін арнайы залға жинады.Бірінші күні дойраға билеген биім көңілден шықпады. Сондықтан жүлдеден үміт күтпегем. Мұндай фестивальға қатысудың өзі – абырой. Кенет қазылар: «Талпакова, СССР» деп айғайлады. Маған бұл «Калпакова» деп естілді де, мән бермей отыра бердім. Сөйткенше болған жоқ, «Гүлжан Талпакова, СССР» деп бірнеше мәрте шақырғанда, қасымда отырғандар маған бұрылып:

- Әй, Гүлжан, сені шақырып жатыр, - деді.

Тоқ соққандай құлағым естімей қалды.

Тәлтіректеп тұрдым да, баспалдақпен былқ-сылқ етіп, мас адамша теңселіп әрең түстім. Сахнаға жеткенше құлап қалам ба деп қорықтым. Жарқыраған күміс медальді мойныма ілді. Сый-сыяпат пен гүл шоғының астында қалдым. Фотографтар жан-жақтан шатырлатып жарыса суретке түсіріп жатыр.

Осылайша өмірімде алғаш жарысқа қатысып, ә дегеннен екінші орын алдым. Өзағамның қуанышында шек жоқ. Жеке келіп құттықтады. Мәскеуге барған соң, жеңімпаздарға дастарқан жайды. Ол жерде Өзағамның абыройы асқақтап, айдарынан жел есіп тұрды. Бұдан да қызығы – СССР-дегі ең беделді журналдың бірі «Огонектің» мұқабасына суретім шықты. Ішіне мен жайлы көлемді мақала жазылыпты. Оны да ұйымдастырған Өзбекәлі ағам болатын.

Конкурстан алтын алған қаншама лауреат пен таланттар үзеңгі қағыстырып, ауыздығын шайнап тұрған. Сонша жұлдыздың арасынан суырып шығаруы – мен үшін ғана емес, Қазақстан үшін зор абырой. 1968 жылы ұлттық киіммен «Огонектың» мұқабасына шығуым қазақ жастарына мотивация мен мақтаныш сезімін сыйлады.

Бұдан соң Алматыға ұштым. Ол кезде Алматының әуе-жайынан ұшақ аз жүретін. Қонуға жақындағанда алаңдағы қызыл кілемді көріп, «шетелден қонақ келген екен» деп ойладым. Траптан түскен кезде бір-ақ білдім. Мені салтанатпен күтіп алу үшін бұл құрметтің бәрін ұйымдастырып дайындаған Өзбекәлі ағам екен.

Осыдан соң жұлдызым жанып, тасым өрге дөңгеледі. Орта Азия бойынша шығыс биін билейтін жалғыз бишіге айналдым. Соның арқасында елуден астам шет мемлекетте өнер көрсеттім.

Софияда болған оқиғаны кейін терең сараптадым. Ол интриганы Өзбекстанның комсомол хатшысы ұйымдастырса керек-ті. Ондағы мақсат – маған жалған ақпарат беріп, конкурсқа қатыстырмау. Бес минут кешіксем, менің орныма Өзбекстанның бишісі шығуға дайын тұрыпты. Дайын тұрғаны сол, оркестрдің өзін дойрамен алмастырып қойған. Ол заманда шетелге кім шықса да, СССР-дің атынан қатысатын. Сондықтан өзбек шықты не, қазақ шықты не айырмасы жоқ деп қарайтын.

Бірақ Өзбекәлі олай қараған жоқ. Ол ұлттық намысқа шапқан кезде басқа идеологияны көзі көрмей қалатын. Сол түні интриганың тірсегін қиып, жолын жауып тастады. Мен де намысқа тырысып, батырға оң-солы бір дегендей, өзбектің дойрасына өзбектен артық билеп шықтым.

Егер сол түні сүрінгенімде, кейінгі бақ пен бақыттың, атақ пен даңқтың ұштығы түгіл пұштыға да бұйырмас еді. Одан бөлек сол түні бірден шешім қабылдап, білегімнен сүйреп отырып Өзағаның бөлмесіне ертіп апарған жан құрбыма да өмір бақи қарыздармын. Ол – атақты әнші София Ротару болатын. София сол жолы алтын медаль алып, жұлдызы жарқырады.

Санжар Керімбай

Айбек Наби

Жылқы иісі...
Құнанбайдың серті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу