Сот үкім шығарды. Ұсталған Құдайқұлов, сотталған Маматов

Oinet.kz 17-03-2011 877

Screenshot_13.jpg

Парадокс. Бұрын-соңды мұндай сұмдықты естіген кім бар?! 2007 жылы Мақтарал аудандық №2 сотының үкімімен 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылған Рустам Маматов деген Өзбекстан азаматы  түрмеде отырып өзінің Рахматулла Құдайқұлов екенін жария етті.  Сол жылдың қарашасынан бастап Төле би ауданындағы қатаң режимдегі түзеу колониясында жазасын өтеп жүрген азаматтың бұл мәлімдемесі имандай шындық болып шықты. Жуырда осы істі Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында судья Әбсаттар Шахиддинов алқабилердің қатысуымен қарады.

   --Мына қағаздармен таныс, Сен енді Маматовсың. Аты-жөніңді сұраса солай деп жауап бер.

--Бұл не? Мен оны танымаймын ғой...

--Саған енді бес жыл береміз. Өйткені сенен есірткі табылған.

--Қайдағы есірткі, сіздер маған жылқы ұрладың деген едіңіздер...

--Жоқ, жылқыны ұрлаған сен, ал Маматовтан есірткі табылған, сен енді Маматовсың ғой... Сенде ақша бар ма?

--Ақша қайдан болсын?!

--Олай болса, енді менің айтқаным болады...

--Осы жасағаның туыстарың мен балаларыңның басына келсін.

 --Ах, оңбаған, олай болса мә, саған 10 жыл...

Бұл Рахматулла Құдайқұлов пен сот арасында болған сұхбаттан үзінді. Дәлірегі Р.Құдайқұлов былтыр жергілікті журналистерге берген сұхбатында өзіне қатысты сот отырысының осындай «сценаримен» өткенін баяндап берген болатын. Оның рас-өтірігін кім білсін. Бірақ бір анығы істі қараған судья Сералы Әбдірахманов қазір темір торда отыр. Ол 2009 жылы парамен ұсталып, тоғыз жылға бас бостандығынан айырылған...

Ал, құқық қорғау органдарының өкілдері жоғарыдағы жайттардың бәрін жоққа шығарды. Олардың айтуынша, Рустам Маматов осы оқиғаның алдында төлқұжатын жоғалтып алған екен. Оның өзі денсаулығына байланысты сот отырысына келе алмаған. Ал, Р.Маматовтың төлқұжатын иемденіп, нақты айғақтармен ұсталған Р.Құдайқұлов енді қитұрқылыққа барып, жазадан құтылудың амалын қарастырып жатыр.  Өткен аптаның жұмасында өткен сот жарысөзінде мемлекеттік айыптаушы Абзал Нұржанов сөзін былай сабақтады:

Прокурор Абзал Нұржанов:

--Сотталушы Рахматулла Құдайқұлов 2007 жылдың 21 тамызында Өзбекстанда тергеу кезінде анықталмаған Ахмад есімді азаматтан есірткі алып, оны сату үшін кеден арқылы Қазақстанға өткен. Сол күні Атакент ауылында «Бәйтерек» қонақ үйінде жатқан кезінде ішкі істер органдарының қызметкерлерімен ұсталған. Тінту барасында одан 875 грамм, яғни ірі көлемде апиын есірткі заты алынған.   2007 жылы ол Рустам Маматов деген атпен сотталған. Сотта оның кінәсі толығымен дәлелденген.

Адвокат Гүлрайхан Сейітова, сотталушының қорғаушысы:

--Рахматулла Құдайқұлов Өзбекстанда жеміс-жидек саудасымен айналасып жүрген.  Ол қазақстандық Нақып есімді азаматпен бірлесіп жұмыс істеген. Нақып бұған бірнеше мың доллар қарыз болып қалады. Үшінші рет келген кезде Нақып бір топ адамдармен бірігіп, Құдайқұловты басына қапшық кигізіп, әлі бітпеген бір үйге алып барған. Сол жерде ұрып соққан. Бұдан кейін оны қонақ үйге алып келген. Артынша құқық қорғау органдарының қызметкерлері келеді. Бөлмеден есірткі заты табылған. Ұстау шаралары заңға сәйкес жүргізілмеген.  Сотта жауап берген куәлардың жауаптары да әртүрлі, бір-бірімен қабыспайды.

Рахматулла Құдайқұлов, сотталушы:

--Мен қамауда отырған 3 жарым жыл уақыттың басым бөлігін түрме ауруханасында өткіздім. Өйткені денсаулығым өте нашар. Осы уақытқа дейін өзімнің Маматов еместігімді айтумен келемін. Тым құрығанда тегімді сақтап қалғым келеді. Дүниеде бәрін сатып алуға болады, бірақ адам жаны сатылмайды ғой. Мен Ауғанстанда болғанмын. Сол жақта да мұндай әділетсіздікті көрген емеспін.

Бұдан кейін сотқа қатысқан алқа билер мен судья кеңесу бөлмесіне сұрақтарды дайындауға кетті. Қайта оралған соң, судья отырғандарға  тоғыз сұрақтың дайындалғанын айтып, оларды жария етті. Олар негізінен қылмыстың орын алған-алмағандығы, бұған Р.Құдайқұловтың қаншалықты қатыстылығы және оның кәнісі бар ма, жоқ па деген мағынадағы сұрақтардан тұратыны белгілі болды.  

    Осы дүйсенбіде Р.Құдайқұловқа үкім оқылды. Судья Әбсаттар Шахидин үкімнің тек қысқартылған түрін ғана оқыса керек, өйткені үкімде сотталушының, куәлардің жауаптары жария етілген жоқ.

Үкім:

--Алқа билердің қатысуымен өткен сот Рахматулла Құдайқұловты Қылмыстық кодекстің 250, 28 және  259-баптары бойынша кінәлі деп танып, оған түпкілікті 10 жыл бас бостандығынын айыру, мүлкін тәркілеу жазасын тағайындады. Жаза қатаң режимдегі түзеу мекемесінде өтеліп, мерзім 2007 жылдың 21 тамызынан бастап есептеледі.

Үкімді оқылып болған соң, судья Р.Құдайқұловқа:

--Алқабилердің қатуымен өткен сот сізді кінәлі деп тапты. Егер үкіммен келіспесеңіз, кассациялық алқаға шағымдануыңызға болады. Сот сондай-ақ облыс прокуроры мен облыстық ішкі істер департаментінің бастығының атына Құдайқұловты ұстау барысында  ішкі істер органдары тарапынан жол берілген кемшіліктер мен заңсыздықтар туралы жеке қаулы шығарды,--деді.

Oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg

Анарбек Орман: «Судың сұрауы күшейіп келеді»
Ерлан Айтаханов Ербол Садырға «адвокат» болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу