Экс-министр 7 жылға сотталуы мүмкін

Oinet.kz 04-08-2011 790

Screenshot_9.jpg

Жұрт алғашқыда бұл іске қатысты әрбір ақпаратты қалт жібермейтін. Елді елең еткізгені білдей министрдің қамауға алынғаны еді. Жұрт әрқилы қабылдаған бұл оқиға «ыстығы» басылғанымен, әлі де «көнерген» жоқ. Жоғары лауазымды қызметі бар, абыройлы да бақуатты азаматтың тура жолдан тайып, қылмысқа неліктен барғанын білгісі келетіндердің бір құлағы Астанада. Иә, біз әңгімелеп отырған, өткен жылдың қазан айында қамауға алынған экс-министр Ж.Досқалиевке қатысты іс аяқталған жоқ. Еліміздің бұрынғы бас дәрігері денсаулығына байланысты темір тордан шыққанымен үйқамақта. Сотта жауап беруде. Елдің назарын аударған бұл істің «басы қатты болғанымен аяғы тәтті» болып бара жатқан секілді. 

Оқырмандарымыздың есіне сала кетелік, Қаржы полициясы жемқорлық қылмысқа қатысты Жақсылық Досқалиевтің үстінен 2010 жылдың қыркүйегінде іс қозғап, қазанның 2-сі күні Астананың Сарыарқа аудандық соты Досқалиевті 10 күнге қамауға алу туралы шешім шығарды. Ал, қазанның 12-сі күні айыпталушы Астана қаласының тергеу абақтысына көшірілді. Кейін Астана қаласындағы Сарыарқа ауданының №2 соты бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевті қамауда ұстаудың мерзімін 10 тәуліктен 2 айға дейін ұзарту туралы экономикалық және жемқорлық қылмыстарына қарсы күрес агенттігінің өтінішін қанағаттандырды. Алайда, қамауға алу туралы шешім шықпай тұрып, қыркүйектің 25-сі күні қаржы полициясында өткен тергеу кезінде Ж. Досқалиевтің денсаулығы нашарлап ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер оған «инсульт» деген диагноз қойды. Бірақ кейін қаржы полициясы экс-министрге «жалған диагноз қойылғаны» туралы мәлімдеме жасады. Осы емхананың дәрігерлері Досқалиевтің үстінен қозғалған іс бойынша бұрынғы министрге жалған түрде "инсульт" диагнозын қойды деген айыптау бойынша бірнеше рет тергеуге шақырылған. Бұл оқиғалардың қатысы жоқ та болар, дегенмен қазанның 18-і  күні Жақсылық Досқалиев инсульт диагнозы бойынша жатқан Астанадағы республикалық емхананың жансақтау бөлімі меңгерушісі Айгүл Жетімқарынованың қайтыс болуына қатысты қоғамда түрлі пікірлер туғаны мәлім. Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысына қатысты сот процесінің алғашқы отырысы жабық түрде өтті. Бұрынғы әріптесі, жауапты хатшы Болат Садықов екеуі ірі көлемде пара алып, билікті асыра пайдаланған деген айып тағылған болатын. Сондай-ақ,  экс-министрге қатысты, мемлекетке 600 миллион теңгеден астам шығын келтіріп, екіжарым миллиард теңгеге жуық бюджет қаражатын жымқырды деген айып бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Дегенмен, сот отырыстарына балдақпен келіп жүрген Жақсылық Досқалиев: «Мен іс материалдарымен және соған қатысты айыптаулармен мұқият танысып шықтым. Одан менің заң бұзғанымды дәлелдейтін бұлтартпас айғақтар таппадым. Айыптаулар болжамдар мен болжалдарға негізделген», – деп мәлімдеді. Оның азаматтығын, білімділігін, кәсіби шеберлігін айтушылар да аз болмады.

Осы іске қатысты соңғы мәліметтер жөнінде айтар болсақ, апта басында сот бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев пен бұрынғы жауапты хатшы Болат Садықовқа қатысты қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану айыптары бойынша істі тоқтатты. Дүйсенбі күні соттың кезекті отырысында мемлекеттік айыптаушы Т. Әленов күтпеген жерден Болат Садықовқа қатысты айыптаудан бас тартатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, прокурор «телемедицина» эпизоды бойынша істі қосымша қарауға қайтаруды сұрады. «Сот Садықовқа қатысты Қылмыстық Кодекстің 307 бабы бойынша қылмыстық істі 307 баптың 4 тармағында прокурорлық айыптаудан бас тартуына байланысты тоқтату туралы қаулы еткенін» хабарлаған судья Мейрам Жанғұтдинов «Заңға сәйкес сіз кінәсіз деп танылдыңыз», - деді Б.Садықовқа қарап. Бұрынғы жауапты хатшы сот залынан шешім жарияланғаннан кейін бірден босатылды. Сонымен, экс-министрге тағылған айыптардың бірі алынды. Бұрын оған лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны, бюджет қаржысын шығындағаны және ірі көлемде пара алғаны жөнінде айып тағылған болатын. Дүйсенбідегі сот отырысында прокурор сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін айыпталған бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық  Досқалиевтің мүлкін тәркілеп, 7 жыл бас бостандығынан айыруды және  жазасын қатаң түзілімдегі түзеу мекемесінде өтеуді белгілеуді сұрады. 

Айтпақшы, тағы бір қылмыстық іс ел назарында. «Ештен кеш жақсы» деген мақалды еске салатын бұл іс Виктор Храпуновқа қатысты қозғалып отыр. Бүгінде Швейцарияда алаңсыз өмір сүріп жатқан В.Храпуновтың құлағын қарапайым халық шулатқалы қашан. Ал, құқық қорғау орындары оның заңсыз әрекеттеріне енді мән бере бастады. Қаржы полициясы мамырдың 27-не Алматы қаласының бұрынғы әкіміне қатысты екі бірдей қылмыстық іс қозғады. Естеріңізде болса, В.Храпунов төтенше жағдайлар министрі қызметінен 2007 жылдың қарашасында Алматыдағы табиғи қорғаудағы аймақтан заңсыз жер телімдерін бергені үшін босатылған болатын. Содан кейін ол Швейцарияға кетіп, сол елдің азаматтығын алды. Кетті дегеніміз «жұмсақтау» болар, дегенмен, бар мүлкін ұшаққа тиеп алаңсыз шетелге жөнелген оны «қашып» кетті деп те айта алмайсыз. Өйтсеңіз, кештетіп барып іс қозғаған құқық қорғау орындарының шамына тиесіз. Сөйтіп, қазақ елінен «спокойно» кеткен В.Храпунов 2009 жылы ең бай швейцарлықтардың тізімінен бір-ақ шықты. Әрине, ол байлықтың барлығы сонау Швейцарияға қазақ елінен заңсыз жолмен барғанын қарапайым халық айтып та жүр. Ал құқық қорғау орындарының ол байлыққа қатысты пікірі бізге беймәлім. Сондай-ақ, В.Храпуновқа қатысты қозғалған қылмыстық істің барысы да құпия болып тұр. Өзге елдің азаматтығын алып үлгерген экс-қазақстандықтың мүлкі тәркіленіп, жазаға тартылатынына күманданушылар да көп. Ары кетсе, сырттай сотталғандардың саны көбейер...

Жетпісбаевтың есебін кідірте берген кім?
Әкелі-балалы Айтахановтардың әрекеті әрқилы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу