«Борсықты ұрған сайын семіреді». «Семіріп» депутат болғандар кімдер?

Oinet.kz 13-01-2021 2294

OINET.KZ хабарлайды - Бірер ай бұрын танымал ақын Мақпал Мысаны әлеуметтік желіде оқырмандар жерден алып, жерге салды. Себебі оның Нұр-Сұлтан қаласында өткен авторлық кешіне қазынадан 28 млн теңге жұмсалыпты. Карантин кезде күні 42 500 теңгеге қарап қалған халық мұнша ақшаның аса маңызы жоқ кешке ысырап болғанына қатты ашынды. 

Мақпал Мыса Мәди Ахметов.jpg

Қалалық мәдениет басқармасы Мақпал Мысаның кешін ұйымдастыру үшін ARDA production ЖШС-мен бір көзден тікелей келісімшарт жасаған. Яғни тендер ашық конкурсқа салынбай ың-шыңсыз өткен. Көпшілік бұл ЖШС-ны Мақпал Мысамен байланыстырып, халық сөзін сөйлейді деген ақын ақшаға құныққаны ма деп күйінді. Бұл наразылыққа Мақпал Мыса мардымды жауап бермеді. Тендерге қатысы барлар бұл кеш карантинге дейін өткенін айтып ақталды. Халық бұған бұлқан-талқан болып басылған. 

Осы шудан соң Мақпал Мыса тыныштыққа кету керек еді. Бірақ ол бұны шыбын шаққан құрлы елемеді. "Құласаң нардан құла" демекші, Мақпал Мыса саяси науқан кезде құр жатпай, анау-мынау аудандық-облыстық мәслихатта емес, Мәжілісте сынап көрді. Бұнысы бекершілік болмай, сайлауда жеңіске жеткен "Nur Otan" партиясының тізімі бойынша Мәжіліс дептутаты болып шыға келді. Енді 5 жылдай оның мұртын балта шаппайды. Бір сұхбатында "Мен үшін қасиет атаулының бәрі туған топырақта" деген Мақпал Мыса әлеуметтік проблемасы шаш-етектен Алматы облысының мәселерін шешуге атсалысады деп сенеміз. 

Депутат.jpg

Дәл осындай бақытқа Мәди Ахметов та кенелді. "Болар бала ..." демекші, бір жарым жыл бұрын «Jas Otan» жастар қанатының Алматыдағы төрағасы болған Мәди Ахметов Нұрсұлтан Әбішұлына ескерткіш орнатуға ұсыныс жасады. Бұл ұсынысты дәл Елбасының алдында жасады.

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы. Мен өзіңіз сияқты Алматы қаласының тумасымын. Жасым 24-те. Сіздің халқыңызға сіңірген ерен еңбегіңіздің өтеуі ретінде Алматыда Назарбаев даңғылында ескерткіш орнатуды ұсынамын. Оны мұнда отырған жастар қолдайды деп сенемін», - деген еді. 

Әрине бұл ұсынысқа Елбасы келіспеді.

«Мен осында жастардың келгеніне қуанамын. Әр жерге ел жер атауына менің атымды беруге мен жалпы қарсымын. Алдарыңызда отырмын ғой. Ескерткіштің не керегі бар? Бірақ ұсыныс айтылып жатса, барлығы менің қолымда емес, президент емеспін гой. Халық солай деп шешсе, оған мен қарсы бола алмаймын. Шын жүрегіммен ризашылық білдіремін», - деді сонда Н.Назарбаев. 

Мәди Ахметовтың осы сөзіне көпшілік әбден ашуланды. "Совет Одағын көрген қартаңдар мейлі, Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген жастарға жағымпаздық деген қайдан жұққан?" деп қазіргі жастарға ашуланғандар көп болды. Ахметовты мазақтап, мырс-мырс күлгендер де аз болмады. 

Міне сол кездегі көпшіліктен кекесін естіген балаң Мәди Ахметов бүгінде білдей Мәжіліс депутаты. Қазақстан тарихындағы ең жас депутат болып рекорд жасады және. Осы жерде "Борсықты ұрған сайын семіреді" деген сөз еске түседі екен. 

P.S. Сайлауалды үгіт-насихат науқанында белсенді жұмыс істеген Ахметов бірінші кезекте жастар мәселесін шешуге барынша тырысатынын талай айтты. Расында қазіргі таңда жастар мәселесі қоғамды күйдіріп тұр. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен жоғары оқу орнын бітірген қарақұрым жастар жұмыс таппай сандалып жүр. Жұмыссыздық салдарынан құмар ойынға салынып, үйін тонап біткендер санында есеп жоқ. Суицидке барушылар да қоғамнан орнын таппаған осындай маргиналды жастар. Ахметов осы мәселенің шешімін тапса оған деген халықтың алғысы орасан болары сөзсіз. 

Бір жағы Парламентке ескі гвардия емес, қарапайым халықтың ішінен жаңа буын келіп жатқаны қуантады. Не де болса өзгеріс болары анық. Биыл әйгілі Мәшһүр Жүсіптің мына бір болжамы желілерде хит болып жатыр: 

"Жұт келеді. Қалың қазақ қырылады. Жұттан аман шыққан ел 70 жыл Құдайсыз қоғамда өмір сүреді. Одан кейін елді 30 жыл ұры-қарылар былықтырады. Осының бәрінен өткен соң ғана қазаққа қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туады".

Мәшһүр Жүсіп осылай депті. Тәуелсіздік алғалы бері 30 жыл өтті. Енді расында қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманды осы жаңа құрамдағы депутаттар алып келе ме? 

Алып келеді деп сенеміз. Лайым солай болғай.

Судья сыбайластыққа барса...
«Nur Otan»-ға ең аз дауысты қай өңір берді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу