АҚШ-қа ұнамағанның бәрі диктатор

Oinet.kz 30-01-2014 799

«Араб көктемінің» Сириядағы операциясы сәтсіз аяқталады. Сирия демократияшыл батыс үшін оп-оңай жәукемдей салатын Ирак пен  Ливия емес. Башар Асад Саддам Хусейн мен Муаммар Каддафи сияқты оңай шағыла салатын жаңғақ емес.  Өйткені АҚШ қанша жерден жаманатты етсе де, қанша жерден айтақтатса да Башар Асадты қанқұйлы диктаторға ұқсату қиындау. 

Screenshot_9.jpg

Өзіңіз қарап көріңіз, ол араб әлемінің диктаторлары сияқты үстінен әскери формасын тастамайтын, билікке мастанған, өзімбілермен, маңдайы тайқы саясаткер емес. Мұнтаздай таза костюм, галстук. Диктаторлар сияқты Асадтың орақтай немесе тіс щеткасындай тікірейген мұрты да жоқ.  Елде толқу күшейген кезде президент тіпті өзінің отыз жылдан бері тастамай жүрген елеусіздеу сирек мұртын да қырып, бір сәтте «құрбандыққа» шалды да жіберді. Бұл жұртшылыққа кәдімгідей әсер етіп,  Асадқа сириялықтардың сенімі арта түсті. Президент бұл сенімді ақтады, жаңа конституция қабылдады, Парламентке көп партиялы сайлау өткізді. Бұдан нені байқауға болады. Саддам Хусейн мен Муаммар Каддафиге қарағанда Башар Асад әккі саясатты жақсы меңгерген. Ол әсіресе, батыстың берген пиар соққысына дер кезінде қарымта қайыра білетін президент болып шықты. Егер Сирия халқына осы қиын-қыстау кезде бейбітшілікті, саяси тұрақтылықты сақтап қалу бұйырса, онда олар алдымен Асадтың иліккіштігіне, тілтабысқыштығына, тапқырлығына рахмет айтуы керек болады. 

2012 жылдың мамырында Сирия президенті батыстың басылымдарына берген сұхбатында былай деді:

- Мен батыс елдерінде білім алдым. Дәл сол батыс елдері—Франция, Англия мені уақтысында демократ, жаңашыл, реформатор деп атаған. Енді айналдырған бір-екі жылдың ішінде мен тиранға айналдым да кеттім. Бұл қалай?

Расында да бұл қалай?  АҚШ-тың саясаткерлері, лауазымды шенеуніктері 2010 жылға дейін  ауыздарынан суы құрып, реформашыл, демократ деп жүрген Башар Асадқа қатысты саясатын бір күнде теріс айналдыра салды. Енді одан өткен құбыжық жоқ. «Сириядағы жағдайды тұрақтандыру үшін Башар Асад биліктен кетуі тиіс» деп күні-түні сауысқандай сақылдайды келіп. АҚШ-қа ұнамай қалған президенттің бәрі диктатор. Дереу орнын босатуы тиіс, әйтпесе оған қарсы өз халқын айдап салады.  Билеуші үшін өз халқының қолынан құрбан болғаннан артық қорлық бар ма? Кейбір сарапшылардың пікірінше «араб көктемі» Крыловтың «Қозы мен қасқыр» деген мысалын еске түсіреді. Күшті қашанда үстемдігін жасайды, ал әлсіз қанша жерден ақ болса да күштінің аузында немесе қанжығасында кете барады. Бұл жерде кімнің қозы, кімнің қсқыр екенін түсіну қиын емес шығар. 

Ал Асад былай дейді:

- Араб әлемінде не болып жатқанын қараңыздар. Билікке ислам келген жоқ, исламшылар, радикалды діни топтар келіп жатыр. Мыңдаған адам құрбан болды,--дейді. Ол ислам дінінің ішіне ірікті салудың ақыры қиын жағдайға апарып соғатынын айтады. Халықты осындай алауыздықтан, қауіптен сақтандырады. 

Жалпы Асад билікке 2000 жылы президент әкесі Хафез Асад қайтыс болғаннан кейін келген. 34 жасында. Сирия Парламенті Асадтың билікке келуі үшін Конституцияға өзгеріс енгізіп, президент болатын жасты 40-тан 34-ке төмендеткен. Бір айдан кейін өткен референдумда ол 97,29 пайыз дауыспен президент болып сайланды. 2007 жылы елде кезекті референдум өтті. Сайлау бюллетенінде «Сіз Асад Башардың 2014 жылғы дейін президент болғанына сенім білдіресіз бе?» деген бір ғана сауал жазылды. Бұл жолы президент 97,62 пайыз дауыс алды. Міне, енді 2014 жыл да келіп жетті. Жуырда Сирияның Ақпарат министрлігі:

- Сирия президенті елде сайлау өткенге дейін билікте бола береді. Ал сайлау қантөгіс аяқталғаннан кейін өтеді,--деп мәлдімдеді. Асад келесі президенттік сайлауға міндетті түрде қатысатынын бұған дейін де ашық айтып жүрген. АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының мәліметі бойынша Асад Башар келесі сайлауда 75 пайыз дауыс алуы мүмкін екен. Таза демократиялық жағдайда бұл дегеніңіз үлкен жетістік емес пе? 

Бірақ сайлаудан кейінгі жағдайдың қандай боларын дәл қазір болжау қиын.  2012 жылдың қаңтарында өзін қолдауға шыққан халықтың алдында сөйлеген Башар Асад:

- Біздің ақырғы күнімізді күтіп отырғандарды, қараниеттілерді жеңетінімізге сенемін. Алла Сирия мен оның ұлы халқын сақтасын,--деген еді. Алла Сирияны бір апаттан сақтап қалды. Ал келер күннің қалай боларын тек Алла ғана біледі. 

Әкімдер рейтингісі әділ түзіле ме?
Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу