Нұрсерік Шәріпов: «Асардағылар» қарызды қайтармаса тұрғын үймен қоса жер телімінен де айырылады»

Oinet.kz 20-02-2014 1262

«Нұрлы көш» бағдарламасы аясында Шымкент қаласының аумағынан кілең  оралмандар қоныстанған  «Асар» шағынауданы  бой көтергеніне біршама жыл болды. Өзге аймақтарда отау  тіккен оралмандар не ішер суға, не жүрер жол мен жағар жарыққа жарымай, басқа да сан алуан мұң-мұқтаждықтарына байланысты көптеген мәселелер қанша шағымданғандарына қарамастан шешімін таппай шиеленісіп тұрған шақта  «Асарға» бюджеттен көл-көсір қаражат  бөлініп, аспаннан ақша жауғандай күй кештіргенін  көпшілік сан-саққа жорыды. Бұл әлеуметтік әділетсіздік, бүйтіп алалаушылық қоғамда  қызу пікірталас туғызып, сан мәрте алқалы жиындарда, бұқаралық ақпарат құралдарында  даулы тақарып жан-жақты талқыланды. Содан бері біршама  уақыт жылжығанымен сонда да өзекті мәселе дұрыс бағытта шешілмей керісінше келіспеушілікке, түсінбестікке апарып соққан фактілердің жалыны өрши түскені өкінішті-ақ. Бүгінде «Асар» шағынауданында тұратын тұрғындармен жаппай соттасу жүріп жатқаны осының айғағы. Даулы мәселенің жай-жапсарын Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріповке  арнайы жолығып, сұраған болатынбыз. 

Саясат.jpg

- Үкіметтің 2009 жылдың 8-мамырындағы «Нұрлы көш» пилоттық жобасын іске асыру аясында оралмандардың қатысуымен «Асар» шағынауданы шаңырақ көтерді. Жоба талабы бойынша оған қатысушы оралмандардың меншіктерінде міндетті түрде жер телімдері болуы шарт. Бағдарлама екі бағыт бойынша қолға алынды. Бірінші бағыт «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациясы арқылы іске қосылды. Оған 575 адам талап-тілек білдірген. Компания операторы «Шымкенткүрделіқұрылыс» ЖШС, ал бас мердігер «Ақ Орда» ЖШС болып танылған. Үкімет тарапынан «Қазақстан құрылыс жинақ банкі» АҚ қатысқан. «Шымкент» ӘКК арқылы бұл жобаға Үкіметтен 4,8 миллиард теңге қаралған. Бұл өте үлкен қаражат. 

- Бұл қаражатты игеру механизмі қалай жүргізілген?

- Үкіметтің ақшасы «Шымкент» ӘКК-на, одан оператор компанияға, яғни үлесі мемлекеттік «Шымкенткүрделіқұрылыс» ЖШС-ына берілген. Өз кезегінде «Шымкенткүрделіқұрылыс» ЖШС әрбір бағдарламаға қатысушымен тұрғын үй және жылыжай салу үшін несиемен қамтамасыз ету жайында келісім-шарт түзген. Бағдарламаға қатысушы қаржы жинақтау мақсатында «Қазақстан тұрғын үй жинақ банкі» АҚ-мен де келісімге отырып, 5,5 жыл ішінде алған несиенің 50 пайызын жинақтауға міндеттенеді.

- Сонда бағдарламаға қатысушылар  бүгінге дейін тұрғын үйді басыбүтін пайдаланып келгенімен, жеке меншігіне біржолата өтпегені ғой. 

- Иә, бағдарламаға қатысушы адам дайын тұрғын үй мен жылыжайды пайдалануына алды. Сол сәттен бастап алған баспанасының өтемақысының  50 пайызын 5,5 жыл көлемінде әлгі банкте жинақтап, одан кейін өсімі 4,5 пайыз несиені 10 жыл ішінде қайтарулары тиіс еді. Осы міндеттер толық орындалған жағдайда ғана дүние-мүліктер бағдарламаға қатысушының толық меншігіне өтеді. Керісінше жағдай орын алғанда оператор мекеме шартты бұзып, кезекте тұрған өзге қатысушылармен жаңадан  келісімге   отыруы заңдастырылған. Ал, жер телімдері мен тұрғын үйлер кепілге қойылған. 

- Бұл талаптар қаншалықты сақталып, бүгінде қандай жағдай қалыптасқан?

- Өкінішке қарай, «Асар» шағынауданынан үй алған оралмандар өздеріне жүктелген міндеттемелерін орындамай отыр. Сол себепті, 2013 жылы Шымкент қаласы Абай аудандық сотына «Шымкенткүрделіқұрылыс» ЖШС тарапынан қарызды өндіру және өндіруді кепілдегі мүлікке ауыстыру жайлы 104, үстіміздегі жылдың қаңтар айында тағы осындай 51 талап-арыз түсті. 78 арыз ішінара қанағаттандырылды. Яғни қарызды өндіру талабын  қанағаттандырып, кепілді мүлікке ауыстырудан бас тарттық.Нақтырақ айта түссек, олардың қоныс аударатын басқа баспаналары болмауына байланысты әзірге тұрғындардың дүние-мүліктері өздерінің пайдалануында қалдырылып отыр. Алайда, қарыз ақша уақтылы өндірілмеген жағдайда, сот орындаушылар несие қарызының орнын жабу үшін дүние-мүлікті аукционға салып, өзге біреуге сатуға құқылы. 

- Ал, бағдарламаның екінші бағыты қалай жүзеге асырылған?

- Бағдарламаның екінші бағыты  2010 жылы басталған. Оған 975 қатысушы тіркелген. Бұл бағыт бойынша оператор болып «Шымкент қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі, яғни қысқартып айтсақ  «ЖКХ» бекітілген. Банк – тағы да сол «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ. Мұның іске асыру механизмі қалай түзілді? Бағдарламаға қатысушы алдымен мердігер компания - «Ақ Орда» коорпорациясымен құрылыс салу үшін келісім-шартқа отырған. Ал, «Ақ Орда» коорпорациясы мемлекеттік сатып алу келісім-шарттарына сәйкес  Шымкент қалалық құрылыс бөлімімен келіскен түрде  тұрғын үй мен жылыжай салады. Құрылысқа жұмсалған қаражат бюджеттен  несие ретінде  қаралған. Бірақ, бұл бағыт бойынша салынған тұрғын үй де, жылыжай да сату-сатып алу келісім-шарт  бойынша автоматты түрде Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің  иелегіне өткен. Яғни бұл үйлердің егесі жеке азаматтар емес, құрылыс бөлімі. Құрылыс бөлімі ол дүние-мүлікті ЖКХ-ның балансына өткізген. Бұл бағыт бойынша бағдарламаға қатысушы ЖКХ-мен, банкпен тұрғын үйді біртіндеп сатып алу құқы негізінде келісім-шартқа отырады. Несиеден құтылу механизмі алғашқы бағыттағыдай, дәлірегі алдымен құрылыс құнының 50 пайызы жинақталып, қалған жарты бөлігіне банк тарапынан берілген несиені төлеулері тиіс. Міндеттеме орындалмаған жағдайда, әрине, келісім бұзылады. Қосымша ай сайын төлейтін жалға алу ақысы бар. Оның көлемі көп емес, 2-3 мың теңгенің аралығында. Екінші бағыт бойынша орындалмаған міндеттемелердің салдарынан сотқа 2013 жылы 30, биыл 14 талап-арыз түсті. Пошта арқылы талап-арыздардың  тағы бір легі сотқа жолданды деген мәлімет бар. Сотқа түскен талап-арыздарға байланысты қабылдауға келген 40 шақты азаматпен сөйлесіп, істің мән-жайын, несиені төлемесе болмайтынын түсіндірдім.

«Асар» төңірегіндегі даулы мәселеге байланысты мен банктен нақты мәлімет алдырттым. Сол мәліметтен бір-екі мысал келтірейін. Аты-жөндерін атамай-ақ қояйын, бағдарламаға қатысушының бірі 2012 жылдың 7-қазаны күні оператормен келісім-шартқа отырған. Келісім-шарттың жалпы сомасы 7 миллион 884 мың теңге. Тұрғын үй құнының 50 пайыз ақшасы 3 миллион 942 мың теңге, яғни 5,5 жылда осы соманы жинақтауы тиіс еді. Сонда ай сайынғы төлемі 59 мың теңге болады. Жоспарлы түрде бүгінге дейін ол қатысушы банкте 886 950 теңге жинақтауы тиіс болса, бар жинағаны 32 мың теңге. Сонда оның бір жарым жылда жинақтаған ақшасы бір айдың төлеміне де жетпейді. Келісім-шарттың құны 11 миллион 986 мың теңге болған тағы бір бағдарламаға  қатысушы ай сайын 89800 теңге құйып, бүгінгі таңға дейін 1 миллион 258 мың теңге жинақтауы тиіс болса, оның төлегені 31 293 теңге 81 тиын. Тіпті, келісімге сәйкес қарыздан құтылу үшін банкке бақыр тиын да құймаған қатысушылар кездеседі. 

Осы жерде заңды сұрақ туындайды: мұндай жағдайда мемлекеттік органдар не істеулері керек? Әрине, сотқа жүгінеді. Қаражат үкіметтікі, яғни халықтікі деген сөз. Оны қайтармаса болмайды. «Асарлықтар» арасында осы кезге дейін тиісті кестеден азырақ қалып кеткенімен, қарыздың негізгі бөлігін құйғандар да, артығымен өтегендер де бар. Ондай қатысушыларға ешқандай қауіп жоқ. «Нұрлы көш» бағдарламасына біздің облыстан 1550 адам қатысқан болса, соның шамамен 500-дейі келісім-шарт талаптарын орындамай отырған болуы мүмкін. Ал, қарызды қайтармаған жағдайда олар тұрғын үйлерімен бірге жер телімдерінен де айырылады.                            

- Даулы мәселененің мәнісін оқырман қауымға егжей-тегжейлі түсіндіріп, ашық әңгіме айтқаныңызға рахмет. 

«Путин ақымақ!»
Әкеге қарап ұл өсер немесе Президент Әкімшілігін кімдер басқарды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу