Ұласбек Сәдібеков: Биліктің нанын жеп биліктің партиясына өтпеген шенеуніктер бар

Oinet.kz 16-09-2010 843

Screenshot_15.jpg

Қалай айтсақ та, қазіргі партия, қоғамдық ұйымдардың ішінде ең белсендісі, ең тынымсызы, басқалардан шоқтығы биігі – «Нұр Отан» партиясы екені анық. Әрине, қазіргі биліктің партиясы болғандықтан қолында көп ресурс, көп күш бар, «қалай белсенді болмасын?» деп ойлайтын да шығармыз. Әйтсе де, билік партиясының ел арасында үлкен жетістікке қол жеткізуінің бір сыры – жергілікті филиалдардың жұмысын дұрыс ұйымдастыруы, филиал басшылығына қолынан іс келетін, жігерлі жандарды жинай алғандығында болса керек. Ұласбек Сәдібеков бұған дейін аудан әкімінің орынбасары, одан қатарынан екі ауданда әкім болған кезінде істің көзін білетін іскер, халықпен тіл табыса алатын қарапайым басшы ретінде елдің есінде қалды. Содан да болар, ел ішінде жылт еткен жақсыны жинай жүретін билік партиясы Ұласбекті өз басшылығына тартты. «Жас келсе іске» деген, Ұласбек те жасқа тән жігерімен партия жұмысын дөңгелетіп отыр. Билік партиясының кей-кезде қызды-қыздымен өз шекпенін киіп жүрген шенеуніктерді де шыңғыртып сабап алатыны бар. Бұл әрине, шенеуніктеріміз тірлікте ширасын, партия атына кір келтірмесін деген ниеттен туындағаны анық. Осы аптада «Нұр Отан» халықтық партиясының облыстық филиалы биылғы сегіз айда атқарылған жұмысын қорытындылады. «Нұр Отанның»  қоғамдық қабылдауына жәрдем сұрап келушілердің қатары тұрақты түрде көбейіп келеді екен. «Бұл халық арасында партиямызға деген сенімнің күшейгенінің белгісі», дейді «нұротандықтар». Сондай-ақ, партия өкілдері атқарушы биліктің кемшіліктерін анықтауда да бірталай  жұмыс атқарыпты. Осы орайда біз облыстық  филиал төрағасының бірінші орынбасары Ұласбек Сәдібековке бірқатар сұрағымызды жолдадық. 

- «НұрОтан» партиясының шешіп жатқан мәселелерін, көмегін көпшіліктен жиі естіп-ақ жүрміз. Мұны ел біледі. Елге білетін жайтты қайта естігеннен көрі шешімін табуы тиіс мәселелеге тоқталсақ. Партия филиалына  8 айда келіп түскен 3 мыңнан астам арыз-шағымның 1800-ге жуығы қанағаттандырылып, қалған бөлігі шешімін таппаған екен. Оның қандай себептері бар? 

- 1200-ге жуық арыздың сол күйі шешілмегені рас. Солардың басым бөлігі жер және тұрғын үй мәселелеріне қатысты. Жуырда біз облыста коммуналдық тұрғын үйлердің қалай беріліп жатқандығы жөнінде ауқымды тексеру жүргізгенде көптеген кемшіліктерді анықтадық. Мысалы,  коммуналдық үйді кезек бойынша 50-орында тұрған адам алады да, оның алдындағы азаматтар  баспанасыз қалып кеткен. Кейбір аудандарда салынған тұрғын үйлердің тіпті құжаты жоқ. Берілетін тұрғын үйлердің тізімі ілінбеген. Яғни, заң тәртібі дұрыс сақталмаған. Бұл мәселелер жөнінде облыс әкіміне қызметтік хат жазылып, тиісті шаралар көрілді. Және бір үлкен мәселе -  ол жер тапшылығы. Аудан орталықтарының басым  бас жоспар әлі бекітілмеген. Тіпті облыс орталығы Шымкент те  бас жоспарсыз дамып келеді. Ал жер сұрап  кезекте тұрғандардың саны 40 мыңнан асып кетті.  Жер тапшылығы Сарыағаш ауданда да қатты сезіліп тұр. Мұндай  мәселелерді «Нұр Отан» партиясы өз күшімен шеше алмайды ғой. Ондай құзырымыз жоқ. Біздің міндетіміз: тиісті орындарға хат жолдап, арыз-шағымда көрсетілген мәселені көтеру. Солардың жауабына сәйкес арызданған азаматтарға жәрдем беру, түсіндіру.  Атқарушы билік өкілдерінің үстінен арызданып келіп жатса ол бөлек әңгіме.  Арызда көрсетілген жайттар бойынша тексеру жүргізуге мұрындық болып, мәселені шешуге тырысамыз. Сондай-ақ, Нұр Отанның» атқарып отырған ауқымды жұмыстарының бір бағыты - партиялық бақылау бекеттері арқылы  бюджеттен бөлініп жатқан қаржының жұмсалуын қадағалау.  Әсіресе «Жол картасы», «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламалары  бойынша жүзеге асып жатқан жобаларды бақылауды күшейттік. Мәселен, жуырда Ордабасы ауданы Төрткүл елді мекеніндегі ауыз су мәселесін көтердік. Жыл  сайын бюджеттен қыруар қаржы бөлініп келеді. Бірақ,  ауылда су жоқ. Сонда ол қаржы қайда кетіп жатыр? Сондықтан біз арнайы комиссия құрып бұл мәселе   анықталуда.  Шымкент қаласы Азат мөлтекауданындағы  мектептің құрылысы жайлы да шу шыққан соң бақылауға алдық. Бұл сонау 2006 жылдан бері   сағыздай созылып келе жатқан   сақалды құрылыс. Тұрғындар наразылық білдіріп, көшеге шыққан соң, ақпарат құралдары жаза бастаған соң партия бұл мәселені назарсыз қалдырмауды жөн көрді. 

 - Билік пен сол биліктің партиясы есептелетін партияның көзқарастары тоғысатын, тоғыспайтын тұстары қандай?  

- Жалпы, менің үнемі айтатыным, «Нұр Отан» -  билік партиясы. Партия жетекшісі – Елбасы, облыстық  филиалдың басшысы – облыс әкімі. Сондықтан, атқарушы билікпен илеп отырғанымыз  бір терінің пұшпағы, бөліп алатындай ештеңе жоқ. Бұл көзқарас тоғысатын тұс. Ал тоғыспайтын тұссымыз, шыны керек, алғашқы кездері партияның жұмысына немқұрайлы қарау жиі кездесіп жататын. «Біздің тірлігімізге араласып жатқаны несі бұлардың?» деп лауазым иелері арасында бізді  жақтырмағандар да табылды. Әрине, кемшіліктер табылып жатса, оны партия көпшілікке жариялап, әкімнің атына хат жазып жатса кімге ұнасын?  Оның үстіне, бәрібір  атқарушы билік тарапынан жіберіліп жатқан кемшіліктерді айтатын «Нұр Отаннан»  басқа да партиялар мен қоғамдық ұйымдар табылады. Осы себептерден  партиямыздың беделі  халық арасында тұрақты түрде өсіп отыр. 

- Облыс әкімі «Нұр Отанның» жергілікті филиалы өзге партия өкілдерімен де бірлесе жұмыс істеуді күшейту қажеттігін атап айтты.

- Біз қашан да басқа партиялармен  ашық алаңда пікірталасуға, пікір алмасуға дайынбыз әрі осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Екіншіден, әр партияның өз алдына жеке бағдарламасы, жұмыс жоспары болады. Олар  «біз осындай мәселе көтердік, сіздер де бізді қолдап,  қосылыңдар» деп бізге хабарласса, көтерілген мәселеде шын мәнінде халықтың құқығы тапталып, заңбұзушылық орын алып жатса міндетті түрде қосыламыз. Ал мемлекеттілікке байланысты, ішкі саяси тұрақтылыққа, Елбасының саясатына қарсы жұмыс жасалып жатса оған тосқауыл қоюға, қарсы тұруға тырысамыз. Жалпы, біздің партиялық бақылау бекеттерінде, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің жұмысына басқа да партия өкілдері белсенді түрде  атсалысуда.    

- Осыдан бірер ай бұрын бірқатар қоғамдық ұйым өкілдері Шымкентте митинг, пикет өткізу  үшін арнайы орындардың белгіленуіне байланысты наразылықтарын білдірді.  Бұл екі орын да қаланың шетінде. Бірі ипподромда, енді бір орын цемент зауытының маңындағы алаңда. Екі жақ  та қаланың шеті. Осы мәселеге қатысты қандай пікір айтар едіңіз?

- «Нұр Отан» партиясының де өткізетін митинг, пикеттері бар. Халық көп шоғырланатын, жұрт көп келетін орындар бізге де керек.  Сондықтан митингтердің қаланың шет жағы емес, орталық  бөлігінде өткізілуін біз де  қолдаймыз. 

- Соңғы бір жыл көлемінде облыс бойынша 871 адам «Нұр Отан» партиясының қатарынан шығып кеткен екен.  Солардың арасында мәслихат депутаттары да бар көрінеді.  

- Бес саусақ бірдей емес қой! Облыста партияның 80 мыңнан астам мүшесі бар. Өкінішке қарай, партияның абыройына нұқсан келтіріп жатқан азаматтар жоқ емес, бар. 16 адам  жемқорлыққа байланысты «Нұр Отанның»  қатарынан шығарылды.  Партия жарғысының талаптарын орындамаған депутаттар болды. Сондықтан біз қатарымызды үнемі тазартып отырамыз... 

- «Нұр Отан» биліктің партиясы. Бірақ, кейбір аудан, қала әкімдерінің арасында партбилеті жоқтар да кездеседі. Әрине кім қай партияны қалауы немесе мүлде еш партияда болмауы өз құқығы. Бірақ биліктің бишігін ұстап жүріп биліктің партиясына мүшелікке өтпеуі нендей ішке бүккен ой бар деген сауалға жетелейді.   

- Ол рас. Бірді-екілі аудан, қала  әкімдері «Нұр Отанға» өтпеген.  Менің ойымша, атқарушы билікте лауазымды қызмет атқарған басшының партияға мүше болғаны дұрыс деп ойлаймын. Президент төрағасы болып табылатын  партияға мүше болмаған аудан, қала әкімі бәрібір осы партияның қолға алған бастамаларын қолдайтыны, оны бағдаршам етіп алатыны белгілі. Әрине, көзқарасы басқа, көңіл күйі бөлек әкімдер жоқ шығар. Сондықтан «кемедегінің жаны бір» дегендей «нұротан» мүшелегіне өткен дұрыс емес пе? Дегенмен ешкімді күштеп міндеттей алмайсың ғой.  

- Оларды үгіттеп көрдіңіз бе?

- Әрине. Мәселен, Шымкент қаласының әкіміне ұсыныс айтқанмын. Ол партияға өтетініне сендірді, бірақ содан бері біраз уақыт өтті, нәтиже жоқ. 

- Ол аса қиын шаруа емес қой. 

- Қиын емес. Арыз жазып, екі адамнан пікір хат алса жеткілікті. 

- Кезінде сотты болған азаматтардың мемлекеттік қызметке қайта оралу  мәселесі бүгінде қоғамда қызу талқыға түскен тақырыптардың біріне айналды.  Бәлкім, олардың бұл қызметті атқаруына заң тұрғысынан кедергі жоқ та шығар. Ал  моральдық тұрғыдағы  жағдай қалай?

- Менің ұзағырақ жауап беруімді күтіп отырған шығарсыз. Бірақ мен өте қысқа жауап беремін. Бұл тұрғыда біз тек заңға жүгінуіміз қажет. Заң қалай есептейді, біз сонымен келісуіміз керек. Одан соң, адамды кінәлі немесе кінәлі еместігін анықтайтын сот. Соттың шешімі шыққан соң барып қана адамды қылмыскер деп есептеуге болады. Мемлекеттік қызметке тұрғысы келген адам құзырлы органдардың рұқсатын алуы тиіс. Мәселені солар  шешсін. 

Оinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

Кенжехан Төлебаев: «Таяқ жеген жігіттердің бірі аудан әкімі...»
Әлтаев қазақша сөйлей алады екен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу