Алик Шпекбаев отставкіге арыз жаза ма?

Oinet.kz 26-03-2020 1497

«Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді» деген мақал осындайда еске түседі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы парамен ұсталды. 

Ресми мәліметтерге қарағанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өзіндік қауіпсіздік департаменті агенттіктің 3-жедел департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушысына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған. Ол аса ірі көлемде пара алған деген күдікке іліккен. Тергелуші Қызылорда қаласындағы абақтыда қамауда отыр. Іс жоғарыда аталған агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың жеке бақылауына алынған. 

8358af9643201a0fd24612b6f19.JPG

Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, агенттіктің құрамындағы 3-жедел   департаменті  аса маңызды істерді тергеумен айналысқан. Екіортада жүрген параны мөлшері 400 мың доллар көрінеді. Мұншама пара алмақтың салмағы жеңіл болмайдцы, әрине. А.Андасов  басшылықтың тапсырмасымен Қызылорда қаласына келіп, Арыс қаласына көмек көрсету үшін құрылған қордан ақша жымқыру фактісін тексерген. Қор қаржысының бір бөлігі әлдебір фирмалар арқылы қолма-қол ақшаға айналып, жеке адамдардың қалтасына түсіп кетіпті. Андасовтың назары төрт ірі компания мен олардың басшыларына ауған. Дәлірегі ол компания басшыларын пара беруге мәжбүр еткен сияқты. 

Департамент басшысы ақшаны қолма-қол алмаған. Екіортада Алпамыс Ыдырысов деген делдал болған. Делдал параның 300 мыңын жемқорлықпен күресуші бастыққа беріп, ал қалған 100 мыңын өзі қалтаға басқысы келген. Құзырлы органдар бұл жағдайдан қалай құлағдар болған? Кім арызданған? Бұл жағы жұмбақ. Парақорларды аулау операция кезінде делдал бой тасалап үлгерген. Андасов қолға түскен. Бұл іске Ұлттық қауіпсіздік комитетінің де қатысы бар көрінеді. Осы комитеттің берген ақыл-кеңесінен кейін Алик Шпекбаевтың өзіндік қауіпсіздік департаментіне Андасовты дереу ұстау жөнінде тапсырма бергенге ұқсайды. 

Қазіргі уақытта абақтыда отырған А.Андасов кінәсін мойындамаған. Ал делдал әлі қашып жүр. 

Былтыр желтоқсанда Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаса,  оны тағайындаған басшыға отставкіге арыз жазуды міндеттейтін тәртіп қолданысқа енгізілді. Содан бергі аралықта Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында аудан әкімдері ұсталды. Елордада ұсталған әкімнің ісі ертеректе болғандықтан әкім Алтай Көлгінов отставкіден сырт қалды. Ал Бақытжан Сағынтаев ешқайда қашып құтылмайтын сияқты. 

Мінкейіңіз, қолданысқа жаңа тәртіптерді енгізіліп жатқан кезде сыбайластықпен күресетін агенттікте аса маңызды істермен айналысатын департаменттің басшысы парамен ұсталды. Алик Шпекбаевтың командасы тірі масқараға ұшырады.  Парақорларды аулайды деген органның басшысы парамен ұсталса, басқасынан не күтуге болады? Енді Шпекбаевқа отставкіге арыз жазудан басқа ештеңе қалмаған сияқты. 

P.S. Былтыр маусымда Арыстан болған жарылыс бүкіл елдің қабырғасына батып, кәсіпкерлер, мекеме-ұжымдар, қарапайым тұрғындар арнайы ашылған қорларға қаражат аударылған. Осы қаражаттардың бір бөлігі әлдебіреулердің жемсауында кетті деген не сұмдық?! Бұл үшін енді кім жауап береді? 

Шардарадан тағы да шатақ шықты
Қазақстандық әйел коронавирустан қайтыс болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу