Мақтааралдан шыққан миллиардер. Владимир Ким

Oinet.kz 26-04-2012 1131

Мақтаралдан шыққан миллиардер

Оңтүстік Корея - әлемдегі ең дамыған әрі дәулетті мемлекеттердің бірі. Кәріс экономикасының негізін құрайтын ірі корпорациялар бүгінде дүниежүзіне танымал брендтерге айналған. Өнеркәсібі мейлінше дамыған бұл елде миллионерлер мен миллиардерлер жетіп артылады. Қазіргі таңда әйгілі «Хюндай Моторс» корпорациясының қожайыны Чун Мон Ку Оңтүстік Кореяның ең бай тұрғыны  болып табылады. Бірақ, әлемдегі ең бай кәріс ол емес.  Ең бай ұлты кәріс азамат  өзіміздің Мақтарал ауданының тумасы. «Қазақмыс» корпорациясының президенті әрі акционері, нағыз магнат Владимир Ким көп жылдан бері «Форбстың» миллиардерлер тізімінен түспей келеді. Владимир Сергейұлының  бүгінгі байлығы 4,7 миллиард долларға бағаланады. Ким мұндай дәрежеге қалай көтерілді?

Screenshot_2.jpg

Владимир Кимнің туып-өскен жері Мақтарал ауданындағы бұрынғы Славянка, қазіргі Мырзакент ауылы. Болашақ миллиардер 1960 жылы қазан айында қарапайым кореялық мигранттардың отбасында дүниеге келіп, Мырзакенттегі орта мектепте білім алған.

Алматыдағы Политехникалық институтын    құрылысшы-инженер  мамандығы бойынша тәмамдаған соң комсомолдық құрылымдарға кетті.  Алматы қалалық компартиясында нұсқаушы, кейін төрағаның орынбасары болып өсті. Одақ тараған сәтте бірден шетелге кетті. Швейцария,  Германия мен Оңтүстік Кореяның ең мықты бизнес институттарында тәлім алды, кәсіпкерлікті жүргізудің қыр-сырын үйренді. 1998  жылы   Америкада бизнес философиясы мен әкімшілік басқару докторы атағын алды.  Бірнеше тілді емін-еркін меңгерді. Мұндай «багажбен» партияның қатардағы қызметкері немесе ортанқолды менеджер болуға Ким келіседі дейсіз бе? Шетелден оралған соң Ким бизнес әлеміндегі үлкен жорыққа кірісті.

Тәуелсіздік алған соң  Қазақстанның мұнайына  көз тіккендер көп болды. Кимді мұнай емес, мыс қызықтырды.  90-жылдардың басында «Жезқазғанцветмет» алпауыт комбинатының жағдайы тым мүшкіл еді. Кәсіпорынның қарызы 180 миллион доллардан асып жығылды. Жұмысшылар арасында жаппай қысқарту жүріп жатты. Осы кезде елге келген оңтүстіккореялық инвестор «Самсунг» компаниясы қомақты инвестиция жұмсап, кәсіпорынның жағдайы жақсара бастады. 1992-1995 жылдар аралығында   «Қазақстан-Самсунг» бірлескен кәсіпорнын басқарған Владимир Ким көп ұзамай «Жезқазғанцветметтің»  басшылығына ауысады. 1997 жылы  «Қазақмыс» болып қайта құрылған компания мыс өнімдерін шетелге экспорттап, табысы жылдан-жылға артып отырды.  Қазіргі таңда бұл кәсіпорын мыс өндіру бойынша әлемде 9-шы, күміс өндіру бойынша 5-ші орын алады.  Одан бөлек жылына 5,5 тонна алтын  шығарады.  Әлемдік нарықта «Қазақмыстың» құны шамамен 12 миллиард 700 миллион долларға бағаланады. Осы есепсіз байлықтың негізгі иесі – Владимир Ким.

Владимир Сергейұлы  «Қазақмысқа» келген 90-жылдардың ортасынан бері кәсіпорынның акцияларды сатып алумен шұғылданды. Нәтижесінде 10 жыл ішінде алып корпорацияның 38,9 пайызы Кимнің қолында шоғырланды. Осыдан келіп Кимнің байлығын шетелдіктер шамамен 4-5 миллиард долларға бағалайды. Мұндағы айырмашылық нарықтағы акцияның құбылмалы бағасына байланысты. Акционер ретіндегі алатын дивидендтерден  бөлек Владимир Ким жалақы алуын да ұмытпайды. Жай жалақы емес, «Қазақмыстың» ортанқолды жұмысшысы алатын айлықтан 183 есе жоғары. Шамамен жылына 2,5 миллион доллардан асады.

Ким «Қазақмыс» компаниясында қолданысқа енгізілген менеджмент жүйесінің артықшылықтарын мақтан тұтады. Менеджерлер мен басшылық қызметте жүргендердің жалақысы өте жоғары.  Кимнің өзі бұл жайында «біздің кәсіпорында қазір ұрлық деген атымен жоқ. Басшылық қызметтегілердің жалақысы тіпті еуропалық деңгеймен алып қарағанда да  жоғары» деп мақтанады. Бірақ, жыл сайын «Қазақмыстың» шахталарында орта есеппен 25-30 жұмысшының қаза табатыны белгілі. Бұл тұрғыда компания басшылығына деген жұмысшылар арасындағы наразылық уақыт өткен сайын күшейіп келе жатыр. 

Кимнің қамқоршысы кім? 

Мыс қожайыны мұндай бас айналарлықтай табысқа қалай жетті? Жалпы, Батыс Еуропа мен Американың бизнес қауымдастығы Кимнің кім екенін, оның қалай миллиардер болғанын  дұрыстап білмейтіні байқалады.  Әрине,  әлемдегі ең бай 300 магнаттың қатарына кіретін адамды кім болса да сыйлайды емес пе? Әйткенмен, Кимге кімнің қамқоршы болғанын саралап көрелік.

Кимге бірден-бір жәрдемдескендер – кәріс азаматтары. Қамқоршыны Кореядан да, Қазақстаннан да таба білген Владимир Сергейұлы мүмкіндікті мүлт жібермей, аса сәтті қадамдар жасай алды. Ең әуелі «Самсунг» корпорациясының қаржылай қолдауын атап өтуге тиіспіз. Бірақ, Кимнің негізгі қамқоршысы Владимир Ни болғанын саясаттанушылар жақсы біледі.

Жалпы, Қазақстандағы кәрістер диаспорасы Владимир Ниді мақтан тұтады. Миллиардер Кимнің өзі Владимир Ниді айрықша ыстық лебізбен еске алады. Президенттің ең сенімді серіктесінің бірі  Владимир Ни алдыңғы жылы 78 жасында дүниеден өтті. Қазақстандағы кәріс диаспорасы осы кісінің арқасында күшейіп,  жағдайын жақсартып алғаны белгілі. Бизнес элитада «кәріс тобы» деген өз алдына жеке қаржылық топтың құрылуында Нидің ықпалы зор болды. Бұл мықты құрылымға өзге саяси кландардың сөзі өтпейді. Бүгінде «кәріс тобының»  қолында еліміздегі ең табысты компаниялары шоғырланған. Ни күшейген сайын Ким де байып отырды.  Айтпақшы, марқұм Ни кезінде «Қазақмыстың» басшысы болып та қызмет атқарған, осы компанияның акцияларына иелік еткен. Қаржылық топтар мен саяси кландар арасында арбитр қызметін атқарған Владимир Ни көз жұмған соң Қазақстанның «басты кәрісі» атағы Кимге бұйырды. 

2010 жылы Владимир Ким күтпеген жерден «Қазақмыстағы» өзіне тиесілі акцияларының қомақты үлесін Үкіметке сатты. 58,8 миллион акцияның әр данасы 3363 теңгеге бағаланып, нәтижесінде мемлекеттік бюджеттен төленген 197 миллиард теңге (1 миллиард 342 миллион доллар) Кимнің қалтасына түсті.  Қазіргі таңда бизнесменнің меншігінде «Қазақмыс» корпорациясының  27,9 пайыз акциясы шоғырланған. Шетелдіктердің күдігін туғызған жайт  - бұл сауда-саттық Владимир Ни қайтыс болғаннан кейінгі бір ай ішінде жүзеге асырылды. Кимнің акцияларды Үкіметке сатуға асыққаны сонша, бұл жайында өзге акционерлермен ақылдаспапты да. Мұндай қадамның астарында не жатқанын саясаттанушылар таба алмай әлек.

Қалай болғанда да, осы саудадан соң Владимир Ким бұрынғысынан да күшейе түсті. Себебі, оның қолында енді акция жүзіндегі емес, нақтылы ақша пайда болды. Сарапшылардың пікірінше, Ким 200 миллиард теңгеге жуық қаржының барлығын дерлік әлдеқашан шетелдік банктерге аударып жіберген. Енді оның мұртын балта шаппайды, «Қазақмыстағы» үлесінен айырылу қаупінен де қорықпайды.

Қазіргі таңда Владимир Ким негізінен Лондонның ең элиталық аймағында тұрады. Оның көршілері - әлемнің ең бай адамдары. Владимирдің балалық шағы өткен Мырзакент ауылының тұрғындары миллиардер Кимнің  жерлес екенін біледі. Талай жыл ауыл мектебінің директоры болып істеген, қазір зейнеткерлікке шыққан Полина Пистуннан сұрастырғанымызда,  Кимнің кім екенін, нақты қай оқушысы екенін  есіне түсіре алмай қиналды. Бірақ, Мырзакенттен шіріген бай адамның шыққанын естіген екен.  «Ким деп отырғаныңыз сол шығар. Былтыр әкесі Сергей ауылға  келген. Осындағы кәріс ағайындар мен таныстарының басын қосып, кафеде өзінің әкесіне арнап ас берді. Молаға барып, жатқан жеріне ескеркерткіш орнатты», деп есіне алады Полина Пистун.

Владимир Кимнің болашағы үшін алаңдайтын негіз жоқ. «Қазақмыстың» шахталарындағы кен қоры әлі 50-60 жылға жетеді. Оның үстіне, Ким   Қазақстандағы өзге кен орындарына  көз тігіп отыр. Демек, оның ықпалы тек арта бермек.

Дерек:

Владимир Ким «Форбс» журналының есебі бойынша әлемдегі ең бай миллиардерлердің тізімінде 247-орынға жайғасты. «Санди таймс» газеті Кимді «Ұлыбританияда өмір сүретін ең дәулетті 15 адамның бірі»  ретінде таныды. Сонымен қатар ол «Қазақстан алюминиі» АҚ, «Қазмырыш», «Жәйрем» комбинаты, Соколов-Сарыбай  ірі кенішіне иелік ететін «ENRC Kazakhstan» корпорациясының 25 пайызын сатып алды. 

Қайрат Келімбетов. Кім?
Болат Өтемұратов. Кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу