Елемес Сабыров: «Серік Тұрбековке елдің саулығы керек емес сияқты»

Oinet.kz 16-07-2019 1130

Screenshot_7.png

Мақтарал ауданының тұрғыны Елемес Сабыров мақта алқаптарында қолданылып жүрген улы химикаттардан бас тартып, денсаулыққа зиян жоқ  әрі экономикалық тұрғыдан тиімді биотәсілге көшу жөніндегі ұсыныстарын біз өткен нөмірлерімізде жариялаған болатынбыз. Ақсақалдың айтуынша, ұтымды  ұсынысын Үкімет пен Парламентке дейін жеткізіп, оған сенатор Қуаныш Айтаханов пен облыс әкімі Асқар Мырзахметов қолдау білдірген. Әйткенмен, күні бүгінге дейін біраз тірліктердің атқарылғанын қуанып жүрген қария бізге тың бастаманың ойдағыдай жүзеге асуына барынша кедергі келтіріп отырған аудан басшысы Серік Тұрбековке деген ренішін білдірді. Ол жаңа әдіске туындаған қарсылықтың астарында не жатқанын да жасырмады. 

Әуелі биотәсілдің тиімді жақтарына тағы да аз-кем тоқталып өтсек. Улы химикаттар қоршаған ортаны да, шыққан өнімді де ластайтыны белгілі. Мақта егілген алқаптарға жақын орналасқан ауыл тұрғындарының арасында асқазан-ішек, сары ауру, тыныс алу және неврологиялық аурулардың өршуі кездейсоқтық емес. Улы заттармен өңделген шитті сығып, май шығарады, малға береді. Мұның барлығы адам денсаулығына зиян. Биологиялық әдісте мұндай қауіп мүлдем жоқ. Қоршаған орта да ластанбайды, адамның денсаулығына да зияны тимейді.  Энтомофаг деп аталатын пайдалы жәндіктер  мақтаны бүлдіретін көбелектердің, басқа да зиянкестердің санын табиғи жолмен реттеп отырады. Бүгінде биоәдіс өркениетті елдер ғана емес, Өзбекстан, Украина мен Ресейде  кеңінен пайдаланылуда. Биоәдісті бізде  қолданысқа енгізудің негізгі екі жолы – жаңа тәсілді халық арасында кеңінен насихаттап, мемлекет тарапынан субсидияның бөлінуіне ықпал жасау.  Дегенмен, елге де, ауыл шаруашылығы саласына да тиімді бастаманы дамытуға аудан басшылығы құлық танытпай отырғаны байқалады.

- Әкім Серік Тұрбековтің  биотәсілге қолдау көрсетудің орнына алғашқы күндерден-ақ селқостық танытып, тіпті кедергі келтіріп те отырды. Мәселен, облыс әкімі Асқар Мырзахметов тың бастаманы  қолдап, қондырғыны сатып алуға «Максимум» инвестициялық қоры арқылы қаржы бөлдірді.  Сөйткенде аудан әкімі әбден ескірген қондырғыны орнатқысы келіп, 23 миллион теңгені осы мақсатта жұмсауға әрекеттенді. Бұған қарсы шықтым. Ескі-құсқыны әдемілеп қанша бояғанымен ол техника жұмыс істемейді. Сондықтан, Өзбекстаннан заманауи қондырғыны алдыруға күш салдым. Кеден қызметкерлерімен айтысып жүріп шекарадан өз күшіммен өткіздім. Айтқанына жүрмеген соң әкім Тұрбеков маған қырсықты да қалды. Қазір биофабриканың ғимараты да, қондырғысы да, оқу бөлмесі де дайын тұр. Жергілікті шаруаларды жаңа технологияға үйрететін маманды да шақырттық. Алдағы айларда өсімдікті қорғау институтының филиалын аштыруға әрекет жасап жатырмыз. Енді осы тірлікті әрі қарай жүргізіп,  ұйымдастыру жұмысын жолға қою керек. Жаңа әдістің тиімділігін халыққа кеңінен түсіндіріп, үйрету қажет.  Ал Тұрбеков пен оның командасы селқостық танытып, шөп басын да сындырмай отыр. Оның орнына «бұл шалды кім жұмсап жүр?» деп жиналыс сайын мені бір түртіп өтетінді шығарды. Мені ешкім жұмсап жүрген жоқ, бар ойым – халыққа пайдалы жобаны жүзеге асыру. Осыдан бір ай бұрын облыс әкімінің атына хат жазып, мәселенің мән-жайын жеткіздім. Көп ұзамай аудандық әкімдіктен жауап  хат келді. Аудан әкімінің орынбасары Қ.Сыздықов қол қойған бұл хатта  «Ауылдық округтерде бірқатар семинар өткіздік. Семинар өткізудің кестесі бар» дегені  қып-қызыл өтірік. «Ауданда үш биофабрика жұмыс істеп жатыр. 14 380  гектар арық-атыздар, 90 396 гектар егістік биоәдіспен өңделді» деген мәліметі де жалған. Ондай шара болған емес. Мақтарал аудандық әкімдігінің берген мәліметіне қарасаңыз, ауданда биофабрика мен биолаборатория жеткілікті сияқты. Шын мәнінде олай емес.  Кәсіпкерліктің атын жамылғандардың көбі биоөнімдерді өзі шығармай,  Өзбекстаннан контрабандалық жолмен әкеледі. Оны шаруаларға қымбат бағамен сататыны өз алдына, биоөнімдердің тиімділігі де күрт төмендеп кетеді. Ал ауданда Жетісай биофабрикасының ашылғанын Тұрбеков жиындарда айтпайды. Биоәдісті оқытуға көңіл бөлмей отыр. Аудан әкіміне халықтың саулығы керек емес сияқты,  - деп күйінеді Елемес Сабыров. 

Елемес ақсақалдың айтып отырғаны рас болса, әкім Серік Тұрбековтың мұнысы несі? 300 мыңдай халқы бар аудан үшін бірден-бір пайдалы да тиімді тәсілге көшуге құлықсыздық танытуының себебі неде? Адам денсаулығына зиян келтірмейтін әдісті насихаттап, қолданысқа енгізуге, онымен аудандағы 24 ауыл округін түгел қамтуға не кедергі?  Әлде улы химикаттарға бөлінетін субсидияға байланысты жеке мүддесі бар ма? Сұрақ көп, жауап жоқ. Аудан әкімі бұл мәселеге қатысты қандай уәж айтар екен?

Сіз не дейсіз?

Қуаныш Айтаханов, Сенат депутаты:

«Биотәсіл өте тиімді бастама»

- Елемес ақсақалдың көтеріп жүрген мәселесі өте дұрыс бастама. Әрбір ауылдың ақсақалы сол кісідей  мәселе көтерсе көп тірлік жасалар еді.  Қазір қолданылып жүрген химиялық әдіс зиянкестермен қатар пайдалы  микроорганизмдерді өлтіреді.  Қоршаған ортаға кері әсерін тигізеді, химиялық улар ауаны, суды, өндірілген өнімді ластайды.  Бұл өз кезегінде адамның да организмін ластап, ауруға ұшыратады. Ал биологиялық әдіс – таза, табиғи әдіс. Осы мәселені біраздан бері шұғылданудамыз. Адамды улайтын химиялық затты шашуға мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, денсаулықа зияны жоқ  әдісті өндіруге шараның көрілмей жатуының дұрыс еместігін түсіндірумен жүрміз. Агроөнеркәсіп кешенін реттеу туралы заңнамаға өзгерістер енгізуге әрекет жасаудамыз. Бұйыртса, биылғы жартыжылдықта жаңа заң шығып та қалар. Жалпы, биотәсілді енгізу мәселесін бірінші кезекте аудан әкімінің өзі қолдау керек. Өйткені бұл аудан халқының денсаулығына тікелей қатысты мәселе. Аудан әкімі Серік Тұрбековтің  бұл бастаманы қолдамауы мүмкін емес деп ойлаймын. 

"Рейтинг" газеті №7, 16 ақпан 2012 жыл

Кентаудың әкімі халқын ұлардай шулатты
Қайрат Қожамжаров қызметінен кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу