Әлимановтікі әлімжеттік пе, әділеттік пе?

Oinet.kz 05-05-2011 782

«Талай ақын-жазушы, сазгер-әншілердің, өнер адамдарының арман қиялына айналып, шабытын оятқан көркем қала Кентаудың мәдениет саласы ақсап тұр.  Өнер мен мәдениеттің өркендеуіне жауапты басшы қаланың бас идеологы болып табылады. Ал, бізде жағдай керісінше...»

Screenshot_24.jpg

Редакцияға жолданған арыз осылай басталыпты.  Арызға алғашқылардың бірі болып қол қойған Мұрат Сәдуов бүгінде Кентау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімнің бастығы қызметінен босатылған екен. 

«Жұмысқа жақындарын алып жатыр»

- Жұмыстан заңсыз босатты. Бәрін аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Әлиманов жасап отыр. Жұмыстан босауыма негіз болған тексеру комиссиясының ұсынысы екен.  Ол комиссияның төрағасы Б.Әлимановтың өзі. Ешқандай тексеру жүргізілген жоқ. Тағатын кінәларының бәрі менің құзырыма кірмейді. Мәселен, қалалық «Кентау шұғыласы» газетінде грамматикалық қателер бар дейді. Аталған газетке менің қатысым қанша?! Оның директоры, бас редакторы, қаржыландырып отырған ішкі саясат бөлімі бар емес пе?! Мәдениет сарайының ақылы қызметтерінен қаржы түспеген дейді. Оның да өз директоры бар ғой?! Жалпы Б.Әлимановтың өзі қызмет барысында дөрекелік көрсетеді, жұмысқа өзінің жақындарын алып жатыр,-деп арызданған Мұрат Сәдуов.

Бұрынғы бөлім бастығының арызынан ұққанымыз ол әкім орынбасарының айтқанына көнбеген, жетегіне жүрмеген көрінеді.  

- Әлиманов өзінің бөлесі С.Болатбекованы Мәдениет сарайы директорының орынбасары етіп ал деген болатын. Бірақ С.Болатбекованың мамандығы сәйкес келмеді. Бізде Мәдениет министрлігінің бекіткен талаптары бар. Мәдениетте басшылық қызметте істеу үшін  бұл саладағы еңбек өтілің кемінде бес жыл болуы керек. Мен С.Болатбекованы қызметке алудан бас тартамын дедім. Бірақ кейіннен оны бәрібір арнайы штат ашқызып, директордың орынбасары қызметіне алдыртты. Мамандығы заңгер өзінің қайнысы Е.Арыновты да 2010 жылы сол Мәдениет сарайының директоры етіп ұстады. Асқар деген бір інісі Мәдениет сарайында көркемдік жетекші. Барлық туыстарын жиып жатыр,-дейді ол. 

Сәдуовтың айтуына қарағанда, қазіргі уақытта мәдениет бөлімі мен мәдениет сарайының ұжымы қала әкімі Нұржігіт Қалмырзаевқа хат жазып, М.Сәдуов пен мәдениет сарайында бастықтың міндетін атқарушы Т.Дүйсенбиевті қызметінде қалдыру туралы талап қойыпты. Рас болса, жуырда осы жөнінде жиналыс өткізуге келген Б.Әлимановты ұжым тыңдағысы да келмеген. Б.Әлимановтан көңілдері қалған олар жауапты тек қала әкімінің өзі аузынан естігілері келетін көрінеді. Ал, қала әкімі әзірге үнсіз.

- Мені жұмыстан заңсыз босатқандар тиісті жауапкершілікке тартылмаса,  сотқа арызданамын, - дейді  М.Сәдуов.

Тәуірбек Дүйсенбиев, Кентау қалалық мәдениет сарайы бастығының міндетін атқарушы: 

«Әр күнім арпалыс»

- Арызда жазылған жайттардың бәрі рас. Мен мәдениет сарайының бастығының міндетін атқарушы қызметіне 2 ақпанда бекітілгенмін. Еңбек жолым түгелдей осы мәдениет саласында өтіп келеді. Мәскеудегі Театр институтының түлегімін. Облыс орталығындағы Ж.Шанин атындағы драма театрда істедім. Бірақ осыған қарамастан мені әлі күнге орныма тағайындаған жоқ. Бекітілуім үшін күресуім керек. Бірақ күресуге дәрмен жоқ сияқты. Орнымнан кетіп қалуым мүмкін болып тұр. Таңертең құжаттарды тағы да тексеруге алып кетіпті.  Денсаулығым болмай үйден дәрі алдыртып іштім. Сосын «бәрі құрысын, ұжым да әбіржіп кетті» деп, ашумен жұмыстан босату туралы арыз жазып жібердім. Кейіннен оны ұжым біліп қойып, осындағы біраз кісілер ренжіді. «Мәдениетке өзің сияқты азаматтар керек қой» деді. Содан кейін әкімдікке «денсаулығыма байланысты байқамай жазып қойыппын» деп қайтадан хат жаздым. 

Арызда жазылғандай, қаланың бас идеологы мәдениетті онша түсіне бермейді. Бас араздығымыз жоқ еді. Осы қызметке келгелі мінез көрсете бастады. Өткен екі-үш айдың ішінде біраз мәдени шараларды ұйымдастырдық. Алға қойған жоспарымыз көп. Бірақ оны жүзеге асыруға мүмкіндік бермей жатыр. 

Бауыржан Әлиманов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары: 

«Дөрекілігім болса, дәлелдеп берсін»

- Бәрі өсек әңгіме. М.Сәдуов жұмыстан заңсыз шығарылған жоқ. Егер заңсыз шығарылған болса, мәселені сот арқылы шешсін. Оның атқарған жұмысына, кемшілігіне тиісті баға берілген. Бірінші тоқсандағы есебі тыңдалды. Хаттамаларда бәрі жазылған. М.Сәдуов өзіне берілген тапсырамаларды орындай алмады. Содан кейін тәртіптік комиссия құрылды. Оның құрамына мен және әкімдіктің заңгері, аппараттағы бөлім бастығының міндетін атқарушы кірді. Осы комиссия М.Сәдуовты жұмыстан босату туралы қала әкіміне ұсыныс берді. М.Сәдуов бұған дейін де қызметіне сәйкес еместігі туралы тәртіптік жаза алған болатын.  Әкім ұсынысты қабыл алды. Қазір бөлімнің бастығының міндетін атқарушы болып С.Тасболатова деген қыз істеп жатыр. Ол бұрын осы бөлімде бас маман болып қызмет еткен.   

- М.Сәдуов тағылған кінәлардың барлығы менің құзырыма кірмейді дейді..

- Неге? Құзырына кіретін нәрселерді айттық қой. 

- Арызда сіздің мәдениетсіздігіңіз туралы біраз жайттар жазылыпты. Бұған не айтасыз?

- Нақты қашан және аты-жөндерімен айтсын. Ондай жағдай болған емес. Қажет болса мен ар-намысыма тигені туралы сотқа арызданамын. 18 жыл бойғы қызметімде соттасқан адам емес едім...Мен бұл қызметке жайдан-жай келе салғаным жоқ. Бұған дейін ауыл әкімі, ішкі саясат, қоғамдық-саяси бөлімдерді басқардым. Мені қызметке осы еңбек жолымды, тәжірибемді ескеріп қойған шығар.  Дөрекілік көрсетсем, дәлелдеп берсін. 

- Мәдеиет сарайына өзіңіздің туыстарыңыздың жұмысқа алғаныңыз қаншалықты рас? 

- Мәдениет сарайы директорының орынбасарын тағайындайтын бөлімнің бастығы. Ал, ол менің қайным ба, бөлем бе, басқа ма білмеймін. Ең бастысы заңды жолмен тағайындалған. Менің мәдениет сарайы бастығының орынбасарын бекітуге құзырым жүрмейді. 

- Арыз  М.Сәдуовпен, Т.Дүйсенбиевпен араларыңыздағы келіспеушіліктен жазылған делік. Бірақ оған ұжымның қосылғанын қалай түсінесіз?

- Қол астында істейтін азаматтарды үгіттеген соң арызға қол қойған шығар. Кеше менің үстімнен «пәленшені балағаттады» деген бір арыз Мемлекеттік қызмет істер жөніндегі агенттікке жазылыпты. Артынша «ондай жағдай болған жоқ» деп екінші хатты жіберіпті. Мұны қалай түсінесіз?!

Жұмыс істейтін адамның үстінен арыз жазыла береді. 

Редакциядан: Әрине, бұл жерде біз біреуді жақтап, біреуді даттап отырған жоқпыз. Әркім өзінің пікірін білдірді. Алайда екі жақ арасындағы егестің әзірге тынышталар түрі көрінбейді. Ал тыныштық жоқ жерде тірліктің оңалмасы бесенеден белгілі ғой. 

Кентаудың мәдениет саласындағы текетірес қашанға дейін созылар екен? Бұған Кентау қаласының әкімі Нұржігіт Қалмұрзаев не айтады? Ендігі жауапты әкімнің өзінен күттік.  

"Рейтинг" газеті

Жұмағали Исмаилов жауырын тағы да жаба тоқуда
«Мұны да «рейдерлік» демей, не дейміз?»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу