Розақұл Халмұрадов: «Мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді білетіндер ғана қабылдануы тиіс»

Oinet.kz 23-03-2019 1189

Screenshot_19.jpg

- Сізді қазақ тілі жанашырларының бірі ретінде жақсы білеміз. Сізге мемлекеттік тілді өмір үйретті ме, әлде қызмет мәжбүрледі ме?

– 1967 жылы комсомолда істеп жүрген кезімде облыстық теледидардан бір журналист хабарласып, нақты бір тақырып төңірегінде сұхбат жасау керектігімізді айтты. Оған келісімімді беріп, сұхбатқа дайындалдым. Ол жылдары барлығымыздың да үйренетініміз, сөйлейтініміз орыс тілі болғанын бүгінде жасыра алмаймыз. Жатсақ та, тұрсақ та сол тілде сөйлейміз. Бюрода орыс тілін білмесең, «бар, үйреніп кел» деп шығарып жіберген замандар да болды. Сол дағдымен сұхбатқа орыс тілінде дайындалып келсем, журналист бағдарламаның қазақша жүретінін айтты. «Қалай қазақша, мен қазақ тілін білмеймін ғой, мектепті, жоғары оқу орнын өзбек, орыс тілдерінде бітіргенмін, жұмыста да орысша, қазақ тілін қайдан білемін?» деймін. Журналист көнбейді. «Сұрағыңды қазақша қоя бер, шамам келгенше өзбекше, орысша, білген жерімді қазақша араластырып жауап беруге тырысайын» дедім. Сөйтіп, алдын ала аз уақыт дайындық жасап алдық. Үйдегілерге «сағат пәленшеде теледидардан сөйлеймін» деп айтып кеткенмін. Бағдарламаның уақыты жеті-ақ минут. Сол жеті минуттың ішінде жазғы шілденің ыстығы бар, қазақша сөйлей алмай қысылғаным бар, әйтеуір қара терге түстім. Бағдарлама біткен бойда көйлегімді шешіп, сығып жібергенде кәдімгідей су төгілді. Қағып-қағып киіп алдым. Журналиспен қоштасып, көлігіме міндім-дағы дүңгіршектен қазақша газеттер сатып алдым. Қазақ тіліндегі кітаптар, сөздікдерді қолыма іліктіре кеттім. Әйтеуір табылғанын ала бердім. Сөйтіп, оларды жұмыста да, үйде де ұдайы оқып жүрдім. Қарамағымдағыларға тапсырманы қазақша бере бастадым. Олар «жұрттың барлығы жаппай орысша үйреніп жүргенде қазақшаны не қыласың?» дейді таңырқап. Қажет болып қалды деп қоямын. Сонымен не керек, төрт айда әжептәуір сөйлейтін дәрежеге жеттім. Сол жылы кеңес өкіметінің 50 жылдық мерекесі тойланатын болды. Маған облыстағы комсомол жастардың атынан құттықтау сөз сөйлейсің деген тапсырма түсті. Төрт минут сөйлеуім керек. Мәтінін орысшалап жақсылап жаздым. Обкомның идеология бөліміне әкеліп көрсеттім. Өте жақсы. Содан шығып, Сайрам ауданының орталығындағы С.Сейфуллин атындағы қазақ орта мектебіне барып, ондағы бір мұғалім досыма құттықтауды қазақша аударып бер дедім. Сөзбе-сөз емес, мағынасын сақтап, көркем тілмен жазу керектігін түсіндірдім. Әдемілеп жазып берді. Оны жаттап алдым. Мереке күні құттықтауды барлығы орысша айтып жатқанда мен ғана қазақша сөйледім. Облыста бірінші хатшы орыс болғанымен, қазақшасы әжептәуір еді. Бір қарап қойды, бірақ үндемеді. Орныма барғанымда біреулер «енді сені құртады» дегенді айта бастады. Ал есіктің алдында кездесіп қалған сол кездегі облыстық деңгейде қызметте жүрген лауазым иелерінің бірі Төлепбек Назарбеков иығымнан қағып, «жарайсың, бала» деді. Осылайша, қазақ тілін таза меңгеріп алдым. Бұл кезде 26 жаста едім. Кейінгі жылдары қате түзетіп, қазақ тілі бөлімінің мамандарымен тайталасқа түсетін дәрежеге жеттім. 

- Қазіргі мемлекеттік тілдің ахуалы жайлы не айтар едіңіз? 

–Мемлекеттік тіл барлық этностарды топтастыратын негізгі фактордың бірі. Әрине, қазақ тілі қанат жайып келеді. Десек те, мемлекеттің тілдің барынша өркендеуіне күш салған жөн. Жалпы алғанда түркі тілдес халық өкілдері қазақ тілін жетік меңгеру арқылы өзге ұлт өкілдеріне үлгі бола білуі керек деп ойлаймын. Осы мәселені мықтап жолға қоюымыз керек. 

Бәлкім, мемлекеттік тілдің қолданылу аясының әлі де тарлау болуының бір себебі идеологияның әлсіздігінде жатқан болар? 

– Біздің негізгі идеологиямыз – Тәуелсіздік. Елбасы 2011 жылды  – Ел Тәуелсіздігі жылы деп бекерден-бекерге жариялаған жоқ. Біз барлығымыз осы Тәуелсіздіктің баянды болуы жолында жұмыс істеуіміз керек. Әрбір қазақстандық азамат осы күнге Тәуелсіздіктің  арқасында жетіп отырғанын терең түсіне алатындай жағдай жасау керек. Түсініп те қалды. Ел іші тыныш болса, отбасымызда да тыныштық орнап, берекеміз кіріп, ұрпағымыздың тағдырына алаңдамайтын боламыз. Ауыл-ауылдарды аралап көріп жүрмін, көше-көшелер тазарып, тал егіліп, шыбық шаншылып, тозған дүниелер жаңарып, елді-мекендердің көркі кіріп қалған. Мұны Тәуелсіздігімізге әркімнің қосқан үлесі деп қабылдауға болады.         «Әріптестеріме қазақша сөйлеңдер деп ескертемін»

Әріптестеріңіздің қазақшасына көңіліңіз тола ма?

– Кейде мен оларға депутаттық сауалды мүмкіндігінше қазақ тілінде жолдауларын ескертемін. «Өзің жаза алмасаң, аудармашының көмегіне жүгін, бұл аптаға дайын болмасаң, келесі аптадағы отырысқа қалдыр, өзің қазақша сөйлей алмасаң, өзгелерінен не сұраймыз?» деймін. Кейде әріптестерім «Реке, сіз ұрыспаңызшы, осы жолғы сауалымды орысша оқиын, кейінгісін қазақша дайындаймын» деп алдын ала айтып кетеді. Жалпы, тілге қатысты айтарым, мектепте қазақ тілін өзге пәндермен тең дәрежеде оқыту, қажеттілік туындату керек. Ағылшын тілін де репетитор жалдап, екі айдың ішінде үйреніп жатыр ғой. Ал қазақ тілін 11 жыл оқыса да білмей шығады. Неге? Демек, тілді дұрыс оқытпаймыз немесе басқа бір себеп бар. Біз өзбек мектептерінде мемлекеттік тілді тереңдетіп оқу бойынша 2003 жылы арнайы жоба енгізгенбіз. Сол жобамен оқытатын «Юсуп Сайрами» деген гимназияны жоба енгізілгенге дейін бітіргендердің 10-15 пайызы мемлекеттік білім грантына ие болған. Ал одан кейінгі, яғни 2008-2010 жылдары мемлекеттік грантқа ие болғандардың қатары 90 пайызға жетті. Бұрын бір бала «Алтын белгі» алса, енді 14-ке жетті. Оқушылар 100 пайыз қазақ тілінде еркін сөйлейді. Осы әдісті ұйғыр, тәжік, орыс тілдерінде дәріс беретін мектептерге енгізу жөнінде Білім және ғылым министрлігіне ұсыныстар жібергенбіз. Тәжік, ұйғыр тілінде оқытатын мектептерге бағдарлама жетті, ал орыс мектептерінде іске асырылмай қалып қойды. Ал мемлекеттік тілді білмей келе жатқандардың негізгі бөлігі осы орыс мектебінің оқушылары. Оларда қазақ тілі қосымша пән ретінде оқытылады. ҰБТ-ның балына да әсер ете алмайды. Сосын қазақ тілін кім ынты-шынтысымен оқысын? Егер дәл осы қалыпта кете беретін болсақ, тілге байланысты ойымыз орындалмайтыны сөзсіз. Енді жалтақтаудың реті жоқ. 2015 жылдан бастап мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді білетіндер ғана қабылданады деген секілді нақты межені заң жүзінде бекітуіміз керек. Оған дейін әлі біраз уақыт бар. Осы уақыт ішінде қазақ тілін үйренбеген адамның өмірінің соңына дейін үйренбесі анық. Үйренгісі келмесе, мемлекеттік қызметке келмей-ақ қойсын. Өзінің кәсібімен шұғылдана берсін. Ал қазіргі тіл үйрету орталығының жұмысы жарамсыз. Мемлекеттің ақшасы босқа шашылуда. Сол орталықтың арқасында Парламентте, Үкіметте, министрліктерде таза қазақша сөйлеген адамды көргенім жоқ.  

Өз ұл-қыздарыңыз, немерелеріңіздің барлығы қазақша сөйлей алатын шығар? 

– Енді сөйлейтіні де бар, сөйлей алмайтыны да бар. Олардың көбі ауылда тұрады, мектеп таңдауға мүмкіндік жоқ. Бірақ, түркі тілдес халықтарда мемлекеттік тілге қатысты аса үлкен мәселе жоқ, үйреніп алу оңай. 

Тәуелсіздігіміздің туы желбірегеніне 21 жыл болды. Тарих үшін қас-қағым сәт саналатын осынау мерзім ішінде еліміз үлкен жетістіктерге жетіп, биіктерді бағындыра білді. Әрине, бұл өркендеу жолында ұлтаралық татулықтың, этносаралық келісімнің қосқан үлесі қомақты. Тіл – ұлттың ұйытқысы, ал ұлттар татулығы – бақ-берекенің кепілі екенін ескерсек, осынау маңызды мәселеде Ассамблеяның алар орны қаншалықты деп ойлайсыз? 

 – Мемлекетіміз Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап Елбасының айтып келе жатқаны – осы татулық пен бірлік, бейбітшілік пен тыныштық. Ең алғашқы жылдары яғни 1992 жылдың желтоқсанында Алматы қаласында Қазақстан халқының бірінші форумын өткізіп, онда жасаған баяндамасында күн тәртібіндегі бірінші мәселе ретінде экономиканы емес, бірлік, татулық, қоғамдық келісім, ынтымақты қойды. Осы мәселе тұрақты болған жағдайда экономикамыз да дамиды, халықтың әл-ауқаты да көтеріледі дегенді айтқаны есімде. Бұл жиынға қатысқан әлдебіреулер «зауыттар тоқтап жатқанда, жалақы, зейнетақы бере алмай жатқан кезде бірінші өндірісті дамытып алмаймыз ба, бірлік бір жаққа қаша ма?» деген әңгімелерді құлағымыз шалғаны бар. Бірақ, Елбасының сол кездегі көрегенділігін бүгін өмірдің өзі көрсетті. Сол жиында «барлық этностарды біріктіретін бүгінгі жиынды форум деп атаймыз ба, Ассамблея дейміз бе, әлде кеңес деген дұрыс па, әйтеуір тұрақты жұмыс істейтін қоғамдық институт құру керек» деген болатын. Елбасы өзіне тән мән-жайды жан-жақты өлшеп, таразылап, салмақтап барып бір шешімге келетін қасиетінен бұл жолы да жаңылмады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында айтқан ұсынысы негізінде 1995 жылы 1 наурызда Жарлыққа қол қойып, бүгінгі Ассамблея құрылды. Оның алдына қойған негізгі мақсаты – елдің бірлігін нығайту. Түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақ астына топтастыру. Осыған байланысты аудандарда, облыстарда түрлі этностық мәдени орталықтар құрылды. Бұл тәжірибенің өте тиімді болғанын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мұны Назарбаев «ноу-хауы» деп те, «қазақстандық модель» деп те атап жатты. Басқа елдер, басқа ұйымдар мұның тәжірибесін өздерінде пайдалана бастады. Әйтпесе Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жан-жағымыздағы мемлекеттерде түрлі келіспеушіліктер, дау-жанжалдар болып жатты. Сонда батыстың бір сарапшылары «бұл жанжал Қазақстанға да келеді» деп болжаған болатын. «Қазақстанда осындай жағдай болса, ел болмайды, өйткені онда тұратын ұлттар саны өте көп» деп сәуегейлік танытқандар да болмай қалған жоқ. Елбасының салиқалы саясатының арқасында, жергілікті ұлт өкілдерінің қонақжай мінезінің, табиғи болмысының, даласы қалай кең болса, жүрегінің де солай кең болуының, бітімгершілік  қасиеттерінің  молдығының арқасында бұл мәселеде келеңсіздік бола қоймады. Түрлі тағдырмен келген өзге ұлт өкілдері Қазақстаннан тұрақты мекен тапты, өзінің Отаны есептеді. Келген адамға жай бермесең, жеп отырған наныңнан бір үзім бөліп бермесең, ол адам бір-екі күннен артық тұра алмас еді. Қазақта ондай болған жоқ. Барлығын бауырына баса білді, көмектесті. 

– Соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында достықты дәріптеу, ынтымақты арттыру жолында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып жүр...

– Иә, расында да, Асқар Исабекұлы облысқа басшылық жасағалы бері татулық төңірегінде жиі мәселе қозғалып келеді. Бірлікті дәріптеу – Елбасының тікелей тапсырмасы. Біз көп жерді аралаймыз ғой, мұндай іс-шара Шығыс Қазақстанда да, Қостанайда да, Павлодарда да, барлық жерде ұйымдастырылып жатыр. Павлодарда Достық үйі ашылып, оған Елбасының өзі қатысты. Қазір, тіпті, Ассамблеяның құрамында ғылыми-зерттеу кеңесі бар. Журналистердің кеңесі құрылды. Ақсақалдар кеңесі де жұмыс істей бастады. Бұл Ассамблея жұмысын одан сайын сапаландыра түседі деген ойдамын.

Мұрағаттан: 24.09.2012

Ислам Әбішев 30 жылдан бергі досы екеуі дауласуда
Мемлекеттік тілді дамыту мәселелері Үкіметте талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу