Машкевичтің басына күн туды

Oinet.kz 19-04-2022 1587

Телеграм каналында жариялаған мәліметтерге қарағанда, Ақорда жақын күндері атышулы «Еуразия тобына» тиесілі дүниелерді мемлекеттің меншігіне қайтарады. Аталған топтың белгілі бизнесмен, миллиардерлер Александр Машкевич, Патох Шодиев және былтыр марқұм болған Алиджан Ибрагимовке тиесілі екендігі белгілі.  

Screenshot_6.jpg

Дәлірегі мемлекет топқа тиесілі дүние-мүліктерді қайтарып алуды көздеп отыр. Әңгіме топтың тоқсаныншы жылдары заңсыз жекешелендіріп алған кәсіпорындары мен кен орындарына қатысты. 

«Еуразиялық топтың» табысқа жетуіне тікелей Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев ықпал етті. Бұл әу бастан белгілі жайт.  Елбасы әйгілі «үштікке» Павлодар алюминий зауытын, Хромтау ферроқорытпа комбинатын, Соколов-Сарыбай тау-кен комбинатын, Ақсу электростанциясын, Шұбаркөл және Жайрем кен орындарын, басқа да стратегиялық нысандарды жекешелендіруге мүмкіндік берді. Аталған нысандардың активтері төмендетілген бағамен, ал кейбір жағдайларда тиын-тебенге сатылып кетті. Олигархтарға  сол кездегі Ақордадағы, үкіметтегі және жергілікті жерлердегі облыс әкімдері де көп көмектесті. Нәтижесінде «Еуразиялық топ» Қазақстанда ғана емес, әлемдегі ең алпауыт компаниялардың қатарына қосылды. 

Ширек ғасыр ішінде Машкеевич, Шодиев, Ибрагимов салықтық жеңілдіктерді де кеңінен пайдаланды. Бұл жеңілдіктердің арғы жағында сол кезде ақшаға сатылған шенеуніктер тұрды. «Еуразиялық топ» мүшелері әсіресе, Елбасының шарапатын көп көрді. Оны қайтарымы ретінде Елбасы мен оның отбасына арнап Қазақстаннан және шетелден демалыс, ойын-сауық нысандарын салып бергенге ұқсайды. Енді міне, ширек ғасыр сайран салған топтың  басына күн туғалы жатыр. 

Бірақ байлығын оңайлықпен бере салатын Машкевич немесе Шодиев жоқ. Олар қазір Қазақстанның жаңа билігімен тіл табысуға тырысып бағуда. Алайда Ақордадағы ақжағалылар оларды әзірге маңайларына жолатпай отырған көрінеді. 

«Еуразиялық топ» немесе Eurasian Natural Resources Corporation (ENRC) әлемде минералды ресурстарды игерумен айналысатын ірі компаниялардың бірі саналады. Ашық дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, топтың тарихы тоқсаныншы жылдарғы жаппай жекешелендіру кезінен басталады. Қазір компанияның активтері Қазақстанда ғана емес, Қытай, Ресей, Бразилия елдерінде, тіпті Африка құрлығында да бар. 2020 жылғы мәліметтерге қарағанда, топта 85 мың адам жұмыс істесе, оның 65 мыңы Қазақстанда. 

Александр Машкевич Қырғызстанда туған, Қазақстанда байыған, қазіргі уақытта Израильдің азаматы. Әлемдегі ең бай еврейлердің бірі саналады. Ресми мәліметтерде   Машкевичтің Қазақстан мен Израильдің, сонымен бірге Канаданың азаматы екендігі көрсетілген. «Форбстің» тұжырымы бойынша Машкевичтің байлығы 2016 жылы 1,5 миллиард долларды құраған. 

Айтпақшы, атышулы Eurasian Resources Group 2018 жылы  Шымкентті жылумен қамтамасыз ететін жалғыз кәсіпорын «Энергоорталық-3» АҚ-ның 94 пайыз акциясын сатып алған болатын. 

«Бізге мұндай Президенттің керегі жоқ» - АҚШ Байденнен құтылмақ
Қорғаныс министрі Жеңіс парады не үшін болмайтынын түсіндірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу