«Мұны да «рейдерлік» демей, не дейміз?»

Oinet.kz 03-03-2010 840

«Құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы»  Елбасының Жарлығы жарық көргеніне  енді үш апта толып үлгерді. Мұны қадап айтып отырғанымыз Елбасының Жарлығы естен шығатындай уақыт өте қойған жоқ. Соған қарамастан сол Жарлық аясында «бизнес пен меншікті заңсыз тартып алуға (рейдерлікке) қарсы іс-қимыл жасауға» қатаң тапсырма берілгенімен атқарушы биліктің өкілдері бұған атүсті қарап отырғанына аң-таңбыз. Өйткені биліктегілерге арқа сүйеген алпауыттар жанармай нарығында әділ бәсекелестікке бармай өздері жеке-дара билеп-төстеуі салдарынан өрге басып келе жатқан бизнесімізге құрдымға құлаудың, біржолата құрып тынудың қаупі төніп тұрса мұны да «рейдерлік» демей, не дейміз? Бұл сонда Елбасы Жарлығын оңтүстікше орындау болғаны ма? Дәлірегіне жүгінсек Оңтүстік Қазақстан облысының жанар май нарығында әділ бәсекелестік жоқ. Бұл салада өзгелермен салыстырғанда қаржылық жағдайы жақсы операторлардың ғана дегені болып тұр. Ал, шағын және орта  кәсіпкерлік саласындағы жанар май сатушылардың күні қараң. Олар жоғарыдағы ат төбеліндей компанияларға тәуелді. Бұған бензин бағасын тұрақтандыруды сылтау еткен биліктің өзі мүмкіндік беріп отыр».

463efa3f32700d91ed14e60b3664240e.jpg

Ақиқат іздеп ашынған кәсіпкерлер «Рейтинке» арнайы келіп осылайша реніштерін жайып салды. Өздері жиын өткізгелі жатқанын алға тартып, мәселенің мән-жайын терең білу үшін соған қатысуымызды өтінді. Жалпы,  олардың жанар майға қатысты қалыптасқан ахуалды шешуді жергілікті әкімдіктің алдына қоюы, наразылық білдіруі бір бұл емес. Жыл басынан бері дау-дамай жалғасып келе жатыр. Су жаңа Жарлықты еске салған кәсіпкерлер биыл Елбасының халыққа Жолдау арнаған күні облыстық әкімдіктің алдына наразылық жиынын ұйымдастырды.  Шенеуніктер сол күні Жолдауды емес, жанар май дауын тыңдаған болатын. Әлі күнге кәсіпкерлер мұң-мұқтажын айтудан, әкімдік мәселені шешуге уәде беруден шаршамайды. Бірақ түбегейлі шешіліп жатқан тірлік аз. 

Оқырманға түсініктірек болу үшін бәрін басынан бастап айтайық. Биыл қаңтарда «Жанар-жағар май кәсібімен айналысатын тұлғалар» қауымдастығына мүше кәсіпкерлер жанар майдың әділ бөлінуі үшін «Торғай Петролиум», «Санойл», «Құмкөлтранссервис» секілді ірі компаниялардан өнімді операторлар арқылы сатып алу туралы ортақ келісімге келген еді. Бұл келісімнің жасалуына сол кезде облыс әкімдігі ұйытқы болған. Шілдеде өнімді тікелей зауыттан сатып алып, оны бекеттерге таратуға міндетті 11 оператордың аты-жөндері аталды. Атап айтар болсақ: «Оскар ойл» ЖШС, Майсс» ЖШС, «Кинг Дом», К.Орашов ЖК, «Мұнайинвестментгрупп» АҚ, «Еркебұлақ» ЖШС, «Шымкентмұнайөнімдері» АҚ, «Төлебимұнайгаз» АҚ, «Арнапетролиум» ЖШС, «Синойл» ЖШС, және «Қазына-2» ЖШС. Іріктелген 11 оператордың барлығы да осы саладағы ірі алпауыттар. Келісім бойынша операторлар  тасымалдаушылардан алған жанар майдың әр литріне 2,5 теңге ғана қосуы тиіс еді. Бүгінгі күні бұл келісім орындалмай отыр.

Кәсіпкерлердің берген мәліметтеріне қарағанда, жоғарыдағы операторлар бензиннің АИ-92 түрін зауыттан 68 теңгеден алса, оны кәсіпкерлерге 77,5 теңгеден сатып отыр. Яғни арадағы айырмашылық 9,5 теңгені құрайды. АИ-80 бензинінің сатып алу-сату бағасындағы айырмашылық  5 теңге (53-58). Ал дизелдік отынның зауыттық бағасы 55 теңге болса, кәсіпкерлерге сатылатын баға 62,5 теңгені құрайды (айырма 7,5теңге). Алпауыттардың келісімде көрсетілген міндеттерін орындатуға құзырлы органдардың, жергілікті биліктің не қауқары, не құлқы жетпей отырғанын білмедік.

- Қазір бәрінің оператор болғысы келеді. Бірақ оған менің шамам келмейді. Өйткені қолдап, демеп жіберетін көкем жоқ. Иелігімде тек бір ғана жанармай бекеті бар. Оның өзі де ауданда. Бұрын «Петро Қазақстаннан» арадағы келісім бойынша жанар майды тікелей зауыттан алатынбыз. Зауыт байсың ба, кедейсің ба деп қарамайтын. Тапсырыстарды кедергісіз қабылдай берді. Ал қазір операторлар олай емес. Тілін тапсаң, бензин аласың, таба алмасаң, «ертең кел» дейді, «таусылып қалды» дейді. Құлдық ұрмағанға дым да жоқ,--дейді Шардарадан келген кәсіпкер Арыстан Жұмабеков.

- О баста мұндай жүйені енгізудегі мақсат, бензин бағасын тұрақтандыру болатын. Әкімшілік осы мақсатына жетті. Бірақ сол үшін шағын және орта кәсіпкерлерді құрбандыққа шалудың қажеті бар ма еді?! Ешкімге зардабы тимейтін жол жоқ па?

Алғашқыда әкімдіктегілер «бұл тәсіл уақытша жүргізіледі, 2 айдан кейін бәрі бұрынғы қалпына түседі» деген еді. Бірақ арада тоғыз ай өтті ғой.  Қарап отырсаңыз, бұл тәсілдің дұрыс еместігі қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Өйткені бензин бағасын Үкімет белгілеп қойған. Одан бір тиын артық сатсаң, үстіңнен іс қозғалады. Олай болса, араға операторларды салып, оларға күнімізді қаратқаннан кім ұтты, кім ұтылды?

Шағын және орта кәсіпкерлерге жанар май саудасымен айналысу тиімсіз болып барады. Басқа кәсіпке ауысып жатқандар да бар. Біз де мемлекетке салық төлейміз, өзге де шығындарымыз көп. Соларды жабу үшін жұмысшылар қысқартуға ұшырап жатыр. Облыста жанар май нарығында бүгінде 10 мың адам жұмыс істейді. Сонда жоғарыдағы жүйенің зардабын біз ғана емес қарапайым қызметкерлер де тартып отыр емес пе?! Оған неге ешкімнің басы ауырмайды?!—деді кәсіпкер Амангелді Камалов.

- Менің осы салада жүрген ірі кәсіпорындар сияқты жанар майды жүз тонналап алуға шамам жетпейді. Менің сұранысым тек 100 текше метрдің төңірегінде. Яғни, бұл кәсіптен түсетін пайда тиын-тебен ғана. Осы бизнесті бастағанда банктен ірі көлемде несие алғанмын. Қазір соны төлеуге де шамам келмей отыр. Банк үйімді алып қояйын деп жатыр,--дейді Жаңыл Тояшева.

«Сұрастырып білсек бізден халқы екі есе аз көршілес Жамбыл облысында операторлардың саны 100-ге жуықтайды. Онда жанар май сатумен айналысатын әр кәсіпкерді оператор десе болады, сол себепті талас-тартыс туындап отырған жоқ. Ал, 2,5 миллион халқы бар, көлік саны жағынан республикада екінші орын алатын бізде 11 операторға жүздеген кәсіпкердің күні қарап отыр», дейді нарызылық білдірушілер. Оңтүстіктегі осы өзгешілік өнімнің бағасына да әсер етпей отырған жоқ.  Бензиннің шығатын жері Шымкент. Бірақ жоғарыдағы бюрократиялық кедергілердің кесірінен сол Шымкентте бензин өзге өңірлерге қарағанда қымбат.

- Мен кеше ғана Алматыда болдым. Онда АИ-92 бензині 76-78 теңгеден сатылуда. Ал Шымкентте ол 86 теңге. Дизельдік отын Алматыда 61-62 теңге болса, Шымкентте 68 теңге, - дейді кәсіпкерлердің бірі.

Шымкентте мұнай өнімдерінің қымбат болуы, аталған өнімдерді жанар май бекеттеріне таратуда әділ бәсекелестіктің қалыптаспауын әркім сан-саққа жорып жатыр. Бұдан сыбайлас жемқорлықтың көріністері байқалады дегендер де бар. Кәсіпкерлер облыс әкімдігінің алдына барып, қайта-қайта наразылық жиынына өткізуден де шаршадық дейді. Олар енді нақты шараны қолға алмақ. Елбасыға дейін арызданамыз деген олар «Егер әкімдік тарпынан ешқандай шара болмаса, Астанаға барып, баспасөз мәслихатын өткізіп, мәселеге Үкіметтің мойнын бұрғызамыз» деп отыр.

P.S. Өткен жұмада облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшылары  наразылық білдіруші кәсіпкерлер мен операторлардың басын қосып жиын өткізді. Осы жиында айтылған әңгімелерге қарағанда, облыстағы жанар май бекеттеріндегі бензин жетіспеушілігі осы өнімге деген сұраныс көлемінің нақты есептелмейтіндігімен байланысты көрінеді. Соның салдарынан АИ-92 бензині жетпей қалса, керісінше АИ-80 мен дизелдік отын артылып қалады.

Осындай жағдайда 11 оператор расында да өзгелерге қарағанда артықшылықты пайдаланады. Олар тасымалдаушылардан жанар майды қалауынша сатып алады. Артылғанын ғана оператор болу бақытын иелене алмаған кәсіпкерлерге сатады. Тіпті өтпей жатқан АИ-80 мен дизелдік отынды да кәсіпкерлерге мәжбүрлеп өткізеді. Бұл талапқа көнбегендерге дым да жоқ. Осыдан кейін-ақ әділ бәсекелестіктің ауылы алыста екені анық байқалып тұр емес пе?

Басқосуда операторлардың санын 21-ге дейін жеткізу туралы кәсіпкерлердің талабын басқарма басшылары қанағаттандырусыз қалдырды. Өйткені конкурс өтіп қойған, операторларды көбейту жаңа жылға дейін мүмкін емес екен. Дегенмен басқарма басшылары мәселені у-шусыз шешеміз деді. Олар әр кәсіпкерге қанша жанар майдың қажеттілігі жөнінде нақты мәлімет беруді міндеттеуде. Даулы  мәселенің осы жолы  біржақты шешілетініне кәсіпкерлер тағы да сенімммен қарап келер күнге үміт артумен тарқасты. Сенімдері алданбасын, үміттері өлмесін дейік.

"Рейтинг" газеті

Әлимановтікі әлімжеттік пе, әділеттік пе?
Мұрагер. Бауыржан Байбек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу