Теңгенің тарихы туралы не білеміз?

Oinet.kz 25-12-2009 1070

Screenshot_25.jpg

Теңге. Ұлттық валюта жарыққа шыққан 1.. жыл ішінде айырбас құралы ғана емес, ел экономикасының жағдайын көрсететін, ұлттың қаржылық ахуалының айнасына айналды. Теңгені айналымға енгізу Қазақстан үшін оңай болған жоқ. Халық «сабан ақша» атап кеткен  айналымдағы рубльдің құнсыздануы сағат санап жүріп отырды. Құнсыздану тек Қазақстанда емес, сол кездегі ресейлік рубль ықпал ететін барлық аймақтарда қалыптасты.

1991 жыл. Жоғарғы Кеңесте Елтаңба мен Тудың кескінін талқылау барысында ұлттық валюта енгізу мәселесі де туындады.

1992 жыл. Ұлттық банк  басқармасы теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Қазақ валютасын өмірге әкелген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжілеловтер оны әзірлеу үшін Англияға аттанды. Алғашқы екі жылда теңгені дайындау үрдісі өте құпия түрде жүргізіліп келді.

Қазақстан мемлекетінің тұңғыш бас банкирі, ұлттық валютаның дүниеге келуіне үлес қосқан және шығу тарихының куәсі болған тұлғалардың бірі Ғалым Байназаров. Оның  айтуынша сол кездері Ұлттық банкінің қаражат қорлары жаңа ұлттық валютаны енгізуге мардымсыз, шамасы да жеткіліксіз болыпты. Теңгенің өмірге келуі, айналымға қосылуы Елбасының тікелей осы бастамаға қолдау білдіруінің арқасында жүзеге асқаны анық. Теңгені доллардың бағамына теңеп, бірінші айналымға енгізген күні бір доллар 4,75 теңге болып бекітілгені біреудің есінде, енді біреудің есінде емес шығар. Теңге қолданысқа енгізілген сәттен бастап Ұлттық Банктің қызметі ел экономикасының даму мәселелерін шешуге бағытталды.  Ұлттық Банктің функцияларын нарықтық экономикасы дамыған елдердің орталық банктерінің функцияларына жақындату жөнінде бірізді қадамдар жасалды.

1994 жыл. Ұлттық Банктің ақша-несие саясаты реттеудің классикалық үлгілерін ескере отырып жүзеге асырыла бастады. Олардың бастылары мыналар: берілетін несиелердің көлемін, қайта қаржыландырудың ресми ставкасының деңгейін реттеу, міндетті резервтердің нормасын белгілеу және валюта нарығындағы операцияларды жүргізу. 1994 жылдың екінші жартысында алғаш рет қайта қаржыландыру ставкасы нақты көріністе оң нәтижесін берді. Сонымен бірге мемлекеттің бағалы қағаздар нарығы қалыптасты.

1995 жыл. Қазақстан экономикасы дамуының негізгі және оң қорытындысы: экономикалық құлдырау баяулады.  Инфляция деңгейі едәуір төмендеді. Жылдың қорытындысы ақша-несие  саясатының құралдары арқылы инфляцияның монетарлық негізін төмендете отырып, оның деңгейіне әсерін тигізді.

Экономиканы несиелеу функциясы Ұлттық Банктен екінші деңгейдегі банктерге ауысты.  Ұлттық Банк екінші деңгейдегі банктерді көп жағдайда олардың өтімділігін қолдау мақсатында несиелеуді жүзеге асыра отырып, орталық банктерге тән ақша-несие және валюталық реттеудің функцияларын атқара бастады.

Қазақстанда өз Банкнот фабрикасының ашылуы, банкаралық валюта нарығының құрылуы мен қалыптасуы, сауда жүргізудің электронды сауда жүйесіне көшу осы жылдың маңызды оқиғасы болды.

1996 жыл. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі даму жылдарында бірінші рет жалпы ішкі өнімнің өсуі байқалды, инфляция қарқыны және теңгенің айырбас бағамының девальвациясы айтарлықтай төмендеді.

Қазақстанның 1996 жылғы шілдеде Халақаралық валюта қоры келісімінің 8-бабы бойынша міндеттемелер қабылдауы маңызды кезең саналады. Бұл ағымдағы операциялар бойынша теңгенің айырбастылығын ресми түрде нығайтты және шектеулерден еркін, көп жақты төлем жүйесіне көшуге мүмкіндік берді.

1997 жыл. РЕПО және кері РЕПО операцияларының белсенді түрде жүргізіле бастауы, биржаның операциялық өндірісіне СВОП операцияларының енгізілуі байқалды.

1998 жыл.  Ұлттық Банк елдің ішкі қаржы секторын қорғау үшін ақша-несие саясатын нығайтты. Елеуді оқиғалардың бірі Ұлттық Банктің республикалық бюджет тапшылығын тікелей несиелеу өндірісін тоқтатуы болды.

1999 жыл.  Әлемдік қаржы дағдарысының әсері салдарынан валюта құнсызданды.  Қазақстандық экспорттың бәсекелестік көзқарасын қалпына келтіру үшін сәуір айында теңгенің еркін өзгермелі айырбас бағамының жүйесі  енгізілді.

2000 жыл. Қазақстанның Ұлттық Банкі мүшесі болып табылатын Сақтандыруды қадағалау органдарының халықаралық ассоциациясының негізгі қағидалары мен стандарттарына сәйкес әзірленген “Сақтандыру қызметі туралы” Заң қабылданды. Ұлттық Банк өзінің барлық міндеттемелерін мерзімінен бұрын өтеді.

Теңгенің алғашқы … жылда жеткен бастан кешкен тағдыры  міне, осындай. Ұлттық Банктің таза халықаралық резервтері осы кезең ішінде бірнеше есеге өсті. Халықтың салымы бойынша Қазақстан ТМД елдерінің ішінде қазір Ресейден кейін екінші орында тұр. Сақтандыру нарығы  қарқын алып келеді. Қаржы секторының барлық қатысушыларына жеке қадағалау органын құру бойынша заң базасын қабылдау жөніндегі жұмыс жалғасуда. Атап өтер жайт  Қазақстанның төлем жүйесі ТМД елдеріндегі ең мықты жүйелердің бірі болып табылады және ол әлемдік стандарттарға жауап береді.

Жыл басында доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 150 теңге болса, қазір ол 148-149 теңгенің шамасында. Сарапшылардың сөзіне сенсек теңге алдағы уақытта та осы тұрақтылығынан ауытқымайды.

Қазақстанның қай премьер-министрі мықты болды?
2009 жылдың ең үздік әкімі белгілі болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу