Тұманбек Әлиев: «Мен әкім болған кезде...»

Oinet.kz 22-03-2019 1034

 Screenshot_7.jpg

Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының осы аптада өткен отырысында құрылыс басқармасының бастығы Тұманбек Әлиев «мен әкім болған кезде...» деген сөзді ауызға алды.  Басқарма бастығы әкімдік дәуренін сағынды ма, әлде жаңа қызметіне төселе алмай жүр ме? Соңғысы қисынға тура келетін сияқты. 

Әдетте комиссия отырысына басқарманың бастығы немесе оның орынбасарының бірі қатысатын. Әлиев осы бір жазылмаған заңдылықты бұзып,  жиынға өзі де, орынбасары Альмира Орманшинаны да жетелей келген екен. Жо-жоқ, кім-кімді жетелеп келгенін кейін түсіндік. Отырыста құрылыс мәселесі қызу талқыға түскен кезде мінбеге Әлиев емес, Ораманшина шығып депутаттардың сұрақтарына жауап берді. «Мен әкім болған кезде..» деп, өткен еңбек жолынан бірлі-жарым мысал келтіргені болмаса Әлиев құрылыс мәселесінде маңдытып ештеңеге жауап бере алмайтынын білдіртті. Депутаттар оның тек төбе көрсеткеніне риза болғандай, артық ауыз әңгімеге бара қоймады. «Құрылыс басқармасының бастығы құрылыс мәселесіне қатысты сауалдарға неге жауап бере алмайды?» деген ешкім болған жоқ. 

Таңқаларлығы сол, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының міндетін атқарушы Жанболат Мелдешов те кәсіпкерлікке қатысты сауалдарға жартымды жауап бере алмады. Абырой болғанда облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев Ж.Мелдешовтың жұмысқа жаңа келгенін, атқарылып жатқан жұмыстармен толық хабардар еместігін ескертіп, тізгінді өз қолын  алды. 

Күн тәртібінде қаралған  келесі мәселе тағы да кәсіпкерлікке қатысты болғандықтан депутаттар жауап берер дегендей Ж.Мелдешовке қараған болатын. Алайда ол иығын қиқаң еткізіп, тізгінді тағы да Тұяқбаевқа бере салды. Осы кезде қасында отырған Әлиев «адаптациядан өту үшін бізге 2-3 ай мұрсат  берсеңіздерші» деді. Мұнысы өтініш пе, әлде әзілі ме? Бәлкім, екеуі де шығар. Сонда Әлиев пен Мелдешов жаңа қызметтеріне бой үйретуі үшін өзге жұрт тірлігін тастап, күте тұруы керек пе? Қашанға дейін? 

Айтқандай, кешегі күні өткен облыстық мәслихаттың сессиясында дайындықсыз келгені үшін депутаттар Ж.Мелдешовты біраз терлетіп алды. Осы сессияда Тұманбек Әлиев те құрылысқа қатысты депутаттық сауалға жауап беруі тиіс еді. Себебі сейсенбі күні  облыстық мәслихаттың бюджет және экономканың дамуы жөніндегі тұрақты комиссияда депутаттардың бірі Бәйдібек ауданы Алмалы ауылында жуырда салтанатты жағдайда пайдалануға берілген мектепте шәкірттер сабақ өтпей, қайтадан ескі ғимараттарына көшіп барғанын, осыған байланысты құрылыс басқармасының бастығы Тұманбек Әлиев пен білім басқармасының бастығы Альбина Елшиевадан түсінік беруді сұраған болатын. Екі басшы бұл жағдайдан мүлдем хабарсыз екендіктерін байқатты. Осыдан соң «бұл мәселені жылы жауып қоя алмаймыз» деп, дүрліккен депутаттар екі басшыға «сәрсенбі күні өтетін сессияда осы сауалға жауап беріңіздер» деген болатын. Алайда кешегі күнгі сессияда Алмалы ауылындағы мектеп жайын қозғаған ешкім болған жоқ. Сонда депутаттардың сөзі жерде қалғаны ма? Айтылған сөз, айтылған жерінде қалып кете берсе халық қалаулыларында, мәслихатта  қандай бедел қалады? Әлде Тұманбек  Әлиев ел алдында ұятты болып қалмаудың амалын алдын ала жасап қойды ма екен? Кім біледі?.. 

Мұрағаттан, 31.05.2012 ж

Сапарбек Тұяқбаев: «Мен сырттан келгенім жоқ, елге келдім, тәжірибем бар, қызмет етемін»
Қаржы игеруде қамсыздыққа бой алдыратын шенеуніктер аз емес
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу