Аудан әкімдері Асқар Мырзахметовке есеп тапсырды

Oinet.kz 22-03-2019 1112

Screenshot_15.jpg

Осы аптаның алғашқы үш күні ішінде  облыс әкімі Асқар Мырзахметов сегіз бірдей аудан, қала әкімдерінің бірінші жартыжылдықта атқарған есебін қабылдады. Әдеттегідей емес, облыс басшысының өзі атап өткендей, бұл жолғы «емтихан» жаңа форматта өтіп жатыр. Бұрынғыдай ұзақ-сонар баяндама, жалаң сөз, жалтарма жауап жоқ. Аудан әкімінің алты айда атқарған есебін облыстық басқарма басшылары, облыс әкімінің аппараты тегіс отырып, талқыға салуда. Сонымен алты айлық есепті кім қалай тапсырды?

  Арыс

 «Бәрі баяғы әңгіме»

--Бәрі баяғы әңгіме, балабақша, мектеп салуға ақша сұрайды»,--деді дүйсенбі күні Арыс қаласының әкімі Қанат Сыдықовтың есебін қабылдаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов. Қала әкімінің «Балапан» бағдарламасы аясында 280 орындық балабақша құрылысын қаржыландыруға 380 миллион теңге және «Теміржол-Арыс» ЖШС-інің электр желілерін қалпына келтіруге 28 миллион теңге сұрағаннан кейін айтылған әңгіме бұл. Облыс басшысының айтуынша, қазынаның қаржысымен мектеп, балабақша салуға оншалықты көп ақылдың қажеті жоқ. Іскер екенсің, өндірісті өркендет, кәсіпкерлікті дамыт, мемлекеттік бағдарламаларды орында. Ал Арыстың әкімі Қанат Сыдықов бұл жағынан алғанда іскерлігін қаншалықты көрсете алды?

Биыл Арыста жылыжай салу 8 гектарға межеленсе, оның бар жоғы 2 гектары ғана орындалған. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жоспар 35 пайызға ғана жүзеге асқан. «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасына құны 1 600 миллион теңгені құрайтын тауарлы сүт  фермасының жобасы еніп отыр. Бірақ әзірге біреу ғана. «Бизнестің жол картасы—2020» бағдарламасына бас-аяғы 12 жоба ұсыну қажет болса, оның да біреуі ғана мақұлданған. Бұдан бөлек алты айда 15 азаматқа несие беру көзделсе, бұл бағытта ешқандай жұмыс жүрмеген. Арыста жерді игеру мәселесі де кенжелеп қалыпты. Оның ішінде кәсіпкерлік мақсатта берілген 12 гектар  жердің 11 гектары бос жатыр.

Айтқандай, Арыста осы уақытқа дейін ауыз суды тасымалдап ішетін ауыл бар.

--Кезінде  ауыз суға қыруар қаржы бөлініп, біз тасымалдап ішетін ауылдардың мәселесін толығымен шештік дедік. Сонда бұл қалай?—деді облыс басшысы.

--Биыл Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға түлектердің 78 пайызы қатысты. Орта балл—67,8-ді құрады. Соңғы үш жыл көлемінде төмен нәтиже көрсеткен Тәшенев атындағы мектептің директоры қызметінен босатылса, қалған 15 мектептің басшыларының мәселесі еңбек демалысынан келген соң қаралатын болады,--деді қала әкімі. А.Мырзахметов «демалысты күтетін ештеңе жоқ, шақырып алыңыз да жұмыстан босатыңыз» деді.

Аудан, қалалардың рейтингісінде бұған дейін орта белден көрініп жүрген Арыс алты айлық қорытындыда 11 орын алды. Арыстың кейінгі екі тоқсанда республикалық рейтингіде ең соңғы орын алғанын да білеміз. Облыс әкімі жиында «айтылған кемшіліктер бойынша қорытынды шығарамыз» деді. Әзірге қорытындының қандай болары белгісіз.

 

 Шардара

Оспанов Марайымның орнына бара ма?

Шардара ауданы әкімінің міндетін атқарушы Тұрғанбек Оспанов есеп беруде бір емес бірнеше рет сүрінгенді. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына ауданнан бар-жоғы бір жоба енген. Облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев атап өткендей, Шардарада бұл салада белсенділік жоқ. Әкімдік кәсіпкерлікті, өндірісті өркендетуге қажетті жағдайды толық жасап бере алмай отыр. Жылыжай бойынша берілген тапсырма—35 пайызға, көкөніс сақтау қоймаларын салу бойынша жоспар 46 пайызға, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша берілген тапсырма 13,8 пайызға ғана орындалған.  Аудан қазынасында игерілмей жатқан қаржы да бар.

Қызығы сол, аудан әкімдігі мен облыс әкімдігі арасындағы статистикалық деректерде ала-құлалық байқалады. Облыс әкімдігінің мәліметі бойынша Шардарадағы 72 көпқабатты үйдің бірде-біреуі кондоминиум ретінде тіркелмеген. Ал, Т.Оспанов 48 үй тіркелді деп отыр. Сонда қайсысына сенеміз?

Жиында Т.Оспанов «елді мекендерге ауыз суды 24 сағат беруге тұрғындардың өздері қарсы болып отыр» деді. Алайда облыс басшысының «Не үшін?» деген сауалына тұщымды жауап қайыра алмады. Ауыз суды тәулік бойы арқыратып ағызып қоюға тұрғындардың не үшін қарсы болып жүргенін ары-бері ойланып біз де түсіне алмадық.

Аудан түлектерінің биыл ҰБТ-дан жинаған баллы төмен.

--Фермалардан келген оқушылар төмен нәтиже көрсетті,--деді Т.Оспанов. Осыған байланысты ол 11 мектеп директорының үшеуін қызметінен босататынын мәлім етті.

--Неге үшеуі, 11 директордың бәрін босатпайсыз ба?—деген сауалға әкім міндетін атқарушы ұғынықты жауап қайыра алмады

--Жаушықұмдағы 2008 жылы пайдалануға берілген мектептің құрылысы сапасыз болып шықты. Соның салдарынан қазынадан тағы 2,5 миллион теңге қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонда аудандық құрылыс, білім бөлімдері қайда қараған?—деді аталған аудандағы құрылыс сапасына қатысты пікір білдірген  «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Мамытбеков.

«Жылдың аяғына дейін орындаймыз. Балапанды күзде санайды деген. Бізде мақта күзде жиналады. Сол кезде жоспарды орындап шығамыз,--деді  Т.Оспанов. Оның сөзіне сенуге де болатын шығар. Шардара былтыр жыл соңында аудан, қалалардың рейтингісінде бірінші орын алған. Биылдың бірінші тоқсанында бірден 11 орынға төмендеп, алты айдың қорытындысында 8-інші орынға жайғасыпты. Бірақ Т.Оспанов көктемде кеткен кемшіліктің орнын күзде толтыра алады ма?

Шардараның бұған дейінгі әкімі Марғұлан Марайым жуырда Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары қызметіне ауысып кеткені белгілі. Биылғы көктемдегі кадрлық өзгерістерде бірнеше аудан, қалалардың әкімдері ауысып, олардың орнын орынбасарлары басқан еді. Тұрғанбек Оспанов та Марғұлан Марайымның орнына бара ма, орынтағына отыра  ма? ...Аяқ алысына қарағанда, әй қайдам?.. 

Түркістан

Жаңа әкімнің жұмысы жақсы бағаланды

«Емтихан» тапсырған әкімдердің арасында Түркістан қаласының тізгінін өткен сәуір айында қолға алған Әліпбек Өсербаевтың әзірге асығы алшасынан түсіп тұр. Түркістан бірінші тоқсанда аудан, қалалардың рейтингісінде 12 орын алса, алты айдың қорытындысы бойынша 6-ші орынға тұрақтады. Әдетте  әкімдердің атқарған жұмысына көңілі тола бермейтін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың Түркістанның әкімі берген есептен кейін:

--Жалпы алты айда аудан, қалалардың өсу динамикасы жаман емес,—деді. Осының өз талай жайтты аңғартса керек.

Айтса айтқандай Түркістан қаласында өткен алты айда жергілікті бюджет кірістері 16,7 пайыға өскен. Құрылыс жұмыстары 98,4 пайызға артып,  пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2,2 есеге артқан. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,5 пайызға көбейіп отыр. 2012 жылы Индустриаландыру картасына құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба ұсыну жоспарланса, оның 4-еуі нақты енгізілген. «Бизнестің жол картасы—2020» бағдарламасына 2 жоба еніп отыр. Индустриалды аймақ құрылып, оның  техникалық-эконмикалық негіздемесі мен сараптамасын жасалған. Енді аталған аймақта жүзеге асатын 3 миллиард 660 миллион теңгелік 3 жоба облыстық үйлестіру кеңесіне мақұлдау үшін жолданған. Өткен алты айда қалада 1 көкөністі қайта өңдейтін шағын цех іске қосылса, қыркүйекте сүт өңдеу цехының лентасы қиылмақ.  «Сыбаға» бағдарламасы бойынша берілген жылдық тапсырма--65 пайызға, мал бордақылау алаңдарын салу бойынша жылдық жоспар—60 пайызға орындалған. Биылғы түлектер ҰБТ-да жақсы нәтиже көрсетіп,  облыс көлемінде үшінші орын алған.

 Әліпбек Өсербаевтың атқарған еңбегін жақсы бағалаған облыс әкімі Түркістанда туризмге бас көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.

--Сіз жаңа әкімсіз, сондықтан жұмысты бұдан да ширатуыңыз керек,--деді.

Түлкібас

Тірлік неге қожырап кетті?

 Түлкібас ауданы биыл Индустриаландыру картасына құны 753 миллион теңгені құрайтын екі жоба, «Бизнестің жол картасы—2020» бағдарламасына да екі жоба енгізе алыпты. Тамшылатып суару әдісін 460 гектарға енгізіп, жылдық тапсырманы 56 пайызға орындаған. Бірақ...

 Түлкібаста құрылыс саласынан шикілік шығып отыр. Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің құрылысын жүргізген мердігер компанияның жұмысын сапасыз жүргізгені былай тұрсын, білім ұясына алынуы тиіс  құрал-жабдықтардан қаржы «үнемдеп» қалғаны белгілі болып отыр. Дәлірегі құзырлы органдар сатып алынған тауарлардың бағасы мен нарықтағы бағаның арасынан жер мен көктей айырмашалық тапқан. Тіпті, кейбір сатып алынған қондырғылардан мұндай айырмашылық 49 миллион теңгеге дейін жеткен. 58 миллион теңгеге алынды деген қазандықтың нарықтағы  бағасы 29 милион теңге болып шыққан. Осыған байланысты аудандық құрылыс бөлімінің бастығы қызметіне алынып, істі болған. 

--Сонда құрылысқа жауапты мамандар, ауыл әкімі қайда қараған?--деді

облыс басшысы аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиевтің берген есебін тыңдау кезінде. Облыстық қаржы басқармасының бастығы Роза Исаева Түлкібаста биыл жер сатудан түсетін қаржының жоспарланған межеден күрт төмендеп кеткенін алға тартып, оның себептерін сұраған болатын. Қайрат Әбдуәлиев себепті Түлкібастың қалаға жақын еместігімен, мұнда көбіне жер тек ауыл шаруашылығы мақсатында сатып алынатындығымен түсіндірді. Алайда  «түгін тартсаң майы шығатын» Түлкібаста ауыл шаруашылығының да маңдытып тұрғаны шамалы сияқты. Әсіресе, жылыжай салу жоспары бар-жоғы 2,5 пайызға орындалған.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәлімет бойынша ауданда 15 қолдан ұрықтандыру пунктін салуға қажетті құжаттар әзірленбеген. Бұдан бөлек облыстық прокуратура жуырда Түлкібаста субсидия алуға берілген құжаттардан заңсыздық тауып, ол прокуратураның алқа мәжілісінде арнайы қаралған. Таңқаларлығы сол, субсидия алуға берілген кейбір бланкілер толтырылмаған, таза күйінде өтіп кеткен. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Кезінде облыстық ауыл шаруашылығы аумақтық басқармасын басқарған Қайрат Әбдуәлиевтің басқасы басқа ауыл шаруашылығы саласына тісі батпайды дегенге кім сенеді? Әлде әкімде құлық жоқ па? Бірінші тоқсанда 6 орын алған Түлкібастың алты айдың қорытындысында 11 орынға төмендеуі де көп жайтты аңғартпай ма?

--Айтылған кемшіліктер хаттамаға түсірілді. Сол бойынша шешім қабылданады,--деді облыс басшысы.

Қайрат Әбдуәлиевтің қызметтік тағдыры бойынша нендей шешім қабылданатынын уақыттың еншісіне тапсырдық.

Отырар

«Алдымен қаржыландыру мәселесін шешу қажет»

Отырар ауданы өткен алты айда «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» және «Бизнестің жол картасы—2020» бағдарламаларына бір-бір жобадан енгізе алыпты. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Темір ауылында «Индустриалды аймақ» құрылып, оған  инфрақұрылым жеткізу жұмыстары жүріп жатыр. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша  662 ірі қара сатып алынып, тапсырма 178 пайызға орындалған. Ауданда ет және сүт өндіру өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 103 пайызға жеткен. Алайда аудан әкімінің берген есебінің олқы соғып тұрған тұса да жоқ емес. Ауданда тамшылатып суару әдісі 1,9 пайызға ғана орындалып, 6  гектар жылыжай салу тапсырмасының  0,10 гектары ғана жүзеге асқан.

--Жылыждай салу неге орындалмады?--деген сауалға жауап беруде Бейбіт Сыздықов өзге әкімдердей, «жыл соңына дейін орындаймыз» деп жалтара салған жоқ.

--Жылыжай салу соған ықылас білдірген жеке азаматтың қаржысына байланысты. Ауылдағы азаматтарға несие алу үшін кепілге қоятын мүлкі жоқ. Сондықтан алдымен қаржыландыру мәселесін шешу қажет,--деп, өз уәжін білдірді.

Ауданда ауыл шаруашылығы мақсатындағы 32 мың гектар жердің 49 пайызы ғана игеріліп отыр. «Бұл қашан 100 пайыз болады?» деген  сауалға.

--Жоспар бойынша 2016 жылы 23 мың гектарға жетуі тиіс. Бірақ Отырарда ағын су мәселесінде проблема бар. Су жоқ емес, бар. Бірақ уақытында берілмей қалады. «Оңтүстіксушар» мекемесімен келісіп, кеңесіп  осы мәселені шешу қажет,--деді.

Жиынға төрағалық еткен облыс әкімі Асқар Мырзахметов Отырардағы ағын су мәселесін алдағы уақытта бөлек қаралатынын мәлім етті. 

26.08.2012 ж

Түркістанды түлеткен Қайрат Молдасейітов енді Шымкентті басқаруға келді
Серік Тұрбеков Елбасының саясатына қарсы ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу