Иманғали Тасмағамбетов. Кім?

Oinet.kz 07-06-2012 6367

Тасмағамбетовке қатысты қоғамдық пікір екіге жарылып тұр. Біреулер оны «Президенттің өнімі», Елбасының ең сенімді адамдарының бірі» деп жүрсе, енді біреулер Тасмағамбетовтің саяси келешегіне күмәнмен қарайды.  Базбір оппозициялық бағыттағы саясаткерлердің пікірінше, Тасмағамбетов қысылтаяң жағдайға ұшыраса, «оппозицияға келетінін» алдын ала айтып жүр. Бірақ, бұл болашақтың еншісіндегі тірлік. Біз Тасмағамбетовтің бұған дейінгі жүріп өткен жолын әңгіме етейік. Қалай дегенмен, Иманғали Нұрғалиұлы еліміздегі ең ауыр салмақты санаулы саясаткерлердің бірі. 

Screenshot_7.jpg


Тасмағамбетовтің карьерасына көз жүгіртсеңіз, атқармаған қызметі қалмағанын байқайсыз. Бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау облысының тумасы география және биология пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша оқу орнын аяқтаған соң ауылдық спорт мектебінде  жаттықтырушы болып жұмыс істеді.  Бірер жылдан соң комсомолдық ұйымдарға ауысқанды жөн санады.  Тасмағамбетовтің ішкі түйсігі қателеспепті. Комсомол - Иманғали Нұрғалиұлы үшін нағыз трамплинге айналды. Аудандық деңгейде жүріп белсенділігімен көзге түскен жас жігіт 1989 жылы республиканың бас комсомолшысына дейін өседі. 1991 жылы жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы болып тағайындалды. Жас Тасмағамбетовтің саяси амбициялары бұдан соң тек күшейе берді. Арада екі жыл өткен соң   Президенттің көмекшісі қызметіне тағайындалып, осы жерден  бірден премьер-министрдің орынбасарлығына өсті. Бұл 1995 жыл болатын. Бұдан кейінгі жылдарда Тасмағамбетов Президент әкімшілігінде басшылық қызметте  жүрді.  

Иманғали Нұрғалиұлының  саяси карьерасындағы ең маңызды кезеңнің бірі 1999 жылға тап келді. Оның туған өлкесі Атырау облысының әкімі қызметіне тағайындалуы ауыр салмақтағы саясаткер ретінде қалыптасуына шешуші ықпалын тигізді. Иманғали Нұрғалиұлының ұпайын түгендеген тағы бір оқиға - 2003 жылы ол «Қазатомпром» басшылығының Маңғыстау облысында ядролық қалдықтар қоймасын ашу жайлы бастамасына тойтарыс бере білді.

Тасмағамбетовтің премьерлік қызметі саяси сипаттағы даулы мәселелердің өршуімен ерекшеленді. Естеріңізде болса, алдыңғы премьер Тоқаев жастүркілер наразылығына жауап ретінде отставкаға сұранған болатын. Тасмағамбетовтің де тұсында «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына қатысты жағдай ушыға берді. Ең үлкен даудың бірі – шетелдік банктердің бірінде мемлекетке тиесілі 1 миллиард доллардың сақталып жатқанының әшкере болуы. Оны парламент депутаттары Тасмағамбетовтің өз аузынан естігендеқатты таңданды. «1 миллиард долларды бізден осыған дейін қалайша жасырып келдіңдер? Ол неғылған ақша?» деген сұрақтарды халық қалаулылары қарша боратты. Үкімет жетекшісі бұл қаражаттың 1996 жылы Теңіз мұнай кенішінің 25 пайызын сатудан түскенін, оны  дағдарыс кезінде қосымша көмек ретінде пайдалану көзделгенін айтып ақталды. Қалай дегенмен, қыруар қаржының 5-6 жыл бойы жасырынып келгені көпшілікті таңқалдырғаны рас. Атышулы «Жер Кодексі» талқыға түсіп, депутттармен арада конфронтация орнаған соң Тасмағабетов Үкімет жетекшілігінен кетуге мәжбүр болды.

Ақша демекші, Тасмағамбетовтің имиджіне нұқсан келтіретін келеңсіздіктердің бірі атышулы Талапкер Иманбаевпен байланысты. Т.Иманбаев  кезінде Иманғалидің командасына кіретін. Медициналық сақтандыру қорында жинақталған 150 миллион теңгені қалтасына басып, шетел асқан шенеуніктің әлі күнге дейін қайда жүргені, қай елді паналағаны белгісіз. Иманбаев мәселесі Иманғалидің карьерасындағы үлкен минустардың бірі болып есептеледі. 

Өзге саясаткерлерге қарағанда Иманғалидің харизмасы басым. Яғни, жұртты соңынан ерте білетін адам. Көпшілікті сөзімен баурай алатын, соңынан ерте білетін қасиет  Аслан Мусин, Нұртай Әбіқаев, Тимур  Құлыбаев сияқты өзге элита өкілдерінде аздау екені елге аян. Оның үстіне, шығармашылық ортада да беделі өте жоғары. Тасмағамбетов Алматы, одан кейін Астананың  әкімі қызметін атқарып тұрғанда біраз жазушы-ақындарға, өнер майталмандарына баспана әперіп, көп жәрдем бергені ескерусіз қалмайтын-ақ ерекше тірлік. Ертеңгі күні сын сағат туа қалса зиялы қауымның талайы соның сөзін сөйлейтіні даусыз. Мұнымен шектелмей Иманғали Тасмағамбетовтің еліміздің өнері мен мәдениетін, салт-дәстүрін өрістетуге, «өлгенін тіріліп, өшкенін жандыратын» тарихымызды түгендеуге, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға  келгенде сіңірген еңбегі зор екеніне ешкім талас тудырмас. 

Саяси ойын жүргізу ісін шебер меңгерген Иманғали өзіне қарсы шыққандарды езіп-жаншуға дейін тайынбайтыны жиі айтылады. Бұған мысал ретінде Жақсыбек Құлекеевтің ісін келтіруге әбден болады. Тасмағамбетовтің командасы «Қазақстан Темір жолы» атты империяны емін-еркін басқарып тұрғанында кәсіпорын басшылығына жаңадан тағайындалған Құлекеев тәртіп орнатуға кіріскен еді. Осы әрекетімен әлдекімдерге жақпай қалып, ақыры пара алу үстінде ұсталды.

Тасмағамбетовтің есімі «сопылар» тақырыбына қатысты да жиі айтылады. Сарапшылар «зікіршілердің рухани жетекшісі, бүгінде бірқатар белсенді серіктерімен бірге саяси айыптар тағылып сотталып кеткен Исматуллаға Тасмағамбетов тікелей қамқорлық көрсетіп келді, әлі де ниеттес» деген пікір айтады. Оның бір дәлелі – Алматыны басқарып тұрғанында сопылық ағымның «көрнекті өкілі» Ғалым Боқашты командасына қосып алды, Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін сеніп тапсырды.

Иманғалидің бауырлары да «майлы» қызметтерден құралақан қалған жоқ. Туған інісі  Құрманғали бірнеше облыстың кедендік бақылау департтаменттерін басқарған. Қазір Атырау облыстық департаментінің бастығы. Әпкесі Нұрсұлу талай жыл Оңтүстік Қазақстан облысының медицина саласын басқарып, ақыры бейкүнә балалар жаппай атың өшкір ауруға шалдыққан «ВИЧ» трагедиясынан соң қызметтен кетуге мәжбүр болды.

Иманғали екі қыз, бір ұлдың әкесі. Ұлының аты Нұрғали Нұрсұлтан. Осы орайда мына бір оқиға есімізге түсті. Кезінде оппозиционер Болат Әбілев баспасөз беттерінде Иманғалиға ашық хат жариялап, оның ішінде «Сен ұлыңа Нұрсұлтан деп ат қойдың, мен ұлымды Дінмұхамед  деп атадым» деп жазған. Бәлкім, осының әсері ме, қазір Иманғалидің Дінмұхамед деген немересі бар. Тасмағамбетовтің қызы Әсел жас олигарх Кеңес Рақышевке тұрмысқа шыққан. Рақышев - ықпалы күннен күнге артып келе жатқан бизнесмен. Мүдделері негізінен мұнай саласы мен энергетикада шоғырланған Рақышевтің  әсіресе Шешенстанмен арадағы тығыз байланыстары жайлы түрлі алып-қашпа әңгімелер айтылады. Былтыр Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың қолынан осы елдің ең жоғарғы наградасы – Қадыров орденін алуының өзі не тұрады?! Рақышев шешендерге қаржылай көп көмек көрсетті, тіпті «Терек» футбол командасына ұшақ сатып әпергені баспасөзде талай жазылды. Шешенстанға деген мұндай махаббаттың астарында не жатыр? Ортақ бизнестегі  мүдденің барын жоққа шығармаймыз, бірақ... Ресей саясаттанушылары Рамзан Қадыровты сопылық ағымның бірден-бір қамқоршысы деп біледі. Рақышевтің қайын атасының да діни ұстанымы осыған сай секілді.... Бәлкім, мұнда біз білмейтін бір гәп бар шығар.

Соңғы жылдарда Тасмағамбетов пен Ақорданың арасында салқындық орнай бастады деген де ақпарат айтылып жүр. Бұрыннан өзін «Президенттің өнімі» деп атап жүрген Иманғали Нұрғалиұлы  үшін бұл әжептеуір соққы. Әуелі Алматы, қазір Астана қаласының әкімі қызметтерінде Елбасы Тасмағамбетовтің  тарапына біраз өткір сын айтқаны да бекер емес болар. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары әрі Мәжілістің спикері Нұрлан Нығматуллиннің де оны алқалы жиында ауыр сынға алғанына көп бола қойған жоқ. Көп жылдан бері Президенттің бірден-бір ізбасары саналып келген  Тасмағамбетов соңғы кездері «мұрагерлікті»  Елбасының күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа беріп қойғаны жайлы әр алуан алыпқашпа әңгіме көп.   Әйткенмен, билік дәліздерінде «Тас» атты лақап атқа ие болған мақаламыздың кейіпкері кез-келген саяси сілкініске әрдайым тас-түйін дайын жүретіні ел аузында жиі айтылады. 

Болат Өтемұратов. Кім?
Аслан Мусин. Кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу