Арыстық ардагер көшеде қала ма?

Oinet.kz 06-05-2021 1119

...Немене жетістің бала батыр,

Қариялар азайып бара жатыр.

Бірі мініп келместің кемесіне, 

Бірі күтіп әнекей жағада тұр...

Ақиық ақын Мұқағалидың жырындағы осы бір жолдар көбіне 9 мамыр-Жеңіс күні қарсаңында жиі айтылады. Биыл да қайталауға тура келеді. Өйткені онда өмірдің ащы да болса шындығы жатыр. 

Түркістан облысында бүгінде Ұлы Отан соғысына қатысқан 28 майдангер қалған екен. Бар-жоғы 28.  Бұрын ардагері жоқ ауылдар болса, соңғы жылдары олардың қатарына майдангері жоқ аудандар, қалалар қосылды. 

Screenshot_2.jpg

Келер ұрпақтың бейбіт өмірі үшін майдан даласында от пен оқтың ортасында жаумен арпалысқан, тылда еңбек еткен ардагерлер қандай құрметке болса да лайықты. Қариясын жылатпаған, қайта құрмет-ізетін аямаған халық едік. Өкінішке қарай, «бес саусақтың бірдей еместігін» де мойындауға тура келіп отыр.

Өткен аптада «Рейтинг газетінің редакциясына Арыс қаласынан  тыл ардагері Саиб Керимов келді. 86 жастағы қария денсаулығының нашарлығына қарамастан әділдік іздеп жүр.  Қартайған шағымда осылай тентіреп жүремін деп, сірә ол ойламаса керек. 

Саиб Керимов 1935 жылы Әзірбайжанда дүниеге келген. Екі жасында ол отбасымен бірге Қазақстанға қоныс аударылған екен. Соғыс жылдары қаршадай бала шаруашылықтарда жұмыс істеген. Мақта алқаптарында еңбек еткен, ат-арба айдаған. Сол үшін тыл ардагері мәртебесін алған. Ұзақ жылдары тұтынушылар одағында жұмыс істеген. Оған уақтысында Арыс қаласының құрметті азаматы атағы да берілмек болған екен. 

-Атақ берілмесе де мені Арыс қаласының халқы құрметтейді. Бәрі таниды,-деді ақсақал әңгіме арасында. Алайда өмірінің соңғы жылдарында жалғыз қалған қарияға былтырдан бастап тағы бір уайым қосылған. Ол уайым баспанадан айырылып, көшеде қаламын ба деген қауіп. Ардагерді жылы ұясынан айырғалы жатқандар бөтен біреулер емес, өзінің туыстары.

Баспанаға қатысты дау-дамайдың тарихы осыдан отыз жылдан астам уақытқа барып тіреледі. 

-1986 жылы өзім тұрып жатқан баспанам бұзылатын болған соң базардың жанындағы бір тұрғын үйді сатып алдым. Ол кезде бір адамның басына екі үйді тіркету өте қиын болатын. Осы себепті Мақтаарал ауданында жалғыз өзі тұратын енем Инса Алиеваны қолыма алып, баспананы соның атына тіркедім. Енем 1996 жылы қайтыс болды. Оның жалғыз қызы, менің жұбайым Зина Алиева 2002 жылы дүние салды. Сол жылы салық органындағылары «үйді өз атыңызға тіркетіп алыңыз» дегенді айтып жүрді. Алайда мен бұған онша мән бергенім жоқ. Себебі өзім сатып алған үйім, оны менен кім тартып алады деп ойладым. Осылайша уақыт өткізіп жүріп, үйдің құжаттарын үлкен ұлым Гурбан Керимовке бергенім есімде. Ұлым 2007 жылы қайтыс болып кетті. Оның артында келіншегі, бала-шағасы қалды. Мен келініме қолдан келген көмегімді аяғаным жоқ. Жер алып бердім. Кейінірек ол сол жерге бала-шағасымен баспана салып алды. Ол қазір отбасымен сол баспанада тұрады,-деді ақсақал.

Қарияның сөзіне сенсек, ол өзінің тұратын баспанасы базарға жақын болғандықтан коммерциялық нысандар ашуды жоспарлаған. Кейнірек бұл кәсіппен оның келіні айналысқан. Қазір баспананың ішінен ашылған екі ломбард және бір дүкен жұмыс істейді. Ал қарияның өзіне жататын бір бөлме ғана қалдырылған... Ұзын сөздің қысқасы, былтыр қазанда келіні қарияға осыншама жылжымайтын мүліктің жалғыз иесі өзі екенін, бұл үйде өзінен басқа ешкімнің үлесінің жоқтығын мәлім етеді. Осыдан кейін соттасу басталған.

 Қариямен бірге келген адвокат Жәнібек Мұқашевтің айтуынша, 2007 жылы әкесінен баспананың құжаттарын алған Гурбан Керимов өзінің нағашы әжесінің атындағы баспананы мұрагерлік жолмен толығымен өз атына аударып алған. Ол бұл  жөнінде ешкімге ешнәрсе айтпаған.

-Мұның бәрі де заңсыз жасалған. Нотариус мұрагерліктің ашылғаны жөнінде хабарландыру бермеген. Ақыр аяғында Гурбан Керимовке  мұрагерлік куәлігін табыс ете салған. Ал құжаттардың тұпнұсқасы мұрағатқа өткізілмеген. Нотариустың өзі 2009 жылы лицензиясынан айырылып, қызметін тоқтатқан. 2007 жылы Гурбан Керимов қайтыс болған соң оның атындағы баспана оның әйелі Наркиз Керимованың атына мұрагерлік жолмен өтіп кеткен. Қария мен оның екінші ұлы Акиф Керимов  нотариустың берген куәлігін жарамсыз деп тану туралы сотқа талап арыз берді. Алайда Арыс аудандық соты шағымдану мерзімі өтіп кеткен деген негізбен арызды қанағаттандырусыз қалдырды.  Біз сотта нотариусты шақыртуды талап еттік. Алайда ол келген жоқ, соттың оны мәжбүрлі түрде келтіруге қатысты ешқандай шара қолданбағанын түсіне алмадық. Ендігі бар үміт облыстық соттың апелляциялық алқасында,-деді адвокат. 

Дәл қазіргі уақытта қарияның өзі тұрып жатқан баспанасына ешқандай заңды құқығы жоқ. Соңғы кездері келіні оны тіпті үйден шығарып жіберу туралы да мәселе қозғап жүрген көрінеді. 

-Олар тіпті маған «Қызылордадағы жындыханаға өткізіп жібереміз» деген сөзді де айтты,-деді ақсақал. 

 Сотта қарияның келіні Наркиз Керимова баспана отбасының ортақ шешімімен күйеуі Гурбан Керимовке мұрагерлік жолмен өткенін, сол кезде  отбасының әр мүшесі өздерінің  келісімін жазбаша түрде жазып бергенін алға тартқан.  Алайда мұны арызданушылар жоққа шығарады. Оның үстіне сол кезде жазылды деген келісімдердің ешқайсысы да сақталмаған. Себебі жоғарыда айтқанымыздай нотариус тұпнұсқалық құжаттарды уақтысында мұрағатқа өткізбеген. Осының өзінен-ақ бұл істе біраз шикіліктің бары байқалады. Сонда сот шешімді жауапкерлердің құрғақ ауыз сөзімен шығара берген бе? 

Screenshot_4.jpg

-Егер ертең облыстық сот шағымымызды қанағаттандырмаса, маған көшеде қалу қаупі туып тұр. Ондай жағдайда жаназамды кім шығарады?!  Екінші ұлым, «қолыма көшіп кел» дегенді айтады. Алайда өмі бақи тұрған шаңырағымды тастап кеткім келмейді. Менің бар тілегім - әділдікті қалпына келтіру. Мен бұл баспананы о дүниеге арқалап кетпеймін. Мен өлген соң баспана ұл-қыздарым, немерелерімнің бәріне бірдей заңды жолмен мұра болып қалуы тиіс,-дейді қария. 

Облыстық соттың апелляциялық алқасы Арыс аудандық  сотының шығарған шешіміне қандай төрелік айтады? Шешім күшінде қалып, тыл ардагері қартайған шағында  далада қалса, бұл Арыс қалалық әкімдігі үшін де абырой емес. Әрине, әкімдіктің сот ісіне ықпал ете алмайтыны айтпаса да түсінікті. Бірақ қала әкімі, Түркістан облысында қала тізгінін қолға алған алғашқы әйел-әкім Гүлжан Құрманбекова тыл ардагерінің мұң-мұқтажына құлақ асып, қолдан келер көмегін беріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.  

"Рейтинг" газеті, 

6 мамыр, 2021 ж

Ерболат Досаев бензин бағасы не үшін қымбаттағанын түсіндірді
«Батька» өліп қалса... Лукашенко өзінің өліміне қатысты декрет шығарды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу