Жұрттың Ыбырайы Ыбырай, біздің Ыбырай...

Oinet.kz 24-03-2019 1368

Screenshot_29.jpg

«Отызында орда бұзбаған адам, қырқында қамал алмайды» деп атам қазақ қалай көрегендікпен айтқан десеңізші. Былтыр құрылған облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшылығына  Ордабасы ауданы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрген Қайрат Төлебаев тағайындалған кезде осы бір тәмсіл сөз ойға орала кеткен. Идеология саласының қазанында жүрді десек те  Қайрат Төлебаевтың бұған дейін жарқ етіп көзге түскенін, жақсы ісімен елдің аузына жиі ілінгенін көрмеппіз. Жуырда облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың алдында берген есебінде белгілі болғанындай, Төлебаевтың білдей басқарманың бастығы болғаннан кейін де тындырған тындырымды тірлігі жоқ сияқты. Әңгімемізді әріден бастасақ...

Жаңадан құрылған жастар саясаты басқармасына қадау-қадау міндеттер жүктеліп отыр. Өңірлердегі облыс әкімдері осы міндеттердің маңыздылығына мән беріп, басқарманың бірінші басшысын тағайындауда ерекше талғампаздық танытқаны байқалады... Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов таңдау жасауда қателеспеген тәрізді. Қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшылығына танымал жас саясаттанушы, журналист Санжар Боқаевты тағайындады. Ол Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті журналистика факультетін тәмамдап, АҚШ-тағы Колумбия университетінде дәріс алған. Көптеген жаңа жобалар мен маңызды бастамаларды жүзеге асырып, көпшілікті мойындатқан кадр. Қостанай облысында да бұл басқарманың бастығы лауазымына Әлия Сапарова лайық деп табылды. Жасы 28-де. Мамандығы журналист. Диплом алған соң қоғамдық жұмысқа белсене араласқан. Телеарнада жұмыс істеген соң университеттің проректоры, кейін қала әкімінің орынбасары болған. Жастармен жұмыс саласындағы тәжірибесі мен белсенділігі ескеріліп, жаңа басқарманың басшылығына бекітілді. Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «ставканы» Мейірім Қалауи деген азаматқа жасады. 27 жастағы Мейірім 2010 жылы Ресей Президенті жанындағы мемлекеттік қызметтің  академиясын бітіріп, экономика ғылымдарының магистрі атағын қорғаған. Жергілікті телеарна  директорының орынбасары - бас редактор болып жұмыс істеген. Сондай-ақ, "Жас Отан" жастар қанаты Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы қызметін қоғамдық негізде атқарған. Атыраудың идеологиялық кеңістігінде Мейірім өзіндік сөзі, пікірі бар белсенді кадр ретінде таныла бастаған. Бір сөзбен айтқанда, қолынан іс келетін, сенім артуға лайық жас екенін әлдеқашан дәлелдеп қойған. Шығыс Қазақстан облысының әкімі  Бердібек Сапарбаев бұл орынға облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, ішкі саясат басқармасында саяси партиялар және діни ұйымдар бөлімінің жетекшісі секілді қызметтерді атқарып, иделогия саласының қазанында қайнаған жас жігіт Жасұлан Сәрсебаевты отырғызды. Ал 14 пен 29 жас аралығында 770 мыңнан астам жас азаматтары бар Оңтүстік Қазақстан облысында құрылған Жастар саясаты мәселелері жөніндегі  басқарманың тізгіні елуді еңсерген Қайрат Төлебаевқа тапсырылды... Осындайда «Жұрттың Ыбырайы, Ыбырай, біздің Ыбырай...» деген тіркестің ойға орала кеткенін қарасаңызшы. «Біздің Ыбырай» өкінішке қарай, әзірге тек жалпылама, жалаң мәлімет беруден арыға аса алмауда. Есеп беру жиынында облыс әкімі Асқар Мырзахметов «айтып отырғаныңыздың барлығы жалпылама, есеп үшін жасалған дүние, нақты не істедіңіздер?» деген сауалды төтесінен қойғаны да сондықтан болса керек. Қ.Төлебаев ауылды жердегі жұмыссыз жастарды есепке алу, олармен жұмыс жүргізу мониторингін жасау, қылмыспен күрес, оның алдын-алу секілді іс-шараларды дұрыс деңгейде жүргізбеген. Аудан-қалалардың ішкі саясат және жастар орталықтарымен жасалған нақты жоспары да жоқ болып шықты. 

Төлебаев тек сықиған цифрларды көлденең тартумен болды. Құрғақ цифрлармен судан құрғақ шығамын деді ме екен, ол былтыр 15377 жастың жұмысқа орналасқанын мәлім етті. Ауыз толтырып айтуға жақсы болғанымен, әлгі айтылған 15 мыңның тұрақты түрде жұмысқа орналасқандары мыңнан сәл-ақ асады. Мұны да түйреп өткен облыс әкімі қажеті жоқ, пайдасы шамалы шаруамен айналысқанша жұмыссыздықты жоюға көп күш салу керектігін қадап айтты. Жұмыспен қамтылған жағдайда өзге қиындықтарды шешудің де жолы ашылады. Қ.Төлебаевтың өзі мойындағандай, басқарма бүгінгі таңда тәрбиесі қиын жеткіншектерді есепке алумен ғана шектеліп отыр екен. Ал олармен нақты жұмыс басқарма тарапынан әлі басталмаған да. А.Исабекұлының тапсырмасымен қазір барлық аудан-қала орталықтарында кәсіпкерлік мектептері ашылған. Олармен тікелей, тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс басқарма басшысы ол мектептің, тіпті, бағдарламаларымен де танысып үлгермепті. 

Айтқандай, жаңа басқарма болғандықтан, өткен жылы оның бюджеті бар болғаны 15 миллион теңгені құраған. Осы аз ақшаның өзінің 30 пайызы игерілмей қалыпты. Қ.Төлебаевтың түсіндіруінше, 3 749 мың теңге қажетті жиһаздар алу үшін қаралған екен. Алайда, тендерде жеңімпаз деп танылған мердігер өз міндетін уақтылы орындамапты. Сол себепті, былтыр алынуы тиіс жиһаздар алынбай қалған. Сонда бюджеттен бөлінген дайын қаражатқа өз ғимаратына уақтылы жиһаз ала алмаған Қ.Төлебаев облыстағы 700 мыңнан астам жастың қажетін қаншалықты қанағаттандыра алады? Биыл басқарманың бюджеті былтырғыдан он есеге дейін өсіп отыр. 15 миллион теңгені толық игере алмаған басқарма басшысы енді бұл қыруар қаражатты қажетіне қаншалықты тиімді жарата алар екен?! 

...Жас кезінде жалыны жоқ жігіттің, 

Ертең ерлік жасарына сенбеймін. 

Еріксіз еске түскен ақиық ақын Мұхтар Шахановтың осынау жалынды жыр жолдарының астарында үлкен маңыз жатыр. Жастар ұйымы, жастар саясаты, жастардың көшбасшысы дегенде көз алдыңа қазақ жастарына тұлға болған, жастар соншалықты өздеріне жақын тартып, жақсы көргендіктен «Біздің Ғани» деп атаған  Ғани Мұратбаев елестейді... Ал, облыстағы 700 мыңнан астам жастың жұмысын үйлестіретін «біздің Ыбырай»...

Мұрағаттан: 04.02.2013

Оспановтың босбелбеулігінен оңтүстіктің полициясы оңбай масқара болды
Шөкеевті аяқтан шалу кімге керек?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу