Оспановтың босбелбеулігінен оңтүстіктің полициясы оңбай масқара болды

Oinet.kz 24-03-2019 959

Screenshot_26.jpg

Ертең қалай боларын кім білсін, бірақ дәл қазіргі таңда шымкенттік жол сақшыларымен заңды сақтауды алға тартып ерегісудің еш қажеті жоқ.  Айтқанына көнесің, көнбесең, бар ғой, инспекторлар өзінің пагонын өзі жұлып тастап, үстіңнен қылмыстық іс қозғатады. «Рейтинг» газетінде бұған дейін жан-жақты жазылғандай Елбасы құқық қорғау органдарының басшыларымен өткізген алқалы жиында осы дерек Бас прокуор Асхат Дауылбаевтың баяндамасында айтылды. Оңтүстіктіктің оңбай масқарасын шығарған біздің жол сақшыларының алдағы уақытта тағы қандай сорақы әрекетке баратынын кім білсін?! Ақордадағы  жиында  Елбасы тәртіп бұзған полицейлерді, басқаларына сабақ болу үшін жұрттың көзінше жазалау керек деді. 

Әлі  есімізде. Қайсыбір жылы да Елбасының қатысуымен өткен  құқық қорғау органдарының жұмысын саралаған осындай жиындардың бірінде  Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасының сол кездегі бастығы,елге есімі кеңінен танымал Молдияр Оразалиевтің аты-жөні сынға іліккен болатын. Іле-шала Оразалиевтің орынтағы шайқалып, атынан ауып түсті. Бұл жолы да жұрт Елбасының жиындағы қатқыл мәлімдемесі оңтүстіктің ішкі істер саласындағы шен таққандарының талайының телпегін теріс айналдыратынына нық сенімді еді. «Елбасының қатаң ескертуінен кейін  облыстық жол полициясының бастығы Артықбек Жапаров қызметінен кетіпті» деген әңгіме бұрқ ете қалғаны да осыдан болар.  Бұл ақпараттың  анық-қанығын білу үшін ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзовамен хабарласқанбыз. Оның айтуынша, Жаппаровты әзірге орнынан қозғап жатқан ешкім жоқ сияқты, қызметін атқарып жатыр. Түсініксіздігі сол,  қарамағындағы қызметкерлері білгенін істеп, бетімен кеткен Жаппаровтың тікелей басшы ретіндегі жауапкершілігі неге «майшаммен» қаралмайды? Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Асқар Оспанов сонда Жаппаровтың жауапкершілігін қатаң қарау жағын жылы жауып қоя салып, Елбасының ескертуін көпе-көрнеу елеп, ескермей отыр ма? Түптеп келгенде оңтүстіктің полициясын оңбай ұятқа қалдырған сорақы тірлікті терең талдай, таразылай келе бірінші басшы ретінде  Оспановтың өзі де отставкаға кетіп жатса ел де, ешқайсысымыз да таңқалмас едік. Облыстық ішкі істер саласының тізгінін ұстаған оның босбелбеулігінен оңтүстіктің полициясы оңбай масқара болды. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегенді атам қазақ қалай дәл тауып айтқан десеңізші. 

Оспановтың басшы ретіндегі осалдығы салдарынан оңтүстіктің полицейлері ойына келгенін істеуге әбден әдеттене бастағаны қынжылтады. Тізбектесең оңтүстіктің полицейлері тарапынан жасалып жүрген сорақы фактілер ащы ішекше шұбатылып шыға береді. Бүгінгі тақырыптан ауытқымау үшін  басқасы былай тұрсын тек жол тәртібі төңірегінің өзінде тілге тиек етер кешірілмес келеңсіздіктер қаншама. Солардың бір-екеуіне ғана қысқаша тоқталайық. Мәселен, полиция подполковнигі Б.Тұрбеков қызметтік көлігін мас күйінде айдағаны үшін екі жыл мерзімге жүргізушілік  құқынан айырылған. Криминалды полиция басқармасының жедел уәкілі Х.Елеусіз «темір тұлпарына» жалған номер тағып алып тайраңдауды жөн санаған, тағысын тағылар. Жұртты тәртіп сақтауға шақырудың, өздері үлгі-өнеге көрсетудің орнына осындай жүгенсіздіккке, жауапсыздыққа, әпербақан әреткетке көптеп баруы «Балық басынан шіриді» деген нақыл сөзді еске түсіреді екен. 

Айтпақшы, күні кеше Атырау облысындағы бір аудандық ішкі істер басқармасының бастығы қарамағындағы қызметкерлерінің қателігі үшін қызметінен босатылғаны ақпарат құралдарында айтылды. Ал біздің оңтүстіктің шалыс басқан полицейлерін жұртқа жария етіп тұрып жазалауды Елбасының нақ өзі тапсырса да оларға жауапты басшылар түк болмағандай ойнап-күліп қызметтің қызығынын көруді жалғастырып жатыр. Бұл да тағы Оспановтың  осалдығынан...

P.S. Жуырда баспасөзде сауалнама қорытындысы бойынша  Алматы қаласы тұрғындарының 64,3 пайызы полицияның қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ете алатынына сенімсіздік білдіргені жария етілді. Тәртіп мәселесі оңбай тұрған Оңтүстікте бұл көрсеткіш қанша болар еді? Сіз қалай ойлайсыз, аса мәртебелі оқырман?

Мұрағаттан: 07.02.2013

Шетелге қашқан қазақстандық шенеуніктер
Жұрттың Ыбырайы Ыбырай, біздің Ыбырай...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу