Әкеге қарап ұл өсер немесе Президент Әкімшілігін кімдер басқарды?

Oinet.kz 23-01-2014 1049

Бала әкенің өмір жалғасы, ізін басушы. Бұл табиғат заңдылығы. Қазақта әке мен балаға қатысты мақал да, мәтел де аз емес. «Бір бала әкеге жете туады, бір бала өте туады», «Әке көрген оқ жонар...», «Әкеге қарап ұл өсер...», осылай жалғасып кете береді. Әке балаға қашан да қамқор, бала да әкесінің қолдаушысы, көмекшісі. Десек те, кейде бұл екеуінің арасында кереғар пікірлер, көзқарастар, әрекеттер де кездесіп жатады. Бұл тасқа басылған тарихымызда да кездеседі. Қазақтың маңдайына біткен біртуар ұлы ойшылы, қазақтың бас ақыны Абайдың болыс әкесі Құнанбаймен бала кезден байқалған көзқарас қайшылығы өте көп болды. Ол әке салған сүрлеумен жүрмеді, тіпті, оны теріс көрді, сөйтті де тыңнан түрен салды. Өзі бағындырған биігіне өзі көтерілді. Қазір заман өзгерді. «Әкімнің ұлы әкім, депутаттың ұлы депутат, прокурордың баласы прокурор, соттың ұлы сот, қойшының баласы қойшы болады» деген ұғым қалыптасқаны ащы да болса шындық. Бүгінде билік басында отырғандардың әкелері қандай қызметтер атқарған? Бүгінгі тақырыбымызды Президент Әкімшілігін басқарғандарға арналмақ.

Screenshot_17.jpg

Еліміздің тәуелсіздік алғанына 22 жыл толды. Демек, тұңғыш Президенттің таққа отырғанына да осынша жыл. Ел басқару бір адамның қолынан келмейді, әрине. Елбасының жұмысына жәрдем беретіндер көп. Сол жәрдемшілердің бірі, бірегейі де Президент Әкімшілігіндегілер. Осынау маңызды «постты» осы кезге дейін кімдер басқарды? Ұлдың әкеге қарап өсерін ескерсек, олардың әкелері қандай қызметтер атқарған? Осы сауал төңірегінде аз-кем сараптау жүргізгенді жөн көрдік.

Президент Әкімшілігін алғаш басқарғандардың бірі – Нұртай Әбіқаев. 1947 жылдың мамыражай мамырында Алматы облысы Жамбыл ауданының Жамбыл ауылында дүниеге келген ол қарапайым отбасыдан шығып, мемлекеттік саяси тұлға дәрежесіне дейін көтерілді. 2010 жылдан бері Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің тізгінін қайта қолға алған генерал-майор Нұртай Әбіқайұлы бұған дейін талай лауазымды қызметтерді атқарды.  Көз көргендердің айтуынша, Нұрекеңнің әкесі Әбіқай өте қарапайым адам болған деседі. Ауылында қой да бағып, кез-келген қара жұмысты таңдамай-ақ атқара берген екен. Көп сөйлемейтін, мінезі тұйықтау, ешкімге зияны жоқ, өз арбасын өзі сүйреген Әбіқай қария ауыл арасынан алысқа ұзап шыға қоймапты. Десек те, Нұртай Әбіқайұлының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа туыстығы, дәлірек айтқанда жиені екені туралы ресми деректер кездеседі. Осы тұрғыдан алғанда мінезі әкесіне тартқанымен, қызметтік карьерасында нағашысының қолтаңбасы көбірек әсер еткен болса керек.   

Президент Әкімшілігін алғаш басқарғандардың бірі – қарағандылық Оралбай Әбдікәрімов. Ол 1996, яғни Президент әкімшілігінің жетекшісі қызметіне кіріскенге дейін осы әкімшілікте көп жылдар жауапты қызметтер атқарған. Кейін оған сенат депутаты, төрағасы қызметтері де сеніп тапсырылды.

Осынау үлкен лауазымды қызметтерді атқарған Орекеңнің әкесі Әбдікәрім Оразбеков жылқы бақса, шешесі Бибіжан да колхозда жұмыс істеген. Осынау қарапайым отбасыда тәрбиеленген Оралбай Әбдікәрімұлы да алғашқы еңбек жолын шопан болудан бастаған. Жоғары оқу орнын, жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін қызметтік карьерасында күрт өсу баспалдақтары басталады.  

Сарыбай Қалмырзаев. Саяси элита өкілі ретінде бұл есім де жұртшылыққа жақсы таныс. Жамбыл облысының Шу ауданында дүниеге келген Сарыбай Сұлтанұлының мамандығы экономист. Мемлекеттік мүлік жөніндегі комитетте, Жамбыл облысында әкім, өзге де жауапты қызметтер атқарған. Ал, 1997 жылы және 1999-2002 жылдар аралығында Президент Әкімшілігінің тізгінін ұстады. Тағы бір жыл орынбасары, Президенттің іс басқарушысы, 4 жыл қаржы полициясын басқарды. 2012 жылдың 27-шілдесі күні көз жұмды.

Сарыбай Қалмұрзаевтың «әке салған сүрлеуге» түскен ұлы Нұрбол билікке ерте араласып, жас та болса «КазТрансОйл» компаниясының басшысы болды. Бұрынғы «Отан» зейнетақы жинақтаушы қорының, «ЛарибаБанктың» және басқа да ірі нысандардың қожайыны болған.

Президент әкімшілігін 2004-2008 жылдар аралығында қазіргі Қорғаныс Министрі Әділбек Жақсыбеков басқарды. Қостанай облысының тумасы Әділбек Рыскелдіұлы да түрлі қызметтердің тұтқасын ұстады. Қазақстанның Ресейдегі елшісі, Астана қаласының алғашқы әкімі, Индустрия және сауда министрі болды. «Цесна» атты коорпорациясының да тасы өрге домалап, кәсіпкерліктің қызығын көрді. Сенат депутаты, облыс әкімінің орынбасары болды. «Нұр Отанның» да туын желбіретті.  

Ә.Жақсыбековтың әкесі Рыскелді Жақсыбеков 35 жылға жуық мәдениет саласында қызмет етсе, соның 25 жылын бір орыннан тапжылмастан Целиноград облыстық кинофикация басқармасына жетекшілік етті. Облыстық Кеңестің депутаты болып сайланған. Алғаш әке салған сүрлеуге түскен Әділбек те бүкілодақтық кинематография мемлекеттік университетін тәмамдап, Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтында «материалдық-техникалық жабдықтаудың ұйымдастырушысы» мамандығы бойынша қайта даярлықтан өткен. Қазақ КСР Мемкино жүйесінде, материалдық-техникалық жабдықтау органдарында жұмыс істеп, кәсіпорындарға басшылық еткен.

Қарғандының тумасы, биліктің де, оппозицияның да көңілін қалдырмаған, бүгінде мемлекеттік қызметтің қызығы мен шыжығына бірдей батып отырған Әлихан Байменов 1996 жылы Президент әкімшілігінің орынбасары қызметіне келіп, 1998 жылы басшысы атанды. Әлихан Мұхамедьяұлы 2005 жылы «Ақ жол» партиясының төрағасы ретінде Президенттік тақтан да дәмесі бар екенін көрсеткен.

Саяси аренадағы салмағы ауыр, ықпалды адамдардың көш басынан көрініп жүрген атыраулық Иманғали Тасмағамбетов Президент Әкімшілігінің тізгінін 2004 жылы ұстады. Бір кездегі қатардағы география пәнінің мұғалімі Иманғали Нұрғалиұлының тарихқа, археологияға және этнографияға, жалпы мәдениетке деген қызығушылығы өзін өзге шенеуніктерден ерекшелеп тұратыны шындық. Монғолиядағы тасқа қашалып жазылған Күлтегін хаттарының көшірмесін елімізге әкелуге мұрындық болған адам. Бірнеше кітаптардың авторы. Философия ғылымдарының кандидаты, саясат ғылымдарының докторы. Жан-жақтылығының арқасында әкім де, министр де, Премьер Министр қызметтерін де атқарды. Мұрагерлердің тізімінен аты-жөні түспейтін Иманғали Тасмағамбетовтың әкесі Нұрғали Тасмағамбетовтың мамандығы қаржыгер болған екен. Өмір бойы осы салада, аудандық деңгейде қызмет еткен.

Саясаттағы ауыр салмақтылардың тағы бірі – Аслан Мусин. Ол бірнеше облысты басқарып, министр, вице-премьер, мәжіліс депутаты, мәжіліс төрағасы болған адам. 2008 жылы Президент Әкімшілігін басқарды.  

Аслан Мусиннің әкесі Еспула Мусин колхоз басқарған екен деген деректер кездеседі. Бірақ, ел аузында оның әкесінен гөрі ұлы Асылбек жайлы гу-гу әңгіме көп. Асылбектің аты монотеистер қозғалысын құрушы және басқарушы ретінде жиі айтылады.

Президент әкімшілігіне жетекшілік еткендердің тағы бірі – Қайрат Келімбетов. Ағылшын, француз, орыс тілдеріне жүйрік болса да ана тіліне шорқақтау Қайрат бұл қызметтің тізгінін 2008 жылы ұстады. Бұған дейін де вице-министр, министр секілді маңызды қызметтерді атқарды. Оппозицияда да жүрді. Бірақ, райынан тез қайтып, билікке қайта қызмет ете бастады. Қазір ең маңызды посттың бірі – Ұлттық Банкке төрағалық етеді.

Қайрат Келімбетовтың әкесі Немат көпшілікке белгілі адам. Жазушы, журналист, аудармашы, филолог, тюрколог-ғалым, экномист, академик Немат Келімбетовтың «Үмітімді жоғалтқым келмейді» деген кітабы, «Ұлыма хат» атты эссесі көпшілікке кеңінен танымал болды. Әсіресе, «Ұлыма хат» эссесіндегі «адал бол, үлкендерді сыйла, өтірікке сенбе, алдыңа айқын мақсат, шынайы арман қоя біл, онсыз толыққанды өмір сүре алмайсың» деген секілді өз өмірінен алынған өсиеттерді ұлы Қайрат өмірлік кредо етіп алғандай. Қайраттың іскерлігіне қарап осылай десек, артық айтқандық болмаса керек-ті.

Нұрсерік Шәріпов: «Асардағылар» қарызды қайтармаса тұрғын үймен қоса жер телімінен де айырылады»
Кәрім Көкірекбаев. Кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу