Қазақстанның қай премьер-министрі мықты болды?

Oinet.kz 25-12-2009 962

Screenshot_24.jpg

Қазақстан  тәуелсіздік алған жылдар ішінде көптеген тарихи оқиғаларды, көптеген даму сатыларын бастан өткерді. Кезінде КСРО-ны 30 жыл билеген И. Сталин «істің бәрін мықты кадр шешеді» деген екен. Сол айтпақшы осы жылдар ішінде ел Үкіметі қандай тірліктер атқарды? Үкіметті қандай адамдар, қандай кадрлар басқарды? Елдің өсіп, өркендеуі осы Үкімет басшысына, оның құрамына, жұмысына байланысты. Санап отырсақ, Кәрім Мәсімов тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдегі еліміздің жетінші премьері. Әрине, әр Үкімет басшысының, оның командасының алдында жаңа міндет, жаңа биіктер тұрды. Содан болар әр Үкімет басшысының кезінде әр түрлі жағдайлар қалыптасты. Барлық премьерлер ел үшін еңбек етті ғой. Бірақ біз бүгінгі Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында сол Үкімет басшыларының әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, атқарған еңбегіне көз жүгіртіп, премьерлер ел есінде несімен қалды деген мәселені зерттеп көрсек деп едік.

1. Сергей Терещенко. Жаңа жүйе, жаңа міндет, жаңаша жұмыс...

Тәуелсіз еліміздің тұңғыш премьер-министрі атанған Сергей Терещенко бұған дейін талай-талай ірі қызметтерді атқарған, Қазақстанға белгілі тұлға еді. Ол Үкімет басшысының креслосына 1991 жылдың қазан айында отырды. Арада екі ай уақыт өткенде Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіздік елімізді мүлдем жаңа бағытқа түсірді, енді елдің алдында жаңа міндет, жаңа бағыт, жаңаша жұмыс істеу тәсілі тұрды. Бір жүйеден екінші жүйеге ауысу елге де, Елбасыға да, Үкімет мүшелеріне де ауыр тигені белгілі. Қазақстан қай бағытқа түсерін білмей, Одақтық байланыстардан ажырап, ел де, билік те сансырап қалған кез еді. Содан ба Терещенконың үкіметі қатты сынның астында қалды. Шынын айту керек, кешегі Кеңес Одағының тәрбиесін көрген Сергей жұмысты сол тәртіпте ұйымдастырамын деп жанталасты. Әйтсе де қазіргі премьерлер дайын жұмысқа, дайын креслоға отыра кетіп, жұмысты жалғастырып кетеді. Ал, Сергей Терещенко тәуелсіз еліміздің премьер-министрі деген қызметті тұңғыш рет атқарып, бәрін жаңадан бастауына тура келгенін мойындауымыз қажет. Терещенконың үкіметі 1994 жылдың қазан айында отставкаға кетті. Ол бұл қызметті тура үш жыл атқарды. Жалпы Терещенконың билігі тұсында елдің аса бір қуантқан жағдай – ұлттық теңгеміздің дүниеге келуі еді. Дәл осы теңге арқылы қазақ халқы өзінің тәуелсіз ел екенін тұңғыш мәрте сезінгендей болды. Кешегі Коммунистік партия кезінде «партия «Волгаға» бір рет мінгізді ме, қайтып түсірмейді» деген мәтел кеңінен айтылатын. Сол айтпақшы Терещенко отставкаға кеткенімен саясаттан кеткен жоқ. Ол «Интеграция» қорын және президенттің сайлауалды штабын басқарып, «Отан» партиясының жетекшісі қызметтерін атқарды.

2. Әкежан Қажыгелдин. Бизнестен билікке...

Сергей Терещенкоға қарағанда 1994 жылдың соңында премьер-министр қызметін қолға алған Әкежан Қажыгелдиннің жаңа жүйеде жұмыс істеуге әжептеуір тәжірибесі бар еді. 42 жасар Қажыгелдин бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік саласында еңбек етті, Кеңес одағы кезінде аудандық масштабтағы мекеме басшысы болды және ең бастысы соңғы жылдары жаңа жүйеге тез бейімделіп, үлкен бизнестің иесі атанған еді. Оның бизнесте жолы болуына Семей облыстық атқарушы комитеті төрағасының орынбасары қызметіне қоса Президент жанындағы Кәсіпкерлер кеңесін және өнеркәсіпшілер одағын басқарғаны үлкен септігін тигізгені анық. Ол өзінің жаңашыл әрі кез-келген тығырықтан жол таба алатын іскер қасиеттерімен биліктің сеніміне ие болып, 1993 жылдың желтоқсан айында премьердің бірінші орынбасарлығына қол жеткізсе, арада небәрі он ай өткенде премьер-министрдің орынтағына отырды. Жалпы саясаттанушылар сонау Семей даласынан келген Әкежан Қажыгелдинді ешқандай топқа, ешқандай кланға кірмейтін, бас имейтін, өзіндік ұстанымы, өзіндік мінезі бар саясаткер ретінде суреттейді. Оның экономика саласында зор тәжірибесі, зор білімі бар еді дейді. Бірақ, елді, қарапайым халықты сансыратып, қалталылардың жамбасына оң келген, талай жанды миллиардер еткен жекешелендіру науқаны осы Қажыгелдиннің тұсында жүзеге асқанын айта кету керек. Талай-талай еңселі ғимараттар жекенің қолына өтіп, кірпішіне дейін бұзылып, бұдан әсіресе мәдениет, спорт, денсаулық, білім, сауда салалары қатты зардап шекті. Ол аз болғандай осы салалардың қызметкерлері жұмыстан жаппай қысқартыла бастады. Елде жұмыссыздық белең алды. Жалақы, зейнетақы жылдап берілмейтін болды. Қолы ұзындар байыған үстіне байи түсіп, ал, күні зейнетақы мен жалақыға қарап қалған отбасылар қара нанның өзіне зар болды. Ақыры Қажыгелдин қызметтен кетіп тынды.

3. Нұрлан Балғымбаев. Жаңа Астана...

1997 жылдың аяғында жаңа Үкімет басшысы тағайындалды. 49 жасар Нұрлан Балғымбаев сонау ата-бабасынан бері осы мұнай саласында еңбек етіп келе жатқан жандар. 1986 жылы Балғымбаев КСРО-ның мұнай және газ өнеркәсібі министрлігіне жұмысқа алынады. Сол жақтан ол АҚШ-қа оқуға жіберіліп, «Шеврон» компаниясының кеңесшісі қызметін атқарады. 1994 жылы Нұрлан Балғымбаев еліміздің мұнай және газ өнеркәсібі министрі болып тағайындалады да, бірақ көп ұзамай «Қазақойл» компаниясының басшылығына ауысады. Әрине, Балғымбаевтың Қазақстан мұнай-газында сіңірген еңбегі өте көп. Ол бұл саланың жұмысын бес саусағындай білді десек артық айтқандық емес. Еліміздегі шикізат көздерінің негізгісі осы мұнай болып табылатындықтан Балғымбаевтың тұсында бұл салада көптеген жұмыстардың атқарылғаны белгілі. Бірақ оның премьерлігі тұсында елдің есінде қалған бір жағдай – Балғымбаев өз командасына жас күштерді көп тартып, қолынан іс келетін жастардың тұсауын кескені болғаны анық. Кейінірек «жас түркілер» деген атпен белгілі болған Алтынбек Сәрсенбаев, Мұхтар Әблязов, Ораз Жандосов, Әлихан Бәйменов және тағы да басқа жастар сол жылдары бір-бір саланың министрі болды. «Жас келсе іске» деген, жалпы еліміздің жеті премьер-министрінің ішінде осы Балғымбаевтың тұсында Үкіметтің белсенділігі артып, экономика саласында тұрақтылық болғанын мойындауымыз қажет. Осы жылдар ішінде жалақы да, зейнетақы да тұрақталып, жаңа жұмыс орындары ашыла бастады. Елде кәсіпкерлік саласы кең етек жайып, елдің болашаққа деген сенімі молая түсті. Балғымбаевтың тұсында атқарылған үлкен шаруаның бірі – ел ордасының Астанаға ауыстырылуы, парламент, бүкіл Үкімет құрамы Астанаға қоныс аударуы болды. Жаңа ел ордасында құрылыс жұмыстары қыза бастады. Бірақ Балғымбаевтың бір кемшілігі – «Қазақойл» компаниясына бақылауды әлсіретіп алды. Осы мәселе өзінің басына таяқ болып тиіп, 1999 жылдың қазан айында Н. Балғымбаев отставкаға кетіп, «Қазақойл»-ына қайта оралды. Арада біраз уақыт өткенде Балғымбаев бизнеске кетті, одан президенттің кеңесшісі қызметін атқарды. Бірақ жақында тағы да қызметінен босатылып, жаңа қызметке тағайындалды.

4. Қасымжомарт Тоқаев. Жас түркілер...

Саяси өзгерістерге толы қазан айында тағы да Үкімет ауысты. 1999 жылдың қазан айында Үкімет басшылығына 46 жасар Қасымжомарт Тоқаев отырды. Мәскеу Мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтының түлегі Қ. Тоқаев бұған дейін КСРО-ның, одан еліміздің сыртқы саясатында жұмыс істеген. 1994 жылы Қ. Тоқаев еліміздің сыртқы істер министрі болып тағайындалды да, 1999 жылдың наурыз айында премьер-министрдің орынбасары қызметін қоса атқарды. Сөйтіп жарты жылдан кейін премьерлікке қол жеткізді. Бірақ өмір бойы сыртқы саясатта жұмыс істеген Қасымжомарт Тоқаев ішкі саясатта тым әлсіз, бұрылыс-қалтарысы көп билік дәлізінің қулық-сұмдығына үйренбеген жан болып шықты. Тоқаевтың премьерлігі тарихта нағыз айқай-шу, Үкіметтегі үлкен жанжалдармен есте қалды. Экономикалық, саяси, коррупциялық жанжалдар бірінен кейін бірі елді дүрліктіріп жатты. Осы жылдары «жас түркілер» бас қосып, өз еріктерімен қызметтен кетіп, демократиялық қозғалыс құрды. Екі жылдан аса уақыт премьер-министр болған Қ. Тоқаев 2002 жылдың қаңтар айында қызметінен босатылып, қайтадан сыртқы істер министрі болды. Арада 5 жыл уақыт өткенде Тоқаев Сенат төрағасы қызметіне сайланды.

5. Иманғали Тасмағамбетов. «Мәдени мұра».

Еліміздің жеті премьер-министрінің ішінде ең аз уақыт жұмыс істеген осы Иманғали Тасмағамбетов екен. 45 жасар И. Тасмағамбетов 2002 жылдың басында премьердің тағына отырып, келесі жылдың жазында мемлекеттік хатшы болып ауысып кетті. Кезінде Қазақстан комсомолының жетекшісі, президенттің көмекшісі, премьердің орынбасары, президент аппараты жетекшісінің орынбасары, Атырау облысының әкімі қызметтерін атқарған Иманғали Нұрғалиұлы шыны керек, премьерлікке нағыз толысқан, нағыз қалыптасқан шағында келіп еді, бірақ бір жарым жылдан артық отыра алмады. Неге? Жас әрі іскер, күш-қуаты толысқан Тасмағамбетов әсіресе, жас Астананың құрылысына үлкен серпін қосты. «Мәдени мұра» бағдарламасының  кең көлемде қолға алынуы осы жылдар болды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтауға елеулі еңбек сіңірді.   Тасмағамбетовтің премьерлігі елдің есінде жер сату мәселесімен қалды. Иманғали Нұрғалиұлы бұл тірлігімен Парламент депутаттарының наразылығына тап болды. Мұның соңы Тасмағамбетовтің отставкаға кетуімен аяқталды. Одан кейін алдымен мемлекеттік хатшы, президент аппаратының жетекшісі, Алматы қаласының әкімі қызметтерін атқарды. Қазір Астана қаласының әкімі.

6. Даниал Ахметов. Құрылыс қызып, мәдениет ес жинады

Келесі кезекте Үкімет тізгінін ұстаған Даниал Ахметов барлық қызмет сатыларынан біртіндеп өткен, қала әкімі, екі облыстың әкімі, премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметтерін атқарған тәжірибелі әрі сауатты басшы болды. Жалпы Даниал Ахметов қызметте қатал, тәртіп сүйетін, бірбеткей басшы ретінде танылды. Д. Ахметовтің тұсында елімізде құрылыс саласы үлкен қанат жайды. Қала түгілі даланың өзінде құрылыс жұмыстары қызды. Әрбір облыс орталығынан үлкен мөлтекаудандар салынып, мыңдаған отбасылар қоныс тойын тойлады. Кенжелеп қалған мәдениет, білім, спорт, денсаулық салаларының тамырына қан жүгіріп, қалалардан үлкен медициналық орталық, білім, спорт ошақтары салына бастады. Жекешеленіп кеткен көптеген мәдениет, білім ошақтары қайтадан мемлекетке қайтарылып, жөндеуден өткізіліп, халық игілігіне жаратылды. Ауылшаруашылығына көптеген жеңілдіктер беріле бастады. Әрине, Д. Ахметов еліміздің экономикасын ілгерілету, шикізат сату, инфляцияны тұрақтандыру саясатында көп еңбек сіңірді. 2007 жылдың қаңтар айында Даниал Ахметов отставкаға кетті.

7. Кәрім Мәсімов. Дағдарыстан дамуға...

2007 жылдың қаңтар айынан күні бүгінге дейін ел Үкіметін Кәрім Мәсімов басқарып келеді. Әрине, Мәсімовтің де бір түйеге жүк боларлық атқарған қызметтері бар. Мамандығы экономист әрі заңгер Кәрім Қажымқанұлы еліміздің банк саласында үлкен қызметтер атқарып, транспорт және коммуникация министрі, одан премьердің орынбасары, президенттің көмекшісі болды. Мәсімовтің өз мамандығы бойынша таптырмайтын маман екеніне сөз жоқ, бірақ, Мәсімов Үкіметті өте қиын уақытта қабылдап алды. Бүкіл елді әлемдік дағдарыс үрейі жайлап, Қазақстанда да дағдарысқа қарсы арнайы бағдарламалар қабылданды.

Жалпы алғанда тәуелсіз Қазақстанның Үкіметін басқарған жеті премьердің біреуі бүгінде шетелде жүр. Тағы бірі - Даниал Ахметовтің қайда жүргенін ешкім білмейді. Терещенко бизнесте жүрсе, Тасмағамбетов пен Тоқаев, Балғымбаев билікте жүр. Арада қанша уақыт өтсе де және олар өз командасымен қандай нәтиже көрсетсе де олардың Үкіметті басқарған жылдары Қазақстан тарихының бір бөлшегіне айналатыны анық. Олар өз мүмкіндіктерін көрсетті.

Тәуелсіз Қазақстанның тәй-тәй басқан алғашқы жылдары қазан айы үлкен саяси өзгерістерге толы болыпты. Қарап отырсақ, сол жылдары Үкімет басшысы тек қазан айында ғана өзгеріп отырыпты. Ал, соңғы жылдары саяси өзгерістер қаңтар айын қолайлы көрген сықылды. Тасмағамбетов те, Ахметов те қаңтарда қызметтерінен босатылды. Қазір қазан өтті, алда қаңтар айы келеді. Осы қаңтар айы қалай болар екен? Қазақстан тарихында айтулы датаға айнала ма, жоқ па? Сіз қалай ойлайсыз?

ОҚО-ның 8 әкімі. Қандай тірліктерімен ел есінде қалды?
Теңгенің тарихы туралы не білеміз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу