Қаржы игеруде қамсыздыққа бой алдыратын шенеуніктер аз емес

Oinet.kz 22-03-2019 900

Screenshot_8.jpg

Бюджеттің орындалуы - әкімдер мен басқарма басшыларының жұмысына баға беруде ескерілетін негізгі критерийлердің бірі. Әйткенмен, қаржы игеруде қамсыздыққа бой алдыратын шенеуніктер аз емес. Бұл бұрыннан келе жатқан проблема. Алдыңғы жылдарда базбір  басқармалар жүздеген миллион, тіпті миллиардтаған теңгені игере алмай әлек болғаны есімізде. Мұны енді парадокс демеске лажымыз жоқ. Облыс басшылығы Үкіметке сан рет сабылып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға тікелей септігін тигізетін ауқымды жобаларға, игі бастамаларға қыруар қаражат бөлдіреді. Есесіне жергілікті органдардағы шенеуніктер осы мүмкіндікті пайдаланбай, бюджетті орындауға құлықсыздық танытатын. Әрине, қаржы игерілмеуінің объективті де, субъективті де себептері бар. Дегенмен, іскер басшы кез-келген қиындықты шеше біледі емес пе? Осыны ескере отырып облыс әкімі Асқар Мырзахметов  бюджетті орындамай, берілген тапсырманы атқара алмаған шенеуніктерге қатысты қатаң тәртіптік шаралар қолдануды ұйғарды.  Бұл қадам өзінің тиісті нәтижесін бергеніне қазір көпшіліктің көзі жетіп отыр. Шенеуніктер есін жинап, жауапкершілігін күшейткен секілді. 

Жуырда өткен облыстық мәслихаттың бюджет және экономиканың дамуы жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында қаржы басқармасының бастығы Роза Исаева 2011 жылғы облыстық бюджеттің жоғары деңгейде орындалғанын мәлімдеді. Қаржыны игере алмаған бірқатар лауазым иелері қызметінен босатылғаны да айтылды. «Өткен жылы білім басқармасының бастығы Туғанбаев, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Әлтаев өзіне жүктелген қызметін тиісті дәрежеде атқармағаны үшін қызметтерінен босатылды. Ал құрылыс басқармасының бастығы Орманчина басшылық қызметтен орынбасарлыққа ауыстырылды» деді Р.Исаева.  Сондай-ақ, мемлекеттік маңызы бар жобаларды өз деңгейінде жүзеге асырып, қаржыны игеруде  дәрменсіздік танытқан бірқатар аудан әкімдері қызметінен босатылып, облыстық басқармалардағы 12 шенеунікке тәртіптік шара көрілді. 

Жалпы, бюджетті ойдағыдай орындау, қаржыны игеру - бұған дейін  талай айтылып жауыр болған, өзектілігіне қарамастан аудан және басқарма  басшыларының алаңсыздығынан шешімін таппай келген мәселе еді. Асқар Исабекұлының бастамасымен қолға алынған қатаң шара қолдану саясаты оң нәтижесін бере бастағаны қуантады. Осы сәрсенбінің сәтіндегі сессияда да бюджет салсындағы оң өзгеріс тілге тиек етілді. 

Мұрағаттан, 31.05.2012 ж

Тұманбек Әлиев: «Мен әкім болған кезде...»
ОҚО-да депутаттар неге наразы?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу